Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жан тазалығы - АРҚА АЖАРЫ

Жан тазалығы

Ақмола облыстық табиғи ресурстарды және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Айтжан Құсманова өзінің мемлекеттік қызметімен қатар, құдай қосқан қосағы екеуі төрт бала тәрбиелеп өсіруде.

Ол 1972 жылы бұрынғы Көкшетау облысындағы Уәлиханов ауданының орталығында туған. Бақытты балалық шағын өзінің үш ағасымен және сіңлісімен бірге өткізді. Түнгі ұйқысын төрт бөліп, бұларды мәпелеп өсірген анасы Зинаида Айтпайқызы кітапхана директоры болып қызмет етті. Осыдан болар, балалары кітап оқуға құмар болып өсті. Әсіресе, олар Мұхтар Әуезов, Шыңғыс Айтматов сияқты жергілікті және шетел жазушыларының шығармаларын сүйіп оқитын. Әкесі Есболсын ағай саналы ғұмырын сауда саласына арнады. Бас бухгалтер, кейін аудандық тұтынушылар одағының төрағасы болып қызмет етті. Ата-аналары өз қызметіне берілгендіктен, Айтжан балабақшаға үш айында барды. Мектепте география, биология пәндеріне ерекше назар аударды. Кітапты көп оқығандықтан болар, орыс тілі мен әдебиетінен үздік болды.
Мектепті ойдағыдай бітірген соң өзі армандаған Көкшетау медициналық училищесіне оқуға түседі. Еңбек жолын бұрынғы Ленин аудандық санитарлық-эпидемиологиялық станциясынан бастайды. 1997 жылы тұрмысқа шығып, Көкшетау қаласына қоныс аударады. Көкшетау облыстық санитарлық-эпидемиологиялық станциясына жұмысқа ауысып, коммуналдық нысандар саласының экологияға тигізетін зиянын, атмосфералық ауа мен ауыз судың сапасын тексерумен айналысады. Сөйтіп, Айтжан Құсманованың экология саласына деген қызығушылығы туындап, А.Мырзахметов атындағы университетін ойдағыдай тәмамдайды. Одан әрі 2008 жылы Ақмола облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасында экологиялық реттеу бөлімінің басшысы қызметін атқарды.
–Бізге түскен жобаларды сараптаумен айналыстық. Қоршаған ортаға зиян келтірмейтін жобаларға рұқсат бердік. Нысандардың және құрылыс жобаларының бәрін экологиялық сараптамадан өткіздік. Бұл нысандардың барлық экологиялық талаптарға сәйкес келетінін анықтап, эмиссияға рұқсат бердік. Эмиссиядан түскен қаржы облыстық бюджетке құйылады. Бұл қаржыға қоршаған ортаны сауықтыратын табиғатты қорғау шаралары жүргізіледі. Мәселен, 2020 жылы облыстық бюджетке 3 миллиард 331 миллион теңге қаржы түсті. Оның 58 пайызы табиғатты қорғау шараларына жұмсалды. Қоршаған ортаның эмиссиясына рұқсат алу үшін 1515 өтініш материалы түсті. Өткен жылы 1304 рұқсат берілді, 121-і кері қайтарылды. Бүгінгі күні жаңа Экологиялық кодекс жасалды, ол 2021 жылдың шілдесінде өз күшіне енеді. Кодексте эмиссиядан бюджетке түскен қаржы 100 пайыз табиғатты қорғау шараларына бағытталады делінген. Бүгінгі күні қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны мен су қоймалары ауадай қажет,–дейді Ақмола облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Айтжан Құсманова бізбен әңгімесінде. Ол экологиялық реттеу және су ресурстары бөлімдерінің жұмысына жауап береді. Экологиялық реттеу бөліміне 431 жоба түсіп, 392-нің қорытындысы шығарылыпты, 51 жоба кері қайтарылған екен. Эмиссияның мағынасы автокөлік түтінімен, лай сумен, қатты тұрмыстық қалдықтармен күрес дегенді білдіреді. Осы орайда, әр кәсіпорынның эмиссияға рұқсаты болуы тиіс.
–Ақмола облысының аумағында 111 өзен мен уақытша жиналатын су қоры, 494 көл, 12 су қоймасы, 54 су бөгеті, 5 гидроторабы, 16 дамба бар. Судың лайланбауының, қоқыстанбауының және құрғап қалмауының алдын алу мақсатында суды күзету аумағына және бекітілген антропогендік ықпалға түсетін негізгі су нысандарына жолақ орнату бойынша жұмыс жүргізілуде. Мәселен, 2008 жылы өңірдің 25 өзеніне, 30 көліне, 5 су қоймасына, 5 су бөгетіне су күзету аумағы мен жолағы орнатылды. 18 су нысаны конкурстық негізде пайдалануға берілді. Облыста 96 гидротехникалық нысан есепке алынған екен. Оның 20-сы «Казводхоз» республикалық кәсіпорнының, 68-і коммуналдық кәсіпорынның балансында, 7-уі жеке меншік иелігінде. Иесі жоқ бір гидротехникалық нысанды әділет органына есепке қою бойынша жұмыс жүргізілуде. «2021-2023 жылдары су тасқынына қарсы шаралардың Жол картасын бекіту туралы» бұйрықты орындау барысында Ақмола облысында 9 шара жоспарланды. Қазір осы шаралар бойынша жобалық-сметалық құжаттама жасалды,–дейді басқарма басшысының орынбасары.

Бүгінгі таңда Айтжан Есболсынқызы мемлекеттік қызметпен бірге, құдай қосқан қосағы Руслан Құсманов екеуі 1 ұл, 3 қыз тәрбилеуде. Руслан Біржан сал ауданының Заозерный селосында орналасқан Алматы фирмасы филиалының «Өркен-Атансор», «Қазақ Алтын» кәсіпорындарында кен қойнауын жарушы болып еңбек етеді. Жарылғыш заттардың қоймасы бұрынғы «03» елді мекенінде орналасыпты. Бүгінгі күні «Қазақ алтын» кәсіпорыны ашық түрдегі пайдалы кен қойнауын тапқан екен. Отбасының ұйытқысы болып отырған Айтжан Құсманова өз қосағының қауіпті жұмыстан аман келуін тілеп отырады.

Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген
Советбек МАҒЗҰМОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар