Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөнінде кеңес өткізді

Жиынды ашқан Мемлекет басшысы өз Жарлығына сәйкес Алик Шпекбаевтың Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы лауазымынан босатылуына байланысты түсіндірме жасады.

– Агенттікте оның басшылығымен жемқорлықпен күресте ауқымды жұмыс атқарылды.  Осы құрылымның қызметі айтарлықтай жаңғырды. Жемқорлыққа қарсы бірқатар жобалар мен бастамалар қолға алынды. Солардың қатарында «ADALDYQ ALANY», «ANTIKOR ORTALYGY», «ADAL BILIM» және тағы басқалары бар.  Алик Жатқамбайұлына осы қызметтегі табысты жұмысы үшін алғыс айтамын, – деді Президент.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы лауазымына Марат Ахметжановтың тағайындалғанын жеткізді.

– Марат Ахметжанов Әділет министрлігінде, Бас прокуратурада басшылық лауазымдарды атқарды. Кезінде Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің орынбасары болды. Сондықтан мен оны осы лауазымға тағайындау туралы шешім қабылдадым, – деді Мемлекет басшысы.

Президент мемлекеттің қауіпсіздігі мен халықтың әл-ауқаты сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі жүйелі шараларға тікелей байланысты екенін айтты.

Осыған орай Қасым-Жомарт Тоқаев Агенттікке бірқатар маңызды міндет жүктеді. Әсіресе, Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды барлық деңгейде тиімді жүргізу үшін кешенді жұмыс атқару қажет екеніне назар аударды. Осы ретте қабылданған шаралар қылмыстық қудалау әрекетімен ғана шектелмеуі керек. 

– Мемлекеттік аппарат шешім қабылдаудан тартынып, бюрократияға бой алдырады және лауазымды тұлғалар жеке жауапкершілік алудан жалтарады. Агенттік жұмыс барысында жіберілетін қателіктерді қасақана жасалған қылмыстардан ажырата білуге тиіс. Сондай-ақ, кінәлі адамды қылмыстың барлық құрамы болған кезде ғана жауапқа тартуы қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы қоғам өкілдерінің белсене атсалысуы және алдын алу шаралары сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің басты құралдары екенін атап өтті.

Президент өзінің тапсырмасы бойынша «Қоғамдық бақылау туралы» заң дайындалып жатқанын хабарлады. Бұл құжат мемлекеттік органдардың қоғам алдындағы ашықтығы мен есептілігін қамтамасыз етуді көздейді. Сондай-ақ белсенді азаматтардың  құқықтық бақылау құралдарын пайдалануына мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысы «follow the money» қағидатының әлеуетіне тоқталып, қылмыстық жолмен алынған мүлікті іздестіру және тәркілеу ісіне баса мән беруді тапсырды. Қасым-Жомарт Тоқаев қылмыстық жолмен алынған дүние-мүлікті тәркілеу жөніндегі бұлжымас қағидат сыбайлас жемқорлыққа қатысты кез келген іс-әрекеттің алдын алуға септігін тигізуі тиіс деп санайды. Мемлекет басшысының айтуынша,  Агенттік бұл жұмысты қаржы мониторингі органдарымен бірлесіп ұйымдастыруы қажет.

– Менің тапсырмам бойынша қылмыстық процестің үш буынды моделі енгізіліп жатыр. Мұндай модель айыптаушылық ұстанымды бәсеңдетіп, қылмыстық процеске заңсыз араласуды болдырмайды. Агенттікке өз қызметін қылмыстық процестің үш буынды моделіне бейімдеуді тапсырамын, – деді Президент.

Жиын соңында Мемлекет басшысы қоғам, бизнес және инвесторлар өздерін сыбайлас жемқорлық қысымынан сақтайтын мықты қорған бар екенін сезінуі қажеттігін атап өтіп, жаңа төраға Агенттік жұмысының тиімділігін одан әрі арттыра түсетініне сенім білдірді.   

 15 total views,  2 Views Today

By admin

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Өзге де жаңалықтар