Елді алаңдатқан жай

Облыс орталығындағы №1  орта  мектепте Көкшетау  қалалық білім бөлімінің ұйымдастыруымен «Жасөспірімдердің аутодеструктивті әрекеттері мен суицидтің алдын алу» атты тақырыпта дөңгелек үстел болып өтті.
Шараға қалалық прокуратураның қызметкерлері, педагог-психологтар мен ата-аналар комитетінің өкілдері қатысты. Жиында алғашқы болып сөз алған қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары Жәния Дондағұлова суицид қоғамды алаңдатып отырғанын атап өтті. Үстіміздегі жылы Көкшетау қаласы бойынша екі оқушы өз-өзіне қол жұмсапты. Ал, 2014 жылы алты жасөспірім суицид жасаған. Қазір барлық мектептер педагог-психологтармен жүз пайыз қамтамасыз етіліп отыр.
Келесі болып мінберге шыққан №19 орта мектептің педагог-психологы Анаргүл Құрмашева оқушылардың психологиялық тұрғыдан сау болуын әртүрлі әдістер арқылы білуге болатынын тілге тиек етті. Оның сөзіне жүгінсек, барлық мектептерде психолог әр оқушыны қазан, наурыз айларында жан-жақты тексеріп, белгілі бір жағдайдағы оның әрекетін бақылайды. Егер керек болған жағдайда психологиялық диагностиканы тағы бір мәрте өткізеді екен. Бұдан соң баяндама жасаған  №4 орта мектептің педагог-психологы Ирина Терентьева суицидтің алдын алу мақсатында жүргізілетін шаралар жөнінде әңгіме өрбітті. Дөңгелек үстел барысында аталған мәселеге қатысты   тағы да бірқатар мамандар өз ойларын ортаға салды.
Отырыс соңында жасөспірімдерді қоғамға бейімдеуге септігін тигізетін кеңестер берілді.

Ырысгүл КЕНЖЕБЕКҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар