Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Ләззат Рамазанова Ақмола облысына жұмыс сапарымен келіп, облыстық әкімдікте өңірдің қоғам белсенділерімен отбасы институтын нығайту және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері туралы жиын өткізді.
Бұл кездесуге Ақмола облысы әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Эльвира Әзімова мен Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның хатшылық меңгерушісі Назгүл Сағындықова қатысып, сөз сөйледі.
Жиынды ашып, жүргізіп отырған Айна Мысырәлімова осыдан бірер ай бұрын Мәжілісте кері қайтарылған «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасы біздің облыста да азаматтардың қызу талқысына түскенін, тұрғындардан әлеуметтік желілер арқылы заң жобасын Парламенттің қарауынан алып тастау туралы көптеген ұсыныстар келгенін айтты. Көпшіліктің өтініш-тілектерін ескере отырып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл заң жобасын алып тастау туралы шешім қабылдаған болатын. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы 2021 жылдың 21 қаңтарында «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасы қоғамда қызу талқыға түсіп жатқаны өте орынды екенін, өзекті мәселелер кеңінен талқылануға тиіс екенін жеткізіп, заң жобасының нормаларын мұқият қарауды, азаматтардың пікірлерін ескеруді тапсырды. Осыған орай, қазір өңірлерде отбасы институтын нығайтуға, отбасылық құндылықтарды сақтау және тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған заң нормаларын жетілдіру мәселелеріне қатысты қоғам өкілдерінің ұсыныстарын талқылау бойынша кездесулер өткізілуде.
Халық қалаулысы Ләззат Керімқұлқызы өз сөзінде Ақмола облысы аталған заң жобасына байланысты алғашқылардың бірі болып өзіне хабарласқанын, сонда айтылған ұсыныстар республикалық онлайн конференцияда талқыланғанын айтты.
–Бүгінде «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасы Мәжілістің қарауынан алынып тасталғанымен, тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі күн тәртібінен түскен жоқ. Тұрғындар арасында кез-келген зорлық-зомбылыққа қатысты нөлдік төзбеушілікті насихаттауымыз керек. Жуырда еліміздің Ішкі істер министрі өз сөзінде зорлық-зомбылықтың 80 пайызы отбасында орын алатынын атап өтті. Аталған заң жобасы шыққанда 87 мың адам осы заң керек деп петицияға қол қойса, 22 мың қоғам белсендісі заңның қабылдануына қарсы болды, – деген Мәжіліс депутаты аталған заң жобасы алтыншы шақырылған Мәжілістің қарауына енді түскен, яғни, әлі соңына дейін редакцияланбаған күйінде халыққа жария етілгенін, одан кейін сегіз ай бойы жұмыс тобы заңды талқылау бойынша өте қызу жұмыс жүргізгенін, заң жобасын нақтылау кезінде көбіне азаматтық қоғамның ұсыныстары назарға алынғанын, Үкіметтің келісіміне жіберілгенде әлеуметтік желілерде қызу талқыланған, қоғамның наразылығын туғызған тұстар заң жобасынан алынып тасталғанын айтты. Сол себепті, халық қалаулысы облысымыздағы азаматтық қоғам белсенділеріне отбасы институтын нығайтуға бағытталған жаңа заң жобасы әзірленіп, талқылауға түскенде ұсыныстарды дұрыс шоғырландыруға кеңес берді. Айта кетейік, алдағы уақытта елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы жаңа заң жобасы әзірленбекші және ол ең алдымен отбасы инс-титутын нығайтуға бағытталады.
Қазақстан Республикасының Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Эльвира Әзімова алдыңғы заң жобасының халықтың қарсылығын тудырған тұстарына жеке-жеке тоқталып, адам құқығы тапталғанда әдет-ғұрыпқа сүйенуге болмайтынын, баланы ата-анадан ешкім жайдан жай тартып алмайтынын мәлімдеді. Әйеліне әлімжеттік көрсеткені үшін айыппұл салу және бірнеше күнге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындау соңғы кезде өзінің тиімділігін жойған көрінеді. Сол үшін жаңа заң жобасында жазаның басқа түрлерін қарастыру ұсынылуда. Кездесу барысында облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі, отставкадағы судья Ғайша Сыздықова, «Ана үйі» қоғамдық қорының үйлестірушісі Құралай Жұмабекова және басқа да қоғам белсенділері алдағы уақытта әзірленетін жаңа заң жобасына қатысты өз ұсыныстарын жеткізді.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.