Ольга Босенко – «Қаражонның» бас агрономы

Қызылсай ауылдық округінің тұрғыны Ольга Босенко еңбек жолын есепші лауазымынан бастаған. Аға буыннан алған тәжірибесін жетілдірмек ниетпен А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетіне оқуға түсіп, оны агроном мамандығы бойынша тәмамдады. Қазіргі таңда ауылдағы «Қаражон» серіктестігінде бас агроном болып жеті жылдан бері жұмыс істеп келеді.

Ольга әріптестері арасында зор беделге ие. Оны жанындағылар өз ісіне аса жауапкершілікпен қарайтын ыждаһатты, ізденімпаз, адамгершілігі жоғары адам ретінде бағалайды.
– Ер адамдармен қатар, еңбек ету оңай-оспақ шаруа емес. Алғашқы кезде қиын болды. Әсіресе, көлік жүргізе алмай қиналатынмын. Ол жұмысты да меңгеріп алдым. Қазіргі таңда жұмысымды ширатып, әбден меңгеріп алдым. Осы орайда, мені қолдаған, әр сәтті ісіме қуанып, ақылын қосып қолпаштаған ұжымдағы аға буынға айтар алғысым шексіз. Жасырары жоқ, бастапқы кезде ұжымдағы ер адамдар менің қызметіме таңырқай қарайтын. Кез-келген ер адам әйел адамның қарамағында істегісі келмейтіні анық. Әсіресе, аға буын жас келіншектің нұсқауына құлақ ассын ба? Осындайда ең алдымен кәсіби білім қажет. Алғашқы жылдары осындай қиындықтарға тап болғаным рас. Кейін ұжымға сіңісіп кеттім, бұл күнде бәріміз бір үйдің адамындай боп кеттік. Өзім де бас агрономмын деп қарап қалмай, уақытпен санаспай өзгелермен қатар иін тіресе жұмыс істеуге тырыстым, – дейді Ольга Владимировна.
Көктемнің әр күні жылға азық екені рас. Қыс көрпесі қыраттан сырғып жатқан тұста, өңіріміздегі диқан қауымы егін даласына шығудың қарекетіне қам жасап жатыр. Қоймадағы тұқымын сұрыптап, техникасын түгендеп, соқасын сайлап жатқан ел тұрғындары қызу еңбек ортасынан табылуда. «Еңбек етсең, емерсің» деген емес пе?! Жердің жайын, егіннің бабын білетін диқаншылар көк шыға бастаған шақтан қоңыр күзге дейін тыным таппайды. Осындай қызу еңбектің бел ортасында жарқайыңдық агроном Ольга Владимировна жүретіні айқын.
– Межелі міндетті ойдағыдай жүзеге асыру үшін уақытпен санаспаймыз. Әсіресе, жауапты істің басы-қасында тұрған соң, барлық істі назарда ұстау керек. Кейде қарбалас тірліктің, тынымсыз жұмыстың ортасында жүріп, отбасындағы жағдайларға да көңіл бөлуге уақыт тапшы болып қалады. Осындайда отбасың түсіністікпен қарағаны абзал.
Айта кетуіміз керек, Ольга Владимировна білікті басшы, білімді ұйымдастырушысы ғана емес, шаңырақтың шырайын келтіріп отырған аяулы ана. Бойжеткен қызы да ауылдағы серіктестікте мал дәрігері болып жұмыс істейді.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Жақсы ауданы.

 257 Total Views,  2 Views Today

By Арқа ажары

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар