Су тасқыны қаупі биыл да алаңдатып отыр

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрлан Атығаев журналистерге көктемгі қардың еруі мен өзен суының көтерілуі салдарынан туындайтын су тасқыны қатерінің алдын алу, сондай-ақ, тұрғын үй секторындағы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында қолға алынып жатқан шаралар туралы айтып берді.

Бүгінгі таңда табиғаттың тосын мінезі күн ілгері болжанғанымен, кейбір төтенше жағдайдың алдын алу қиын. Осындайда бірден «апат айтып келмейді» деген халық даналығы еске оралады. Бұған облысымызда соңғы жылдары үздіксіз болып тұратын су тасқыны айқын дәлел. Брифингте облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрлан Атығаев өңірдегі су тасқынының алдын алу бойынша қолға алынған шараларға тоқталды. Оның айтуынша, өткен жылы жаз және күз айларында елді мекендерді су басу қаупінің алдын алу және биылғы жылы апатты болдырмау шараларын жүзеге асыру бағытында айтарлықтай жұмыстар атқарылған. Су басу қаупі бар елді мекендерді қатерден сақтау бойынша жоспарға сәйкес облыстың 12 ауданындағы 43 елді мекенде су тасқынының алдын алуға арналған инженерлік-қорғаныс іс-шаралары жүзеге асырылған. Оның ішінде, 47,1 шақырым су өткізгіш арықтар мен теміржол және республикалық, жергілікті мақсаттағы жолдардың бойындағы су ағызу нысандары кеңейтіліп, тереңдетілді, 5,2 шақырым бөгеттерді жөндеу және нығайту жұмыстары жүргізілді, 4,8 шақырым қауіпті аумақтарға топырақ үйінділері мен бөгеттер тұрғызылды. Аудандар бойынша, 310,3 тонна жанар-жағармай, 9,8 мың тонна инертті материал, 72,6 дана қап әзірленді.
– Су тасқынының қатері Астрахан, Атбасар, Аршалы және Целиноград аудандарында сақталуда. Барлық өңірлерде штаб құрылып, тәулік бойы жағдайды бақылауда ұстау және мониторинг жүргізу жоспарланған. Сондай-ақ, жергілікті органдар тарапынан қажетті техника мен қаржы қарастырылуда. Облыс бойынша 1941 адам мен 797 бірлік техника жасақталды. Оның 246-сы инженерлік техника, 284-і тұрғындар мен олардың мүлкін қауіпсіз жерге көшіруге арналған техника, 75 сусорғыш техника, 156 мотопомпа және 46 суда жүзу құралы, – деді Нұрлан Атығаев.
Департамент бастығы бұдан бөлек, наурыз айының 4-5 күндері «Көктем-2021» республикалық командалық-штабтың оқу-жаттығуы өткізілетінін атап өтті.
Сонымен қатар, брифингте тұрғын үй секторында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында қолға алынып жатқан шаралар туралы да айтылды. Қазіргі уақытта облыс аумағында пешпен жылытуды пайдаланатын халықтың әлеуметтік осал топтарының 6 984 тұрғын үйі есепке алынды. Оларда төтенше жағдайлар саласының қызметкерлері болып, 31 мың адамға өрт қауіпсіздігі туралы нұсқау берген.
Төтенше жағдайлар департаменті жергілікті әкімдіктермен бірлесіп автономды жылыту жүйесі бар үйлерге датчиктер орнату жұмыстарын жалғастыруда. Облыс аумағында көп балалы отбасылар мен халықтың әлеуметтік осал топтарының үйлеріне көміртегі тотығын анықтайтын – 3558 және 10 түтін детекторы орнатылған.
Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Советбек Мағзұмов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар