Өңіріміздегі эпидемиологиялық жағдай әлі күрделі

Ақмола облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінде «Ағымдағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдай және «Аsһyq» қосымшасы туралы» брифинг болып өтті.

Онда Ақмола облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сәуле Сәдуақасова, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Жаслан Айдрахманов, облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Расул Сыздықовтар өңірдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай туралы хабарлама жасады.

Өңірімізде коронавирустық инфекция бойынша эпидемиологиялық жағдай әлі де шиеленісте қалып отыр Өйткені, Ақмола обласы  5 сәуірден бастап «қызыл»  аймаққа енген. Жалпы, коронавирустық пандемия басталғаннан бері облыста 15988 зертханалық расталған COVID-19 жағдайы тіркелген. Оның 10 800-і симптомдармен, 5188 симптомсыз вирусты тасымалдаушылар.

Сәуле Серікқызының айтуынша, коронавирустық инфекцияның өсу қарқыны төмендемей тұр. Өткен тәулікте COVID-19-дан зертханалық расталған 90 жағдай тіркелді, оның ішінде ауру белгілері бар 67 жағдай анықталса, симптомсыз  23 жағдай тіркеліп, жалпы, өсім тәулігіне 0,5 пайызды құрап отырғаны өкінішті-ақ. Тарқатыңқырап айтсақ, аурудың жағдайлары Бурабайда 21, Аршалыда 17, Көкшетауда 15, Целиноградта 9, Ерейментауда 5, Атбасар және Егіндікөлде 4 жағдайдан, Бұланды, Жақсы және Шортандыда 3, Біржан сал ауданы мен Ақкөл де 2, Жарқайың мен  Қорғалжын аудандарында бір жағдайдан тіркелген.

Соңғы аптаның ішінде 2021 жылдың 9 сәуірінен 15 сәуіріне дейінгі аралықта COVID-19 ауруының 673 жағдайы тіркеліп, алдыңғы аптадағы тіркелген 478 жағдайға қарағанда, 1,4 есеге өскен. Жыл басынан бері облыста қауіпті індетпен аурушылардың төмендеуінің жалпы тенденциясына қарамастан, астанаға жақын Целиноград, Аршалы, Шортанды, Ақкөл аудандарында аурушаңдықтың 3 еседен астам өсуі тіркелген. Бұл тенденция «қызыл» аймақта бір айдан астам уақыт тұрған Нұр-Сұлтан қаласына қатынап жұмыс істейтін халықтың күнделікті  баруымен байланысты болып отыр. Ағымдағы жылдың 15 сәуіріндегі жағдай бойынша облыс аймақтарындағы эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасына сәйкес, Атбасар, Ақкөл, Аршалы, Астрахан, Бурабай, Бұланды, Есіл, Егіндікөл, Целиноград, Біржан сал аудандары мен Көкшетау қаласы «қызыл» аймақта. Ерейментау, Жақсы, Сандықтау, Зеренді, Қорғалжын, Шортанды аудандары «сары» аймақта болса қалғандары жасыл аймақта.

Қазіргі уақытта облыста ПТР зерттеулерін жүргізетін 8 зертхана бар, тағы 2 зертхана резервте тұр, оларды қажет болған жағдайда ашуға болады. Зертхананың қуаттылығы тәулігіне шамамен 3000 ПТР тестін құрайды. Жыл басынан бері 379068 ПТР зерттеуі жүргізілген.

Міне, қасиетті Рамазан айы да басталып кетті. Сондықтан, хабарламашылар барлық облыстың тұрғындарынан мейірімділік айында қауіпті індетті жоюдың салдарына түсіністікпен қарап, карантиндік режимді сақтауға шақырады. Діни мекемелерге бару кезінде маска режимін және әлеуметтік алшақтықты сақтау қажет. Брифингте мобильді мониторингтік тортарлың жұмысы да жан-жақты айтылды. Егер санитарлық шаралар сақталмаса, жағдай кез келген уақытта жағымсыз жаққа өзгеруі мүмкін екенін ұмытпағанымыз абзал. Осылайша,  барлық тұрғындарды Қазақстан Республикасының және Ақмола облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерлері қаулыларының талаптарын қатаң сақтауға жұмылдыру мен вакцина алу арқылы үлкен қауіптің алдын алуымыз қажет.

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,

«Арқа ажарының» өз тілшісі,

Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар