Тауарды таңбалау – сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың ең тиімді жолы. Үкімет Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен 2025 жылға қарай көлеңкелі экономиканың үлесін 15 пайызға дейін төмендетуге мән беріп отыр.
Тауарды таңбалау елдегі «көлеңкелі экономиканың» үлесін қысқартуға ғана емес, өнімдердің қауіпсіздігін арттыру үшін де тиімді тәсіл. Өйткені, дүдәмал дүниелерден тұтынушының жиі зардап шегетін кезі аз емес. Енді өндіруші мен импорттаушы темекінің әрбір қорабына DataMatrix штрих кодын жабыстыруы керек. Онда өндіруші туралы деректер, өнімнің сериялық нөмірі, тексеру коды шифрланған.
–Былтырғы жылдың қазан айынан бері темекі түрін таңбалауды бастап кеттік. Темекі өнімдерін таңбалау арқылы заңсыз тауар айналымын азайтуға болады. Бұл тұтынушыларға өнімнің қауіпсіздігіне кепілдік береді, ал, өндірушілер мен кәсіпкерлер үшін заңды бәсекелі ортаны қалыптастырады. Бүгінгі таңда Ақмола облысы бойынша Ресей мен Қырғызстаннан заңсыз елге жеткізілген 3000 қорапқа жуық темекіні анықтадық. Тәртіп бұзғандарға айыппұл салынды,–дейді облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің бөлім басшысы Ержан Шүлембеков. Бұл ретте Президент бизнесін адал жүргізіп отырған кәсіпкерлердің мүддесін қорғауды және олардың жұмысына жөнсіз араласуға жол бермеуді тапсырды. Экономист Сапарбай Жұбаев Мемлекет басшысының сөзімен келісе отырып, кәсіпорындарды жекешелендіру мәселесінің де өзекті екенін айтты.
–Мемлекеттік кәсіпорындарды жекешелендіргенде ғана сыбайлас жемқорлықтан құтылуға болады. Өйткені, бұрынғы жүйе жемқорлыққа итермелеп, мемлекеттік меншіктегі кәсіпорындардың кірісін қалтаға басуға жол ашады,–дейді экономист Сапарбай Жұбаев. Сондай-ақ, осы жаңашылдықтың нәтижесінде нарықтағы өндірушілер мен кәсіпкерлер үшін адал бәсекелестікке жол ашатын орта қалыптасады. Мемлекет үшін де пайдасы зор. Алдымен қазынаға түсетін салықтық түсімдер көбейеді. Әрі нарықтағы мемлекеттік бақылауды ұйымдастыру шығындары азаяды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.