«Қазақта Асар жасап, бір-біріне көмектесіп, қолдау көрсету дәстүрі бар. Оның волонтерлікпен үндесетіні сөзсіз. Сондықтан алдағы жылы сол дәстүрді заманға сай қайта жаңғыртуымыз қажет»
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
«Nur Otan» партиясының Ақмола облыстық қоғамдық қабылдауында Ақмола облысының Әділет департаментімен бірлесіп «Әділет кеңес береді» атты акциясы болып өтті.
Партиясы облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Ақманат Әлімбетованың төрайымдығымен өткен іс-шарада Ақмола облыстық заң консультанттары палатасының заң кеңесшісі Ақылбек Әмірханов, Ақмола облыстық адвокаттар алқасының адвокаты Талғат Иманалин, әкімшілік бөлімінің басшысы Динара Ыбыраева, Ақмола облысының жеке сот орындаушыларының аумақтық палатасының басшысы Жанар Әбілқасымова, Көкшетау қаласының жеке нотариусы Наталья Чернявскаялар қабылдауға келген тұрғындардың өтініш-тілектерін тыңдап, заң аясында құқықтық көмек көрсетті.
Осылайша «Әділет кеңес береді» атты акциясына қатысып, құқықтық көмек сұрап келген Көкшетау қаласының тұрғындарымен қоса, онлайн форматта Степногорск қаласы Бестөбе ауылы, Ақкөл, Бұланды, Егіндікөл, Жақсы, Зеренді, Қорғалжын аудандарының тұрғындары да өздерінің түйіткілді мәселелерін алға тартты.
Акция кезінде сот төрелігінің құзыретіне атқарушылық іс жүргізу мәселелері бойынша жеке және мемлекеттік сот орындаушылары, нотариустар мен адвокаттар қызметі, халыққа заң қызметі, зияткерлік меншік, тіркеу қызметі мәселелері басты назарда болды. Сондықтан, сот орындаушылары, облыстық әділет департаментінің өкілдері, нотариус және адвокаттар қатысқан акцияда он екі адамға құқықтық мәселелер бойынша консультациялық көмек берілді.
Елдегі эпидемиялогиялық жағдайға байланысты бірқатар сұрақтар онлайн түрінде келіп түсті. Кеңес сұрап келгендердің мәселелері әртүрлі бағытта болды. Мәселен, бірі алимент өндіру бойынша келсе, енді бірі тұрғын үйді жекешелендіру, бала асырап алу, еңбек ақысын уақытында ала алмау, заңсыз жұмыстан шығару мәселелері бойынша көмек сұрап келген тұрғындардың үміттері үзілмеді. Қайта сол қабылдауда көмек сұрап келген барлық тұрғындарға құқықтық көмек беріліп, өздерінің қамыққан көңілдері аз да болса көтеріліп шыққандар қоғамда адамшылық қасиеттің жоғалмағанына куә болып жатты. Өйткені, акция барысында кеңес берген құқық саласының мамандары келушілердің өтініштерін тыңдап қана қоймай, өздеріне хабарласып, тегін көмек алуларына да мүмкіндік туғызылды.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.