Вакцина – коронавирустың алдын алу мүмкіндігі

Жұрттың көкейінде жүрген «вакцинаның пайдасы бар ма?», «екпе алса да COVID-19-бен қайта ауырып қалуы мүмкін бе?» деген сұрақтарға әлеуметтік желіде санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев пікір білдірді.

– Вакцинация 400 жылдан астам уақыт бойы адамзатты шешек, оба сияқты қауіпті, өлімге әкелетін аурулардан қорғап келеді. Қазақстанда соңғы 30 жылда эпидемиялық паротитпен сырқаттаушылық 870 есеге, «В» гепатитімен сырқаттану 150 есеге, көкжөтелмен сырқаттану 7,3 есеге төмендегені байқалады. Қазір полиомелит, дифтерия, сіреспе, қызамық сияқты жұқпалы аурулар өте сирек кездесетіндіктен ұмытыла бастаған. Вакцинаны әзірлеу және клиникалық зерттеу кезінде анықталған тиімділік «Спутник V» вакцинасы бойынша 91 пайыз шамасында. Екпе алғандар арасында ағзаның жекелей ерекшеліктеріне байланысты кейбір адамдарда толыққанды иммунитет деңгейі қалыптаспауы мүмкін. Бірақ, екпе алғандар инфекция жұқтырып алса да асқынбай, жеңіл түрде өтеді екен.
Қосымша айта кететін нәрсе, вакцинация алғаннан кейін адамдарда спецификалық иммунитет тек 12-14 күннен бастап түзіле бастайды, – дейді маман. Сәуірде елге осы індетке қарсы вакцинаның анағұрлым үлкен партиясы жеткізілуі жоспарланып отыр. Осыған орай, халық арасында тіркелген емханалары бойынша жаппай вакцинация жүргізілуі тиіс.
Ақпан айында басталған вакциналау науқаны кешегі күнге дейін, яғни, 2021 жылдың 25 наурызындағы ақпарат бойынша коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші компонентімен 107 341 адам, екінші компонентімен 20 504 адам егілген. Коронавирусқа қарсы екпе алғандардың абсолюттік саны бойынша
Алматы қаласы, Түркістан мен Алматы облыстары көш басында.

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар