Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Еріктілер өздерін таныта білуде - АРҚА АЖАРЫ

Еріктілер өздерін таныта білуде

Дүниежүзін дүрліктірген аты жаман індет былтыр наурыз айында біздің елге де келіп жетті. Пандемияның салдарынан халқымыз әлеуметтік, материалдық жағынан қиындыққа, карантин сияқты біраз тосын жағдайларды бастан кешті. Осы кезде жер-жерде адамдардың ауызбірлігі, қамқорлығы мен бір-біріне деген ізгілік шарапаты нығая түсті десек қателеспейтін шығармыз. Соның айғағындай, Сандықтау ауданында да ғибраты мен өнегесі мол еріктілер қозғалысы етек жайды.

Жақсылықтың бастау бұлағы «Қайырымды істер» марафоны 14 селолық округте ұйымдастырылды. Аудандағы жастар істері жөніндегі ұйымның мамандары жетекшілік еткен жалынды жастардан құралған топтар әрбір елді мекенде топтасып, бір мақсат, бір мүдденің төңірегінде өнегелі істер атқарды. Ізгі ниетті жас толқын алдымен тыл еңбеккерлеріне, қолы қысқа қарияларға, әлеуметтік жағынан аз қамтылғандарға, мүмкіндігі шектеулі адамдарға көмектесті. Демеушілердің дем беруімен әзірленген азық-түлік себеттерін, індеттен қорғанатын медициналық сақтандыру құралдарын, дәрі-дәрмектер жеткізіп берді.
Жақсылықтың жалауы тіктелген, барша жұртты адамгершілікке бастаған алуан түрлі қайырымдылық акциялары, форумдар мен экологиялық сенбіліктер өткізілді. Ауданның еріктілері ең алдымен коронавирустың зардаптарымен күресуге жұмылдырылды. Емі беймәлім дерттің алдын алуға бағытталған, сақтандыру шаралары жазылған үнпарақтарды таратты. Үйлерінен ұзап шыға алмайтын, емханада созылмалы сырқаттарына байланысты тіркелген қарттардың дәрі-дәрмегін апарып берді. Ешкім назардан тыс қалмауы үшін аудан аумағын қамтып, бірнеше мәрте рейдтер жүргізді. Осы ретте, жанға жылу сыйлайтын парасат пен асқақ адамгершілікке бастайтын 800 іс-шара өткізілгенін атап өткен жөн. Алақандай аудан үшін аз дүние емес. Өткен жылдың өнегелі істері түйінделген форум барысында жастардың атқарған жан жадыратар шаруасы екшеліп, өзгелерге өнеге болып өріліп, үлгі болып айшықталып, алдағы жылы атқарылуға тиісті ауқымды жоспарлары да бекітілді.
–Ел жастарының осы бір тіршілігі қашанда көңілге медеу. Атам қазақ «аштықта жеген құйқаның дәмі аузыңнан кетпейді» деген. Әрине, ашығып жатқан ешкім жоқ, тек бірлік мағынасында айтып жатқаным ғой. Осындай өнегелі жастар, кісіге көмек беруге дайын тұратын ізбасарлары бар елдің іргесі ешқашан сөгілмейді, –дейді аудан ақсақалы Марат Ыдырысов.
Қиын сәтте халыққа қол ұшын берген жастардың еңбегі ескерілмей қалған жоқ. Аудан әкімдігі жақсылық жасауда айрықша көзге түскен жастарды, белсенді ұжымдарды Құрмет грамоталарымен марапаттаған. Ұлағатты істерге ұмтылғандарын өзгеге өнеге етіп, көрсеткен. Бұл орайда, Сандықтау және Лесное селолық округтері бірінші орынға ие болса, Максимовка, Каменка селолық округтері екінші орынды еншілепті. Ауыз бірлігі мықты Жамбыл, Бірлік селолық округінің еріктілері үшінші орыннан көрінген. Ал, Новоникольск селолық округтерінің жастары жыл ішінде атқарған жан-жақты жұмыстары үшін бас бәйгеге лайық деп танылған.
–Ел жағдайын ұдайы қадағалап отырсақ та, осындай уақытта еріктілердің белсене шығып, көмек көрсеткендігі өте жарасымды. Жастардың бойында елжанды жақсы қасиеттің мол екендігін көргенде, елдің ертеңге деген сенімі де нығая түседі, – дейді аудан әкімі Ербол Жүсіпбеков.
Көктемнің ең қауіпті мәселесі – қарғын су. Ауыл жастары ел ішіндегі жалғызбасты қарттардың аулаларын, елді мекеннің жолдарын қардан тазалауда. Топырақ жіпсігеннен кейін қызыл су жүретін арық қазбақшы. Өткен жылдары қызыл су ауданның бірнеше елді мекендерін басып қалған болатын. Сол бір ащы сабақты жақсы білетін ел жастары қазір көктемгі сынақтан бірлесіп өтуге жұмылуда.
Адамға жақсылық жасауды парызым деп санайтын жастар ағымдағы жылдың алғашқы тоқсанында-ақ жүзге жуық қайырымдылық шарасын өткізіп үлгерген екен. Оның ішінде жаңа жылдың алғашқы күндері серпін алған «30 қайырымдылық іс» акциясы бойынша ауылдастарының көкейінде жүрген күрделі сұрақтардың шешімін табуға ұмтылған. Ел ішінде шаруа таусылмайтыны белгілі ғой, біреуін аяқтасаң, екіншісі сабақтасып шыға келеді. Бірақ, елім деген жастар қарбаласқан тіршіліктің тінін бекітуге жарап-ақ тұр. Сондықтан, аға буынның кейінгінің келісті шаруасын елдің болашағымен байланыстыратыны орынды.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар