НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат — Әлемде коронавирус пандемиясының басталғанына бір жыл толды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл жайында Қазақстан Президенті Twitter парақшасында еске салды.
«Бір жыл бұрын ДДСҰ пандемияның басталғанын жариялады. Содан бері Қазақстан бүкіл әлеммен бірге көптеген қиындықты бастан өткерді. Мемлекет азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау үшін пәрменді шаралар қабылдады» деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter парақшасында.
Оның айтуынша, төтенше жағдай кезінде табыссыз қалған тұрғындарға қаржылай және басқа да көмек берілді.
«Біз береке-бірлік пен өзара қолдаудың арқасында өршіген індетті еңсердік. Бірақ дерттің қатері әлі де сейілген жоқ. Вирусты вакцинация арқылы ғана түбегейлі ауыздықтай аламыз. Барша отандастарымызды ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеуге шақырамын» деп түйіндеді сөзін Мемлекет басшысы.https://www.inform.kz/kz/pandemiyanyn-bastalganyna-1-zhyl-prezident-indetti-tek-vakcinaciya-arkyly-zhenetinimizdi-aytty_a3762872