Көкшетау қаласының жаңа әкімі БАҚ өкілдерімен кездесті

«Достар» мәдениет сарайында Көкшетау қаласының жаңадан тағайындалған әкімі Бауыржан Ғайса өңіріміздегі бұқаралық ақпарат құралдары басшыларымен және республикалық телеарна мен мерзімдік басылымдардың меншікті тілшілерімен кездесу өткізіп, облыс орталығының әлеуметтік-экономикалық дамуы, өз жұмысының бағыт-бағдары туралы ойларын ортаға салды, журналистердің ой-пікірлерін тыңдап, қойған сауалдарына жауап берді.

Жиын барысында қала әкімі журналистердің қоғам алдындағы орны ерекше екендігін атап өтіп, халық пен биліктің бағытын бір арнада тоғыстыру секілді абыройлы міндетті арқалаған бұқаралық ақпарат құралдарының еңбегіне алғыс білдірді. Өз кезегінде жиынға жиналған БАҚ өкілдері әлеумет, білім, экономика салаларындағы көкейтесті мәселелерді қозғады. Кездесуде Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінің редакторы Қайырбай Төреғожа облыс орталығының келбетіндегі назар аударуды тілейтін кей мәселелерді қозғап, Центральный шағын ауданындағы үлкен спорт алаңының халық жаяу жүретін, жүгіретін айналмалы жолын қыста түскен қардан арнайы техникамен тазартып отыру проблемасын көтерді.
Ал, «Хабар 24» теларнасының Ақмола облысы бойынша меншікті тілшісі Дамир Шайдаров болса, әрбір сала басшысының журналистермен тікелей қарым-қатынаста болып, ақпараттық шектеулерге жол бермеу қажет деген ұсынысын алға тартты. Сонымен қатар, жиын барысында журналистер тарапынан Көкшетауда Қазақстан-Ресей өңіраралық ынтымақтастығы форумы қашан өтеді деген де сауал қойылды. Қала әкімінің айтуынша, еліміздегі пандемияға байланысты форумның өтетін нақты күні әлі белгілі емес.
– Жасырары жоқ, форум аясында облыс орталығында қыруар шаруа жасалды. Қопа көлінің жағалауы абаттандырылып, жаңа «Болашақ» сарайы бой көтерді. Мұның барлығы халық игілігі үшін жасалып жатқан шаралар. Сондықтан да, алдағы уақытта өңірімізде осындай айтулы шара өтетін болса, нұр үстіне нұр болар еді. Ал оның қай күні, қай мезгілде өтетіні әлі нақты белгілі емес, – деді бұл орайда қала әкімі.
Кездесу барысында әлеуметтік желіде неше күннен бері қызу талқыға түсіп жатқан Әуелбеков көшесіндегі №82 үйдің ауласында орналасқан спорттық ойын алаңының орнына тұрғын үй салмақшы болған кәсіпкерге тұрғындар қарсылық танытып жатқаны туралы тараған бейнекөрініс төңірегінде де сөз болды.
– Бұл мәселе заң аясында шешілетін болады. Біз заңға қарсы әрекет жасай алмаймыз. Мен қалалық мәслихат депутаты болған кезімде осы спорт алаңының құрылысының басы-қасында жүрдім. Футбол алаңын жасау үшін орын тауып, балалардың салауатты өмір салтын қалыптастыруы үшін жағдай жасадық. Осы кезде ешбір адам мен сол жердің иесімін деп айтқан жоқ. Енді міне, жылдар өткен соң сол жер учаскесінің иесі бар екендігі анықталып отыр. Тіпті бұл жер 2008 жылы сатылып кеткендігі белгілі болды. 2008 жылдан бері бұл жер телімінің 3 қожайыны ауысқан. Халық арасында түрлі қауесеттер тарап жатыр. Бұл жерде ашып айтатын бір жай, биліктің бұл мәселеге ешбір қатысы жоқ. Бүгін сол жер телімінің қожайынымен кездестім. Қазіргі таңда келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Билік қашанда халықтың жағында болатыны анық, – деді бұл сауал төңірегінде де қала әкімі.
Кездесу барысында журналистер қала әкіміне басқа да сұрақтар қойып, өзара пікір алмасты.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген
Советбек МАҒЗҰМОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар