Әркімнің мазалаған өз сауалы бар, соған орай жауабы да бар

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев облыстық әкімдікте азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, кейбір сұрақтарды сол арада шешті, ал, бірқатарын заң аясында қарау керектігін айтты. Қоғамдық қабылдауда көтерілген мәселелердің дені тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтер алу сияқты бірқатар әлеуметтік мәселелерді қамтыды.

Өңір басшысының алдына мәселе көтеріп келген жандардың бірі Ақмола облыстық «Чернобыльдің аса қауіпті аймақтарында болған мүгедектер мен ардагерлер одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Марат Жетеров. Марат Қоқашұлының айтуынша, қазіргі таңда Чернобыль АЭС-індегі апат зардабын жоюға қатысқан өңірімізде 427 ардагер бар екен. Бірлестік төрағасы ағымдағы жылы аталмыш апаттың орын алғанына 35 жыл толуына орай, бірқатар іс-шара өткізуді жоспарлап отырғандарын жеткізді. Сонымен қатар, 9 мамыр – Жеңіс мерекесі қарсаңында берілетін әлеуметтік төлемдер мәселелері де сөз болды. Өңір басшысы көтерілген мәселелердің барлығы оң шешіліп, Чернобыль апатының 35 жылдығы тиісті деңгейде атап өтілетінін баса айтты.
Облыс әкімінің алдына Андрей Арешета да үміт арқалап келді. Ата-анасынан ерте айырылып, жетімдер үйінде тәрбиелеген Андрей бұл күнде өзі де жалғызбасты әке атанып отыр. Тұрғын үй кезегінде тұрғанымен, әлі күнге ата-ана қамқорлығынсыз қалған бала ретінде баспанамен қамтамасыз етілмеген. Өзі облыс орталығында жиһаз фабрикасында еңбек етеді. Қалада пәтерді жалға алып тұрып жатыр. Облыстық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының берген дерегіне сүйенетін болсақ, Андрей тұрғын үй кезегінде 2017 жылдан бері тұрса керек. Қазіргі таңда кезекте 673-ші болып тұр. Андрейдің басты мәселесінің бірі – кішкентай қызын балабақшаға орналастыра алмай жүрген көрінеді. Сайт арқылы баласын тізімге қойғанымен, әлі күнге кезекте 111-ші екен.
Осы орайда, облыс әкімі тиісті сала басшыларына міндет жүктеп Андрейге қолұшын беруді тапсырды. Жиында белгілі болғанындай, Андрейдің қызы Виктория өздері тұрып жатқан аудандағы «Болашақ» балабақшасына орналастырылатын болды.
Қоғамдық қабылдау кезінде онлайн байланысқа шыққан Щучинск қаласының тұрғыны Тимур Нұрсайынов болса, Бурабай ауданында жыл бойы жұмыс істеп тұратын мұз айдынының жаңа жобасын таныстырып өтті. Кәсіпкер өз сөзінде өңір басшысына аталмыш жобаны мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында жүзеге асырғысы келетінін баса айтты. Осы орайда, облыс әкімі мәселені әлі де ширату керектігін айта кетіп, тиісті сала басшыларына аталмыш жобаны тереңірек зерделеуді тапсырды.
Қабылдауға келген Сымбат Құрманбаева болса, Тайтөбе ауылының тұрғыны екен. Сымбат Бопанқызы өзі төрт баланың анасы бола тұра, жетімдер үйінен тағы бір жауқазынды бауырына басып, тәрбиелеп отырған абзал ана. Көп балалы ана өңір басшысының алдына өзі қамқорлыққа алған Темірлан Ғалымжанұлын баспанамен қамту мәселесі бойынша келген екен. Көп балалы ананың айтуынша, Темірлан 2018 жылы Тайтөбе ауылындағы тұрғын үй кезегінде тұрған. 2020 жылы кезекті Целиноград ауданының Қосшы ауылдық округіне
ауыстырса керек, осыған байланысты кезек жылжыған көрінеді. Темірлан Тайтөбе ауылында тұрғын үй кезегі бойынша 1-ші болып тұрса, қазіргі таңда тізім бойынша 37-ші болып қалған көрінеді. Өңір басшысы бұл мәселенің заң аясында шешілуі керек екендігін баса айтты.
Қоғамдық қабылдауға видеобайланыс арқылы шыққан Целиноград ауданы Қараөткел селолық округінің қоғамдық кеңес төрайымы Динара Әбдірахманова ауылдағы бірқатар әлеуметтік-экономикалық мәселелерді ортаға салды. Өңір басшысы өз кезегінде қабылдауда айтылған барлық мәселелер назарда болатынын айтып, тиісті сала басшыларына нақты міндеттер жүктеді.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар