Биыл қаңтардың ортасында Бурабай аудандық полиция бөлімі ардагерлер ұйымының төрағасы, отставкадағы милиция майоры Қуат Мырзахметов мерейлі 70 жасқа толды.
Ол 1951 жылы бұрынғы Көкшетау облысында дүниеге келген. Мамандық таңдауға сол кезде Володар ауданы Казанка ауылында учаскелік милиция инспекторы болып жұмыс істеген ағасы әсер етіпті. Мектепті бітіргеннен кейін Венгрияның оңтүстік әскер тобында танкіші болып қызмет етті. КСРО Ішкі істер министрлігі Қарағанды жоғары милиция мектебін бітіріп, 1972 жылы Щучье аудандық ішкі істер бөлімінің учаскелік инспекторы қызметіне қабылданады.
Қуат Мырзахметовтың кәсіби тәжірибесі мол. Әр жылдары учаскелік инспектор, қылмыстық іздестіру уәкілі, аудандық ішкі істер бөлімі кезекші бөлімінің бастығы болып жұмыс істеді. 1997 жылы құрметті демалысқа шықты. Алайда, зейнетке шыққаннан кейін де белсенді өмірлік ұстанымы бар азамат жұмысын әрі жалғастырды. Қуат Мырзахметұлы үш жыл адвокат, одан кейін күзет ұйымының бастығы болды.
2001 жылдан отставкадағы милиция майоры Бурабай аудандық полиция бөлімінің ардагерлер кеңесін басқарады. Бүгінде ұйым құрамында 252 адам бар. Кейіпкеріміздің тынығуға уақыты жоқ, жұмыс қайнап жатыр. Ардагердің кеудесінде 1,2,3 дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін», «Милиция үздігі», «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің құрметті ардагері» медальдары жарқырайды.
Әлдеқашан зейнет демалысына шықса да, Қуат Мырзахметов қоғамдық жұмыстарда белсенді болуын тоқтатқан жоқ. Бурабай аудандық полиция бөлімінің бастауыш ардагерлер ұйымын басқарады. Ұйым құрамындағы ардагерлерге әлеуметтік көмек көрсетіп, хал-жағдайларын біліп отырады. Ардагерлердің аудандық полиция бөлімі басшылығымен және жеке құрамымен кездесулерін ұйымдастырады. Оның тәртіп сақшылары алдында беделі зор.«Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің өмірінде отбасы үлкен маңызға ие. Үйде тыныштық пен тәртіп болған кезде полиция қызметкері жақсы жұмыс істей алады. Ең бастысы – өз жұмысын білу және оны лайықты орындау», – деген мерейтой иесі өмірлік серігімен бірге ұл-қыз тәрбиелеп, немере-жиендерінің қызығына бөленуде. Осындай абыройлы ел ағасына зор денсаулық пен ұзақ ғұмыр тілейміз!
Әсем ӘБДІКӘРІМОВА,
Ақмола облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің маманы.