Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – әр азаматтың міндеті

Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов үш күндік жұмыс сапары барысында Ақмола облысының Шортанды, Атбасар, Жақсы, Есіл аудандарында және Степногорск қаласында болып, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөнінде алға қойып отырған міндеттерінің орындалуы бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Азаматтарды жеке мәселелерімен қабылдады. Жұртшылықпен кездесу барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы республика бойынша атқарылып жатқан ауқымды істер және заңдылықтағы өзгерістер туралы айтты. Қоғамды алаңдатып отырған жемқорлықпен күресу барша қазақстандықтардың міндеті екенін атап көрсетті.

I. Облыстық әкімдіктегі әңгіме

Облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен облыстық әкімдік жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның отырысы болып өтті. Бұл жиынға Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары Алексей Калайчиди қатысып, сөз сөйледі.

Отырысқа облыстық басқармалар мен департаменттердің басшылары, облыс әкімі аппаратының қызметкерлері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Отырыста сөз алған Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов біздің өңірімізге үш күндік жұмыс сапары барысында алдымен Шортанды, Атбасар, Жақсы, Есіл аудандары мен Степногорск қаласында болғанын, Ақмола облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің аумақтық жеке құрамымен кездескенін айта келіп, қатысушыларды маңызды заңнамалық жаңашылдықтар туралы хабардар етті. Жалпы, өңіріміздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы атқарылған жұмыстарына қанағаттанарлық баға беріп, аудан әкімдеріне ризашылығын білдіріп, болашақта да бірлесе жұмыс істеуге шақырды.
Комиссия отырысында Ақмола облысы бо-йынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Мұрат Төлеубаев баяндама жасап, бірқатар орын алған мәселелерге тоқталды. Сонымен қатар, отырыста Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары Алексей Калайчиди, Ақмола облысы әкімінің орынбасары Қанат Ыдырысов, «Ақмола-«Тіршілік» серіктестігінің директоры, мемлекет және қоғам қайраткері, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес Агенттігінің мүшесі Жабал Ерғалиев сөз сөйлеп, коррупция мәселесіне, оған қарсы жасалып жатқан жұмыстарға жан-жақты тоқталды.
Жалпы, тәуелсіз еліміздің әлемдік қоғамдастықтың толық мүшесі екенін, Елбасымыздың бейбітшілікке, бірлікке жол ашқанын атап өткен Жабал Ерғалиев:
–Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен де қымбат» атты мақаласында тәуелсіздікті үш кезеңге бөлуімен бірге, төртінші кезеңнің үлкен жауапкершілігі бар екенін, біз дәл қазір сол төртінші кезеңнің жаңа платформасын жасап жатқанымызды өзіміздің әрбір ісімізден көруге болатынын және қазақстандық қоғамды сыбайлас жемқорлық мәселесі алаңдатып отырғанын жеткізді. Бұдан Қазақстанда сыбайлас жемқорлық жайлап кеткен деген пікірде қалуға болмайды. Жемқорлық бүкіл әлемнің дамыған, демократиясы мен заңдылығы үстемдік етіп отырған мемлекеттерінің өзінде бар екендігі жасырын емес. Қазіргі уақытта коррупцияға қарсы күресте жаңа қадамға барып отырғандығымызбен халықты осыған бейімдей алуымыз керек. Ендігі жерде коррупцияға қарсы заңмен қоса, ар-ождан мәселесімен де күресуді қатар қойған жөн, – деді.
Бүгінде Қазақстан Республикасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес Агенттігінің жақсы бастамалары қуантады. Бұрын финполиция дегенде халықтың үрке қарайтыны жасырын емес-ті. Ал, қазір сол қызметтің халықтың ортасына келіп, етене араласып, жұмыс істеуі арқылы бірнеше «Adaldyq alaŋy» офистері ашылып жатқаны құптарлық іс.
Міне, біздің облыста да осындай игі жұмыстардың барысымен танысқан Олжас Бектенов пен Алексей Калайчиди облыс басшылығы өңіріміздің барлық елді мекендерінде ашық әкімдік алаңдарын құру арқылы Президенттің халық үніне құлақ асатын мемлекет қалыптастырудағы тапсырмасын орындайтынына сенім білдірді. Бүгінде тәуелсіздігімізден артық құндылығымыздың жоқ екенін естен шығармағанымыз жөн. Ал, осы жолда сыбайлас жемқорлық үлкен кесел.
Комиссия отырысынан кейін Олжас Бектенов пен Алексей Калайчиди облыс орталығы Көкшетау қаласындағы жаңадан ашылған цифрландырудың бірыңғай операторы «Smart Aqmola» «109», «112» Бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік қызметімен танысып, геопорталдың тұсауын кесіп, жобалық кеңсенің ұсыныстарымен бөлісті. Одан әрі «Болашақ» сарайын аралап, ондағы балалар мен жасөспірімдерге арналып жасалған заманауи құрылғылармен, тренажер, спорт залдары мен бассейін, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған, басқа да орындармен танысып, жұмыс сапарының соңында Ақмола облысының полиция департаментіндегі «Adaldyq alaŋy» офисінің ашылуына қатысты.

II. Төраға орынбасарының кездесулері

Шортанды ауданында сервистік әкімдік жұмыс істей бастағаннан бері жергілікті атқарушы органдардың мамандары ауыл шаруашылығы, жер қатынастары, білім беру, сәулет және қала құрылысы, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар салалары бойынша 400-ден астам азаматқа мемлекеттік қызметтерді алу жөнінен кеңес берді. Сервистік әкімдік мамандарымен барлығы 85 мемлекеттік қызмет түрі ұсынылды. Осы ауданға сапары барысында Олжас Бектенов аталған жұмыс процесімен танысып, мемлекеттік органдар осындай ашық диалог алаңдарын орнату арқылы азаматтардың сенімінен тиіс екенін атап өтті.
Ауданда тұрғындар үшін қолжетімділік мақсатында аудан әкімінің кабинеті мен азаматтарды жеке қабылдау орындары ғимараттың бірінші қабатында орналасқан. Бүгінгі таңда облыстың барлық аудандары мен қалаларында, сондай-ақ, Краснояр ауылында сервистік әкімдіктер жұмыс істейді.
Олжас Бектенов осы сапарында жол активтері сапасының ұлттық орталығы аймақтық филиалының жұмысымен де таныс-ты. 2020 жылы жол құрылысы мен жөндеу жұмыстарына 37,2 миллиард теңге бөлінді. Осы жолдардың 53 пайызы немесе 176 жол нысаны сапа бақылауымен қамтамасыз етілді. Оның барысында көптеген кемшіліктер де анықталды. Степногорск қаласының жолдарын жөндеу барысында асфальт қабатының бұзылуы, оның талапқа сәйкес келмейтіні мәлім болды. Мұндай жағдайлар Балкашин-Шаңтөбе жолында, Викторовка селосының ішкі жолдарын жөндеу барысында да орын алды. Өз сөзінде Олжас Бектенов сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен бірлесіп, жолдардың сапасына баса көңіл бөлуге шақырды.
Биылғы жылы облыстық маңызы бар 440 шақырым жолды жөндеу ұйғарылып отыр. Облыстың барлық өңірлерінде ішкі жолдар да жөнделмекші. Міне, осы жолдарды жаңарту барысында қатаң бақылаусыз болмайын деп отыр.
Олжас Бектеновтың қатысуымен өткен Степногорск қалалық әкімдігі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл комиссиясы отырысында еліміздің 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы Стратегиясын орындау мәселелері қаралды. Оның барысында агенттік басшылығы қатысушыларды маңызды заңнамалық жаңалықтар туралы хабардар ете келіп, бұл істе жалғыз қылмыстық-құқықтық іс-шаралармен тиісті нәтижелерге қол жеткізе алмайтынымызды атап өтті. Бұл арада қалың көпшіліктің де көмек-қолдауы керек. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің жаңартылған 680-бабында сыбайлас жемқорлыққа қарсы шара қабылдамағаны үшін мемлекеттік органдар басшыларына тиісті жауапкершілік көзделген. Ол 100 АЕК көлемінде айыппұл салумен айқындалған. Осыны еске салған Агенттік басшысының бірінші орынбасары сыбайлас жемқорлық-құқық бұзушылық фактілеріне жол берген қалалық білім бөлімінің басшысына тиісті шара қабылдау қажеттігін атап көрсетті.
Степногорск қаласында Олжас Бектенов сервистік әкімдіктің жұмысымен де танысты. Оның жұмыс уақытында 25 мыңнан астам қала тұрғындарына қызмет көрсетілген. Сондай-ақ, бұл күні жеке мәселелері бойынша азаматтарды қабылдау жүргізілді. Онда Ақсу ауылында мемлекеттік қызмет көрсетудің қолжетімділігі және жолдардың сапасы туралы өтініштер қаралды. Осы айдың аяғына қарай бұл ауылда да азаматтардың мемлекеттік қызметтерді жылдам алуына мүмкіндік беретін сервистік әкімдік ашылмақшы. Қабылдау қорытындысы бойынша Олжас Бектенов өтініштер мен ұсыныстарды шешу үшін жергілікті органдарға бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Одан әрі Олжас Бектенов облыс әкімінің орынбасары Қанат Ыдырысовпен бірге Атбасар, Жақсы және Есіл аудандарында болды. Бұл өңірлерде студент жастармен және еңбек ұжымдарымен кездесті. Халыққа қызмет көрсету орталықтары және сервистік әкімдіктердің жұмысымен танысып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл комиссиясының отырысын өткізді. Атбасар қаласындағы аграрлық-индустриялдық колледж оқушылары өздерінің «Саналы ұрпақ» жобасы бойынша іс-шаралар өткізгендігін баян етті. Мұнда сондай-ақ, «Таза сессия» акциясы да тұрақты өткізіліп келеді.
–Жастар – біздің болашағымыз. Сондықтан, оларды сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелеріне неғұрлым көбірек тартуымыз керек. Мұнда көрген жаңашылдықтар жер-жерде енгізуге тұрарлық, – деп атап көрсетті Агенттік төрағасының бірінші орынбасары.
Мемлекет және қоғам қайраткері, Агенттіктің ақпараттық-ағарту штабының мүшесі Жабал Ерғалиев сөз сөйлеп, студент жастарды адалдыққа және парасаттылыққа шақырды.
Мемлекеттік органдарды ашық ету тұрмыстық сыбайластықты барынша төмендетеді. Сондықтан, сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік «Сервистік әкімдіктердің» жұмысына ерекше көңіл бөлуде. Ауданда мұндай жұмыс өткен жылдың көктемінен бастап қолға алынуда. Аудан әкімі Аманбек Қалжановтың айтуынша, күн сайын сервистік әкімдік 30-40 адамға қызмет көрсетеді. Мұнда Олжас Бектеновке бүгінгідей карантин жағдайында халыққа қызмет көрсету жолдары көрсетілді. Одан әрі Атбасар аудандық полиция бөлімінің фронт-офисінде болған агенттік басшылығы бөлім бастығы Арман Біләловтан азаматтармен тікелей диалогтың халықтың полиция органдарына деген сеніміне қаншалықты оң әсер ететіндігін естіп білді.
Ал, Жақсы ауданында меймандарға орталық аудандық аурухананың хал-ахуалы таныстырылды. Бұл аурухана 2013 жылы жөнделген. Олжас Бектенов Степногорскіде медициналық мекеменің мемлекеттік-жекеменшік серіктестік қағидасымен 20 жылға жеке қолға берілгендігіне мысал келтірді. Жеке құрылым ғимаратты жөндеп, осы заманғы медициналық жабдықтарға қаржы салған.
Мұнда да халыққа қызмет көрсету орталығы мен сервистік әкімдіктің жұмысы таныстырылып, жеке мәселелері бойынша азаматтарды қабылдау болып өтті. Төрағаның бірінші орынбасары жұмыс кестесінен тыс Тұрсынбек Уәлиев атындағы спорт мектебінде болды.
Есіл ауданында да ЦОН мен сервистік әкімдіктің жұмысын сараптаған Олжас Бектенов комиссия отырысына қатысып, ауданда еліміздің 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы Стратегиясының іске асырылу барысына мән берді.
Сапарының соңғы күні Агенттік төрағасының бірінші орынбасары облыс орталығы Көкшетау қаласында Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен өткізілген облыстық әкімдік жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның отырысына қатысып, сөз сөйледі.

Асылай Қадырқызы,
Алексей Чайка.
Суреттерді түсірген Советбек МАҒЗҰМОВ, Айбек Данияров.

 19 total views,  2 Views Today

By admin

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Өзге де жаңалықтар