Сайраның игі істері

Кәсіп ашып, табысқа жету қай кезде болсын адамның іскерлік қабілетінің жоғары екенін көрсетеді. Ал, енді кәсібінен тапқан нәсібін туған жерінің, халқының игілігіне жұмсаудың бағасы одан да зор. Біз бүгін қолынан келгенше осындай игілікті іс жасап жүрген Ақмола облыстық мәслихатының депутаты, кәсіпкер, меценат Сайра Матайбаева жайында қалам тербемекпіз.

Сайра Әйтенқызы Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданының тумасы. Тарбағатай тауының бөктерінде туып өскен ол облысымызға отағасының қызмет бабымен қоныс аударыпты. 2003 жылы елордамызға іргелес Қосшы ауылында үй салып, сонда тұрақтап, кәсіптерін ашқан. Кәсіпкерлік демекші, кейіпкеріміз 1993 жылдан бері осы салада. Институт бітіргеннен кейін тек бір жыл жоғары оқу орнында экономика пәнінен сабақ беріп, одан кейін бизнесті жөн көрген.
–90-шы жылдары бизнесті оқытатын курстар жоқтың қасы болатын. Әлбетте, егемендік алған мемлекетіміз бұл кезеңде небір қиындықтарды бастан кешірген еді. Көптеген зауыт, фабрикалар жабылып, ғимараттар жекеменшікке өтті. Өндірісті іске қосу, отандық өнімді шығару жайлы айтудың өзі қиын болатын. Сондай нарықтық экономика жайлы түсінік онша қалыптаспаған кезеңде әр жұмыстың шетінен ұстап, өзімді барлық рөлдерде сынап көрдім. Арман қуып Алматыға аттанып, бір мезетте туристік, фармацевтикалық бизнес ашып, сонымен қатар, баспа компаниясында жұмыс істедім. Шет елдерге шыққанда елге үнемі «өз Отанымда брендке айналатын өнім шығарсам» деген арманмен, шабытпен оралатынмын. Астанаға қоныс аударғанда жылдар бойы жинаған тәжірибемнің арқасында өзімнің жиһаз шығаратын жекеменшік компаниямды ашып, арманыма қол жеткіздім. Бүгінде бірнеше компанияның құрылтайшысымын. Әр компанияда өзінің сайланған директорлары бар. Солардың қызметін ұйымдастырып, алдарына міндет қойып, қадағалаймын. Шыны керек, қазіргі заманда оңай жұмыс жоқ. Бәрін тиянақты атқару үшін жұмысымды алдын ала жоспарлап аламын. Германияда, Англияда және өзіміздің Қазақстанда бизнес саласы бойынша білімімді жетілдірдім, – деген кейіпкеріміз бүгінде жиһаз және жиһаз бұйымдарын өндіретін және жасайтын «KAZYNA-SR» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры. Қазақстандық ірі өндіруші ретінде индустрияландыру картасына енген. Сонымен қатар, қазақстандық жиһазшылар қауымдастығының пәрменді мүшесі болып табылады.
Жоғарыдағы кәсібінен тапқан нәсібін туған жеріне, халқының игілігіне жұмсаудың бағасы зор деген сөзімізді Сайра Матайбаеваға қаратып айтқанымыз тегін емес. Меценат 500 миллион теңге бөліп, Қосшы ауылында 600 балаға арналған мектеп салып берді. Бұл өз кезегінде ауылдағы үш ауысымдық білім беру мәселесін шешуге зор септігін тигізгені анық. Бүгінгі таңда аталған мектепте балалар тегін білім алуда. Онда жоба бойынша әдеттегі оқу сыныптарынан басқа, ағылшын тілін тереңдетіп оқытуға арналған 12 кабинет, әртүрлі секциялар мен үйірмелер жұмыс істейді. Сонымен қатар, кәсіпкердің қаражатына Қосшы ауылында бұрын-соңды болмаған медициналық қызмет көрсететін емхана, 30 жұмысшыға арналған баспана тұрғызылды. Кәсіпкердің басқа да қайырымдылық істердің басы-қасында жүретіні өз алдына бөлек әңгіме. Осы уақытқа дейін жалпы сомасы 50 миллион теңгеге қайырымдылық көмегі көрсетілген екен. Осы айтып отырған игі істердің барлығын Қосшы ауылының көзі қарақты тұрғындары жақсы біледі. Кейіпкеріміздің үнемі елдің қамын ойлап, тұрғындардың мәселелерін шешуге талпынып жүретінінен де хабардар. Сол үшін уәкілетті органда өздерінің сөзін сөйлейтін, мәселелерін қозғайтын сенімді адамдарының болғанын қалап, Сайра Әйтенқызына депутаттыққа түсіңіз деп қолқа салып, кандидатурасын ұсынған екен.
Осылайша Сайра Матайбаева 2016 жылы халықтың қалауымен Целиноград аудандық мәслихатының депутаты болып сайланады. Бес жыл бойы ауыл адамдарымен тығыз байланыста жұмыс істеп, жергілікті халықты толғандырған мәселелерді шешуге атсалысты. Мәслихат сессияларында, тұрақты комиссия отырыстары мен депутаттық сауалдарында аудан және өз сайлау учаскесі үшін әлеуметтік маңызы бар мәселелерді көтеріп жүрді. Ал, биылдан бастап ол «Nur Otan» партиясының атынан облыстық мәслихатқа депутат болып сайланды.
Сайра Әйтенқызы Қазақстанның «Үздік адамдар» атты халықаралық энциклопедиясына, «Арманға бастай отырып» Қазақстанның көрнекті әйелдері қатарына кірген. Былтыр «Жомарт жүрек» облыстық байқауының «Жыл тұлғасы» аталымында лауреат атанды. «Қайырымдылық керуені» республикалық байқау-акциясының лауреаты. «Жомарт жан», «Шапағат», «Сауап», «Ауыл еңбегі үшін» және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Ісіне адалдығы үшін» медальдарымен марапатталған.
–Жеке бизнесіммен қатар, қоғамдық жұмыстармен де айналысамын. Ол үшін ақша төленбесе де, туған жеріміздің қоғамдық өміріне белсене араласуымыз қажет. Өйткені, бұл елде біздің балаларымыз, немерелеріміз өсіп келеді. Сондықтан, қоғамдық жұмыстарға да үлкен жауапкершілікпен қарап, еліме пайдамды тигізуге талпынамын, – деген Сайра Әйтенқызы биылдан бастап құрамына өңіріміздің 200-ге жуық кәсіпкер әйелдері кіретін Ақмола облысының іскер әйелдер қауымдастығын басқарады. Кәсіпкерлікте тәжірибесі мол, шет елдерде, атап айтсақ, Жапония, Австралия, Швейцарияда өткен «Іскер әйелдердің жаһандық саммитіне» қатысқан кейіпкеріміздің бұл істі де ұршықтай иіріп, қауымдастықтың жұмысын алға бастыратынына сеніміміз мол. Бұдан бөлек, Сайра Әйтенқызы Қазақстан халқы Ассамблеясының, жекеменшік білім беру ұйымдарының республикалық қауымдастығының мүшесі.
8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында әңгімелескендіктен Сайра Әйтенқызы барша ақмолалық нәзік жандыларды мерекелерімен құттықтап, отбасында бақытты, қызметте табысты болуларын тіледі.
–Өз-өзін дамыту, тұлға ретінде қалыптастыру, сүйікті ісімен айналысу секілді істермен қатар, әйел адамның өмірге келгендегі маңызды бір міндеті – тұрмысқа шығып, бала сүю. Неше жерден іскер әйел болсам да, мен үшін отбасым әрқашан бірінші кезекте тұрады. Мені қолдап жүретін асыл жарым, төрт балам және бір немерем бар. Барша аналарды, қыз-келіншектерді шуақты көктеммен бірге келетін 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесімен құттықтаймын! – дейді кейіпкеріміз. Біз де осы ақ тілекке қосыламыз.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Қосшы ауылы,
Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар