Облыс әкімі актив жиналысында Көкшетау қаласының жаңа әкімін таныстырды

Өткен бейсенбі күні облыс әкімі Ермек Маржықпаев Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің және қалалық мәслихат депутаттарының келісімі негізінде өзінің өкімімен Көкшетау қаласының әкімі болып тағайындалған Бауыржан Сейітқалиұлы Ғайсаны қала активіне таныстырды.

Облыс басшысы алдымен, осы лауазымға Бауыржан Ғайсаның кандидатурасын бір ауыздан қолдағандары үшін қалалық мәслихат депутаттарына алғысын білдірді. Одан әрі облыс орталығын әлеуметтік-экономикалық жағынан дамыту тұрғысында Мемлекет басшысының алға қойған тапсырмалары туралы айта келіп, атқарылуға тиісті жұмыстарды саралап өтті. Осы міндеттерді шешуде жаңадан тағайындалған қала әкіміне зор сенім білдірілді.
–Бұған дейін осы қызметте болған Амангелді Смайыловқа атқарған жұмысы үшін рахмет айтамын. Облыс орталығы болғаннан кейін Көкшетау қаласының дамуы аймақтың дамуына тікелей байланысты. Жаңа әкім біраз жерде қызмет атқарды, сыннан өтті. Сондықтан, Көкшетаудың дамуына бар күш-жігері мен тәжірибесін жұмылдырады деп сенемін. Ең бастысы, бәріміз бірлесіп жұмыс істеуіміз керек. Осы ретте, қала тұрғындарының жағдайын жақсарту, ол үшін әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер салу, инфрақұрылымды жақсарту мәселелері ұдайы назарымызда болады, – деп атап өтті Ермек Маржықпаев.
Актив жиналысында облыс әкімінің сөзін қолдаған Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев қаланың бұрынғы әкіміне алғыс білдіре келе, жаңа әкіммен бірлесіп жұмыс істейтіндіктерін жеткізді.
Бұдан әрі облыс басшысы бірінші кезекте атқарылуға тиісті жұмыстарға тоқталды. Соның ішінде ең бастысы, облыс орталығында көктемгі су тасқынына жол бермеу, осыған қатысты жұмыстарды жедел де ширақ атқару және биылғы қысқы жылу беру маусымын ойдағыдай аяқтап шығу. Ауа райы жағдайларына байланысты жылу беру маусымының мерзімі созылуы да мүмкін.
Қала әкімі несиелік және жалға берілетін тұрғын үй құрылысына, әсіресе, биылғы жылдың соңына дейін пайдалануға берілетін осындай үйлердің уақытында салынып, тапсырылуына баса назар аударуы тиіс. Көкшетау қаласының облыс орталығы мәртебесі ескеріле отырып, қаланы абаттандыру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту, автожолдарды, аула аумақтарын салу және жөндеу, Индрустрияландыру картасының шеңберінде өнеркәсіп секторына инвестициялар тарту басты жұмыс бағыттары болып қала бермекші.
Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар