Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Шынайы шапағат шуағы - АРҚА АЖАРЫ

Шынайы шапағат шуағы

Сан талай тар жол, тайғақ кешуді басынан өткерген халқымыздың болмысындағы ғажайып қасиеттің бірі – жатты да жарылқап, бауырына тартатын ізгі пейілі. Жалпақ әлемді жаман тұмау жайлап, жан алқымнан алып тұрған кезде адамдардың бір-біріне қол ұшын беруі, қамқорлық көрсетуі, періштедей қос қолтығынан демеп, жебеуі Наурыз мейрамында да ерекше ауызға алатын тақырып.

Бүгінгі таңда облыста 86 еріктілер ұйымы жұмыс істейді. Оның ішінде жас толқындардың үлесі мол болуы үлбіреген үміт отын маздатып, көңіл қуантады. Облыстық білім беру және кәсіби-техникалық білім саласында 800 оқушы мен білім алушы біріктіретін 33 жасақ бар. Шын мәнінде бұл өте үлкен күш. Олардың 80 проценттен астамы Қазақстанның «Ұлттық еріктілер желісі» жүйесіне кіреді. Әрбір еріктілер орталығы 7 бағыт бойынша тыңғылықты жұмыс істеп, әр саланы тегіс қамтуға ұмтылуда. Қамқорлық аясында көмек-жәрдемге мұқтаж 24444 адам қамтылып, оларға жалпы құны 13,9 миллион теңгені құрайтын демеушілік көмек көрсетілді. Әншейінде біз бұл көмектің құнын ақшалай мөлшерлеп қана қоя салуымыз мүмкін. Шынтуайтында, оның астарында жаныңда жүрген адамдарға деген жүрек жылуы, көңіл демдейтін ізгі ниет жатқандығын айта кетсек те артықтығы болмас. Өзгеге көмек қолын созуға ұмтылып тұрған жанашыр жандардың ішінде жас толқынның болуы, болып қана қоймай, өздері де осы иманды іске бел буа кірісіп, қолдарынан келген көмек-жәрдемдерін көрсетіп жатуы тамаша көрініс. Күні ертең осы жастар мейір мен пейілге мелтектей сусындап, қолы ашық, жүрегі жылы, ниеті дұрыс азамат болып өседі.
Өңірдегі осы бағыттағы іске саралай көз салатын болсақ, ауыз толтырып айтуға әбден лайықты тәп-тәуір шаруалар қолға алынған екен. Мәселен, облыс бойынша өткен жыл ішінде 552 қайырымдылық шара ұйымдастырылып, 26649 адамды қамтыған. Қолы қысқа, әлеуметтік жағынан аз қамтылған 12121 отбасына, мүмкіндігі шектеулі адамдарға көмек көрсетілген. Тіпті, үйлеріне таза ауыз су да жеткізіп берген. Атам қазақтың «қысылғанда аузыңа су тамызатын адам болсын» дейтін тілегінің орындалған тұсы ма дерсің. Жаңағы жанашырлар жаман тұмаудың жан тітіркентер шағында 45360 литр ауыз су жеткізіпті. Оған қоса 1571 азық-түлік себетін қоса тапсырған. Біздің өңірдің өзіндік ерекшелігі бар, қысы қатты. Атан түйені алып жығатын ақырған аязымен қоса, ат құлағы көрінбейтін ақ түтек бораны да аз емес. Биыл да қар қалың болды. Аулаларды басып қалды. Қарға адым жер мұң болып отырған мүмкіндігі шектеулі адамдарға таңсәріден тырбанып ауланы қалың қардан тазалаудың өзі титығына тиетін азапты жұмыс. Мектеп оқушылары мен колледждерде білім алатын жалынды жастар жүздеген аулаларды тазартып, аға буынның алғысын алған. 162 мәрте материалдық көмек көрсетіліпті. Жоғарыда ауа райының қатері көп екендігін айттық. Жол үстінде көлігі сынып, қарға кептеліп, қатер аузында қалып жатқандар да аз емес. Өзгеге дегенде қоң етін кесіп беруге даяр еріктілер жолда қалған 60 автокөлікті қардан аршып, жолаушыларды құтқарыпты. 130 жүргізушіге көмек көрсетілген.
Қайырымды жастар қарттарды ешбір назарынан шығармайды. Жан жылуын себезгілеген көмек алдымен заманында осы қоғамның байлығын еселеуге өлшеусіз үлес қосқан қарттарға көрсетіледі. Өткен жылы жүздеген қарт адамдар жастардың қолғабысын көріп, көңіл демдеген. Оларға 475 мәрте дәрі-дәрмек жеткізіп беріпті. Жаман тұмау қатал сынақ болды. Дерт шеңгеліне іліккендер де еріктілердің жан жылуын сезінді. Ауруханаларға 94 оттегі концентраттары, 4 тонометр, 6 планшет әперілген. Осы іске қалталы азаматтар 49,4 миллион теңге қаражат бөлген.
Облыста республикалық «Біз біргеміз» акциясы аясында «Таза әлем» бағытында бірқатар шаруа атқарылуда. Ауқымды істі қолға алған еріктілер бірнеше ұйымдармен бірлесе отырып, өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға ат салысуда. Ерейментау ауданының еріктілері Көбейтұз және Теңіз көлдерінің маңын тазартып, абаттандырды. Соңғы уақытта бұл жерлерге ат ізін салушылар көп. Келімді-кетімді кісі көп болған соң көл маңын қоқыс басып кету де мүмкін еді. Табиғатқа жанашыр еріктілер көл жағалауларын тазартып қана қоймай, тынығуға келген адамдарға төл табиғатымыздың тамаша көрінісін сақтау – перзенттік парыз екендігін айтып, ұғындырды. Аршалы ауданындағы бірнеше туристік бағыттарда дәл осындай іс жүзеге асырылды. Қорғалжын ауданында да көрікті табиғаттың кескініне түсетін қылаудың алдын алуға жұмыла кірісті. Бірнеше мәрте сенбіліктер ұйымдастырылды. Өткен жылы Егіндікөлдегі агротехникалық колледждің еріктілері жоғарыда аталған акция шеңберінде нәтижелі жұмыс істеді. Елуден астам ерікті туған жердің төсін көркейтуге ат салысып, өз қолдарымен тазалық шараларын тиянақты атқарды. Өңірде жалпы осы тақылеттес жұмысқа үш мыңнан астам еріктілердің қатысқандығын атап айтатұғын болсақ, өз елін, өз жерін жанындай жақсы көріп, оның ертеңіне елеңдейтіні жас толқынның қаулап өсіп келе жатқандығын айқын көруге болады.
Қайырымдылық жасаудың «Qamqor» бағыты бойынша әсіресе, облыс орталығында ауыз толтырып айтуға әбден лайықты шаруалардың жүзеге асырылғандығын айтуға болады. Бұл орайда нақты мекенжай бойынша көптеген шаруалар атқарылды. Еріктілер қолы қысқа адамдардың аулалары ғана емес, пәтерлерін де тазалауға қол ұшын созды. Осылайша 114 отбасына көмек көрсетілді. Жастар ресурстары орталықтары жанашырлық жасаудың айқын үлгісін көрсетті. 2020 жылы Германия Қызыл крест қоғамы Ақмола филиалына 1 миллион 011 мың теңге көлемінде көмек көрсетілді. Осы қаржыға себеттер дайындалды. Қажетті азық-түлікпен қатар гигиеналық құралдар да алынды. Әр себеттің құны шамамен 8220 теңгені құрады.
Жаман тұмау жайлған кезде еріктілер материалдық көмекпен бірге аурудың алдын алу бағытында да қыруар жұмыс істеді. Нақтыра айтатын болсақ, дерт шеңгеліне ілінбеу үшін қалай қорғану керектігін түсіндіріп, облыс орталығындағы көп қабатты үйлер мен жеке секторға құлақтандырулар түріндегі түсініктеме қағаздарын таратты. Бұл да адамдарды арашалау бағытындағы бағалы бастама деп айтуға әбден болады.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар