Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ұлттық Ұланның әскери институты оқуға шақырады - АРҚА АЖАРЫ

Ұлттық Ұланның әскери институты оқуға шақырады

Отан алдындағы борышты өтеу әрбір қазақстандық ер азаматтың міндеті. Жалпы соңғы кезде әскерге баруға құлықсыз жастар қатары көбейіп келеді. Осы орайда бар ғұмырын әскери саламен байланыстырған адам ретінде мен өскелең жастарды Отанға қызмет етуге шақырамын. Қазақстан Республикасы Ұлттық Ұланының әскери институты – Ұлттық Ұлан офицерлерін даярлайтын білім ордасы. Мен сол ордалы оқу орнынының түлегімін. Қазіргі таңда Көкшетау қаласындағы 5510 әскери бөлімінде қызмет етіп жүрмін.

Мені бала кезден ағаларымыздың әскери киімін киіп, кеудесіне медальдар мен төсбелгі таққаны мені қатты қызықтыратын. Соларға ұқсап әскери киім жүрсем екен деген арманым бар болатын. Кейін ержетіп, 11 сыныпты аяқтаған соң, құжаттарымды ойланбастан, Петропавл қаласындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Әскери институтына тапсырдым. Берілген сынақтардан сүрінбей өтіп, 1 курстың курсанты атандым.

Сөйтіп, бала кезімдегі арманым орындалып, Петропавл қаласындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық Ұланының Әскери институтына оқуға түстім. Ол өңіріміздегі Ұлттық Ұлан офицерлерін даярлайтын жалғыз білім ордасы. Әскери институтқа əскери қызмет өткермеген, оқуға түсетін жылы он жеті жасқа толған, бірақ, жиырма екі жастан аспаған азаматтар қабылданады. Сонымен қатар, əскери қызмет өткерген азаматтардың жəне мерзiмдi əскери қызмет өткерiп жүрген əскери қызметшілердің жасы жиырма төрт жасқа дейін болуы керек. Тағы бір екпін түсіре айта кететін жәйт, жиырма бес жасқа толғанға дейін келісiм-шарт бойынша əскери қызмет өткерiп жүрген əскери қызметшiлер аталмыш білім ордасында өз біліктіліктерін шыңдай алады.

Қазақстан Республикасы Ұлттық Ұланы әскери институты Ұлттық Ұланның офицерлерін 7 мамандық бойынша даярлайды. Атап айтсақ,  Ұлттық ұланға тактикалық басшылық, тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстарға тактикалық басшылық, әскерлерді инжинерлік-техникалық қамтамасыз етуге тактикалық басшылық, әскерді ракета-артиллериялық қамтамасыз етуге тактикалық басшылық, Ұлттық ұланды автомобильдік қамтамасыз етуге тактикалық басшылық, Ұлттық ұланды тылмен қамтамасыз етуге тактикалық басшылық, Әскердің команда тактикалық байланысы. Әскери оқу мекемесіне қабылдау конкурстық негізінде 4 кезеңде жүзеге асырылады. Әскери институттың курсанттарының санатынан үміткерлерді қабылдау ЖОО қабылдау комиссиясы конкурстық негізінде  оның рейтингісіне сәйкес, ҰБТ балдарын қосқанда жиынтығы және физикалық даярлығы бойынша орташа балымен есептеледі. Конкурс өткізу кезінде бірдей көрсеткіштер болған жағдайда қабылдануға төмендегі санаттағылар қабылдануға құқығы бар. Жетім балалар және ата-ана қорғауынсыз қалған балалар,    Әскери дайындық бойынша қосымша бағдарлама бойынша білім алу ұйымның түлегі, қаза болған, әскери қызметін өтеу кезінде үс-түссіз жоғалып кеткен немесе әскери қызметін өтеу кезінде мүгедектік алған әскери қызметшінің балалары, «Алтын белгі» белгісімен наградталған түлектер, Халықаралық олимпиада және конкурстардың жеңімпаздары.

Өзім курсант бола жүріп, білім ордасында курсанттардың толыққанды офицер болып, дамып-жетілуіне барлық жағдай жасалғандығын нық сеніммен айта аламын. Әскери институт жоғары білім беру бағдарламасын оқытуды 4 жыл мерзімінде жүзеге асырады. Оқу мерзімі бойы курсанттар үш мезгілі тегін тамақтанумен, ақшалай үлес, киім-кешек жабдығымен, қажетті оқу әдебиеттерімен қамтамасыз етіледі. Жыл сайын емтихан мен сынақтарды сәтті тапсырған курсанттар мен тындаушыларға (жазда 30 тәулікке және қыста 14 тәулікке) каникулдық демалыс беріледі. Жазғы кезекті демалысқа барып келу жолақысы тегін. Әскери институт түлектеріне «лейтенант» әскери атағы беріледі, білім беру бағдарламасына сәйкес әскери іс және ұлттық қауіпсіздік бакалавры академиялық дәрежесі, жоғары әскери оқу орнын аяқтағаны туралы диплом және белгілі үлгідегі кеуде белгісі табыс етіледі. Әскери институттың түлектері әрі қарай қызметті өтеу үшін Қазақстан Республикасының облыс орталықтары мен қалаларында орналасқан Ұлттық Ұланның әскери бөлімдеріне және Қазақстан Республикасының басқа да әскери құрылымдарына жіберіледі. Сондай-ақ Б, С1 санаты бойынша жүргізуші куәлігін алуға мүмкіндік бар. Шыны керек, әскери қызметте жүргендердің ең басты қызықтыратыны, ол – ерте жаста зейнетке шығу.

Мен қазіргі таңда Қазақстан Республикасының Ұлттық Ұланы 5510 әскери бөлімінің офицерімін. Еліміздегі әскери бөлімдерді қызмет атқарып жатқан офицерлерге әлеуметтік тұрғыда жасалып жатқан көптеген жеңілдіктер бар. Ең алдымен әскери қызметшілердің ақшалай еңбекақысы жоғары деп айтуға болады. Биыл офицерлердің жалақысы 23 пайызға көтерілді. Алдағы үш жылдың ішінде офицерлердің жалақысы 70 пайызға көтерілмек. Қазіргі уақытта елімізде әлеуметтік тұрғыдағы басты мәселе – баспана мәселесі. Бұл тұрғыда да әскерилер үшін көп көмек көрсетілуде. Әскери қызметші және оның отбасы мүшелерінің бәріне тұрғылықты жері бойынша тұрғын үй төлемақысы төленеді. Егер әскери қызметші басқа қалаға ауысса, әскери қызметшінің өзіне және отбасы мүшелеріне көтермеақы төленеді. Сонымен қатар, әскери қызметші сырқаттанып қалса, әрбір емделген күндеріне жалақысы жүре береді, сондай-ақ, әскери қызметші және оның отбасы мүшелері үшін бөлімнің медициналық пунктіндегі дәрі-дәрмек тегін беріледі.

Бұдан басқа, жыл сайынғы демалыс кезінде екі айлық жалақы мөлшері есебінде сауықтыруға арналған жәрдемақы төленумен қатар, айлық жалақы да төленеді. Әскери қызметшілер үшін тағы да бір өзекті мәселе – балаларын балабақшаға және мектептерге орналастыру. Бұл мәселе де әскерилер үшін оңтайлы шешімін тауып отыр. Әскери қызметшілердің балалары мектепке дейінгі және орта білім беру мекемелеріне кезектен тыс қабылданады.

      Сол себепті де кәмелеттік жасқа толған азаматтарды Отан алдындағы борыштарын өтеуге, сонымен қатар, Ұлттық Ұланның әскери институтына оқуға түсіп, әскер қатарында еңбек етуге шақырамын.  

 Данияр ТОҚТАРОВ,

 Қазақстан Республикасының Ұлттық Ұланы «Орталық» өңірлік қолбасшылығы 5510 әскери бөлімінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар бөлімшесінің бастығы, майор.  

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар