Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Баскетболшы Кәмила Аманжолова: «Қазақтан спортшы қыздар көп шықса екен деймін» - АРҚА АЖАРЫ

Баскетболшы Кәмила Аманжолова: «Қазақтан спортшы қыздар көп шықса екен деймін»

Қазақ спортында халықаралық дүбірлі додаларда чемпион болып, еліміздің абыройын асқақтатып, беделін өсіріп жүрген арулар аз емес. Жақында Щучинск қаласында қыздар командалары арасында баскетболдан Қазақстан Республикасының қысқы чемпионаты өтті. Осы жарыста Ақмола облысының құрама командасы жеңімпаз, ал, команданың ортаңғы шептегі қорғаушысы Кәмила Аманжолова чемпионаттың үздік ойыншысы атанды.

Қажымұқан атындағы №3 облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдердің олимпиадалық резерв мектебінде тәрбиеленген Кәмиламен сұхбаттасып, әңгімеге тартқан едік.
– Кәмила, сұхбатымыздың әлқиссасын баскетболға қалай келгеніңіз туралы әңгімеден бастасақ…
– Баскетбол ойнына мені ешкім жетектеп, болмаса «мынау жақсы спорт түрі» деп алып келген жоқ. Өзім жүрек қалауымен таңдадым. Бірақ та, осы ойыма ең алғашқы жаттықтырушым Виктория Волкова себепкер болды. Ол мектепте оқып жүргенімде баскетбол секциясы туралы айтып, қыздарды шақырды. Ол жас та болса, үлкен тәжірибесі, өзіндік тактикасы бар жаттықтырушы. Жұмысына жауапкершілікпен қарайды. Ол кісі мені спортшы ретінде қалыптасуыма молынан еңбек сіңірді.
– Бұған ата-анаң қалай қарады?
– Бастапқыда ата-анам онша құптай қоймағанымен, кейін ақ жол тілеп, рұқсатын берді. Қазір менің кішкентай жетістіктеріме осы кісілер бірінші болып қуанады. Өзіме бұл спорт түрі қатты ұнайды. Қазіргі кезде баскетболға қызығушылығым артып, жан дүнием осы спортты қалап тұрады. Менің спортта жоғары жетістіктерден көрінуім де бәлкім, осының арқасы шығар.
– Жаттығу уақыттары қалай өтеді?
– Қазір күніне 3 сағаттан аптасына бес уақыт жаттығу жасаймыз. Ал, бейсенбі және жексенбі күндері дем аламыз. Жаттығу сергітуден басталады және әр ойыншымен жеке жұмыс істеледі. Жаттығудың соңында біз тактикалық қателіктерді талдаймыз.
– Жыл санап ел чемпионатының деңгейі жоғарылап, баскетболшылар да өсіп келеді. Бәсекелестіктен қорықпайсың ба?
– Жоқ. Мен әу баста қайнаған бәсекелестіктің ортасында болатынымды білдім және өзіме сенгендіктен осы жолды таңдадым. Спорт – жарыс, бәсекелестік. Күнделікті еңбек пен жаттығулардың арқасында жетістіктерге жететініме сенімдімін. Ең бастысы, мақсатым айқын.
– Қазақстан жастар құрамасының сапында ойнадыңыз ба? Ойнасаңыз онда ұлттық құраманың артық және кемшін тұстарын айтып өтсеңіз.
– Иә, ойнадым. Жастар құрамасының көп ойындарында сенімділік пен ұстамдылықты жоғалтып аламыз. Кемшілігіміз – сол. Мен ел құрамасының жарқын жеңістерге жететініне, биік жетістіктер мен үлкен белестерді бағындыратынына сенемін. Жалпы, қазақтан спортшы қыздар көп шықса екен деймін.
– Үлгі тұтатын ойыншың кім және ол саған несімен ерекше?
– Маған аргентиналық кәсіби баскетболшы Факундо Кампаццоның ойын өрнегі ұнайды. Оның ойын алаңдағы қимылы мен тактикасы менікіне өте ұқсас.
– Командаңыз әйелдер командалары арасында баскетболдан Қазақстан Республикасының қысқы чемпионатында жеңімпаз, ал, өзіңіз үздік ойыншы атандыңыз. Сол кезде қандай әсерде болдыңыз?
– Әрине, қуанышымызда шек болмады. Бұл біріншіден, ел чемпионаты болса, екіншіден, өзіміздің облыста ұйымдастырылды. Сол үшін намысқа тырысып бақтық. Спорт болған соң, арқаны кеңге салуға болмайды. Әр ойынға жауапкершілікпен келу керек, әр кездесу финалдық ойын деп қабылдануы тиіс. Сонда ғана жеңіс сенің жағыңда. Қазіргі жаттықтырушыларымыз Татьяна мен Виктория Волковалар да бізден осыны талап етеді.
– Есіңізде ерекше сақталған жеңіс пен жеңіліс болған кездесу туралы айтып өтсеңіз.
– Мен үшін ең есте қаларлық ойын – «Каспий» командасымен өткен кездесу. Осы жолы жеңілсек те, ойын бізді қуантты, өйткені, біз тең дәрежеде ойнадық.
– Әңгімеңізге рахмет. Спорттық табыстар тілеймін!
Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар