Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Көкшенің жүрегімін - АРҚА АЖАРЫ

Көкшенің жүрегімін

 Марфуға  БЕКТЕМІРОВА

Ардақтаймын халқымның әдет-ғұрпын,

Аманбысың ағайын, бауыр-жұртым.
Қызың болып қаламын елін сүйген,
Сағынышпен ортаңа келіп тұрмын.

Қалам берді қолыма ұстасын деп,
Жақсылықты жолымда ұстандым тек.
Шабыт берді көңілге қалықтаған,
Өлең жазсын, әндерін шырқасын деп.

Талант берді өнерін қорғасын деп,
Өнерімен өз жерін қолдасын деп.
Махаббат берді жүретін жолдасым деп,
Сәби берді өмірін жалғасын деп.

Жолымды ашқан аңсаған арманыма,
Мен ғашықпын көліңе, орманыңа.
Тәуба деймін ішімнен, шүкір деймін,
Қорғаушымның әйтеуір болғанына.

Кеш болды деп сұрама, кешің неге,
Өтті жылдар зымырап, есіңде ме?
Шақырғанда туған ел, туған жұрты,
Туған қызы осылай кешіге ме?

Менсінбес те біреулер кім еді деп,
Мақтанамын өз халқым біледі деп.
Қайда жүрсем туған жер, лүпілдеген,
Ойла мені «Көкшенің жүрегі» деп.

Ешкім де айыра алмас сенен мені,
Мақсатым сол, өзіңе келгендегі.
Туған ел тыңда мынау бір жүректі,
Соғып жатқан өзіңнің кеудеңдегі.
                                                           2008 жыл.
 Көрнекті
Ұмытқан жоқ ем,
Аралап жүріп жер-көкті,
Жылдарым өтті,
Кеудемнен ызғар жел де өтті.
Ұмыттың мені,
Ұмыттың мені, амал не,
Жырыма сені бөлеп ем,
Қайран Көрнекті!
Сағынышқа толы,
Шілденің күні шөлдетті,
Балауса күнім,
Балалық шағым сенде өтті.
Дәл мендей енді туатын мына ғасырда,
Жырлайтын ақын бар ма екен сені,
Көрнекті?!

*  *  *
Тағы бір ақын туар ма Көрнектімде,
Менен соң келер екен кезек кімге?
Өлеңім-рухым, тілім, мен оларсыз,
Өзімнің Отаныма керекпін бе?

Хабарын күткен сәтте күрең желден,
Құр тастан не пайда бар шіренгенмен?
Ұясын таба алмайды кейбір құстар,
Ұшырып кең аспанға жібергенмен.

Жан серігім

Байлық та,
Төгіледі, шашылады,
Атақ та,
Шарқ ұрады, басылады.
Менімен мәңгілікке сапар шектің,
Жан серігім, өлеңім қасымдағы.

Алдымызда,
Қанша өмір, жарық қалды,
Уақыт қанша,
Қызықты алып қалды?
Мән бермедік, сенбедік, өкінішті…
Бар екені Алланың анықталды.

Дұшпанның,
Қолы жетпес қызғанса да,
Жүрегі,
Жамандардың мұз болса да.
Не көрсек те екеуіміз бірге көрдік,
Алдымыздан,
Шықса да құз қаншама.

Жанымыз,
Сезгеніне шүкір дедік,
Тоты құстай,
Таранып күтінбедік.
Өмір-бақи,
Толғанып, өлең жазып,
Жыртықты да,
Жамадық, бүтіндедік.

Жетім болдық,
Жыладық бірге екеуіміз,
Кедей болдық,
Сонда да бірге екенбіз.
Ғашық болып екеуіміз бір Аллаға,
Өтсек ертең дүниеден бірге өтерміз.

         
       

Өзгеріс

Өзгеріпті  япыр-ай,
Өмір деген,
Қоңыздар да өрмелеп,
Шықты әне, көрінбеген.
Келемін мекен іздеп,
Бұл дүниеден…
Өз орнымды таба алмай,
Өмірден мен.

Көнем желге,
Алысқа алып қашсын,
Көре алмастар,
Есі шығып, талып қалсын.
Айласы жоқ адамға,
Өмір сүру қиын екен,
Аңқаулықпен адам боп,
Жарытпаспын.

Тұрғам жоқ,
Шу жоқ жерде шулағым кеп,
Тұрғам жоқ,
Толқын жоқта тулағым кеп.
Кейбір қу күлген кезде…
Өкінемін,
Мен неге,
Айлакер боп тумадым деп.

Келеді кейде оны,
Қалқан қылғым,
Келеді,
Кейде оны талқан қылғым.
Есемді жібермеспін-десем,
Тағы,
Алдымнан шыға келер,
Аңқаулығым.

Жүргендеймін далада,
Лағып, бекер,
Кейбір көлшік,
Өзен боп ағып өтер.
Ортекелер он рет,
Алдыңды орап,
Түлкілер,
Қолдағыны қағып кетер.

Немересі едім мен,
Мұңлы Атаның,
Түнде отырып,
Құдайға тіл қатамын.
Сезім деген,
Бір алып құрылыс қой,
Сол құрылысты,
Қалай мен қиратамын?
*   *   *

Атам мен әжем айтқан маған мұны,
Ағаш та өз тамырын табар түбі.
Асыл тас, ақша, дүние байлық емес,
Байлығың – ол еліңнің амандығы.

Жинаймын деп байлықтың ұнтақтарын,
Жүгіріп босқа балам, зыр қақпағын.
Тәңірім  одан биік жаратқан ғой,
Өзіңдей ер Түріктің ұрпақтарын.

Хан табылмас беретін тұрып тағын,
Асыл заттың жинама сынықтарын.
Адал байлық болса егер бола берсін,
Сол байлыққа бірақ та құнықпағын.
    
*   *    *
Ештеңе етпес күн суығы, күн ыстығы,
Ұғу керек жаныңмен дұрыс мұны.
Ойлағаным өмірде алдыменен,
Отанымның, елімнің тыныштығы.

Сүңгіп кетсем қараңғы ой-тұманға,
Мойнымдағы үзілер бой-тұмар да.
Ойран-топан боп жатса бұл дүние,
Өлең жазып осылай отырам ба?

Залымдардан айқай сап ұрандаған,
Қу түлкіден құйрығы бұлаңдаған.
Сақта елімді соғыстан, қасіреттен,
Сұрағаным сол болсын бір Алладан.

*   *   *
Алла солай жаратқан соң әуелде,
Тағдырыма көндім, енді амал не?
Ешкімнің де жүре алмайды әмірі,
Өлең, жырды жаздырмауға әйелге.

Тайыз жандар қызғанады тереңді,
«Төмен ұстап жүр, – дейді олар, –  төбеңді».
Күндестерім кім болса да әйтеуір,
Ешкімнен де кем жазбаймын өлеңді.

Оңай емес ақын болу  кімге де,
Теңізді де жарып өтер жыр-кеме.
Ақын болу жеңіл болса атылып,
Талай ақын неге түсті түрмеге?
Жайнаған шоқ баса алғанша қызуын,
Маңдайына салар тағдыр сызығын.
Өлең жазған әр ақынға тілеймін,
Көрсе екен деп сол бейнеттің қызығын.

Шындықты іздеп

Қара аспан түйе берсін қабағын,
Шындық іздеп жолға шықтым, қарағым.
Жазылатын емес орман өссе де,
Орнына  мына ескі жараның.

Аспан жаққа жәудірейді жанарым,
Шындық іздеп жолға шықтым, қарағым.
Іздесем де кездеспеді ол маған,
Көше кезіп, үлбіреді табаным.

Көшесінде тентіреумен қаланың,
Шындықты іздеп талай жүрдім, қарағым.
Альпинистер өрлеуші еді биікке,
Мен неліктен төмен түсіп барамын?

Шыңға қарай қалай құлаш жаямын,
Тасты бассам дірілдейді аяғым.
Құзда өскен қыран құстың баласы ең,
Сол шындықты тауып берші, қарағым.

Махаббаттың                   
             келуі

Махаббатсыз…
Ауыз бармас айтуға да,
Күн шығып,
Қараңғыда ай туа ма?
Махаббатсыз,
Қаңырап бос қалады,
Алтын сарай,
Алтын үй, алтын қала.

Махаббатсыз,
Меңіреу, құла дала,
Қызығынан,
Құстардың ұя да ада.
Дүниені билейді,
Әңгүдік жел,
Қара құзғын,
Қонады мұнараға.

Махаббатсыз…
Дүние салқын қанды,
Сағыныштың,
Оңай ма сарқылғаны?
Соны ойласам,
Жүрегім дір-дір етіп,
Қалам алған,
Қолдарым қалтырады.

Махаббатсыз…
Түндерде азап бардай,
Ащы жара,
Жазылмас жаза ақталмай.
Сезімдері,
Соқырға жанар беріп,
Махаббаттың келуі –
Ғажап қандай!

*   *   *
Кедейлік кеудемізге батады шын,
Күрсініп көп қайғыдан жатар ішің.
Біреу жазар өлеңді… қайғы емес,
Күні үшін, мансабы, атағы үшін.

Ақындықтың бірақ та сыры терең,
Көрсінші сол теңізге шығып кемең.
Бұл өлең бір кездері бала ақынға,
«Мені шын сүйе алмасаң ұмыт» деген.

Ақындықтың осылай жөні бөтен,
Түсінсең қайтер еді соны, көкем.
Ұстазындай қолыңа қалам беріп,
Өлеңді жаздыратын өмір екен.
*   *   *
О, туған жер!
Күннен-күнге арта түсті қадірің,
Қадіріңді бір адамдай таныдым.
Саған келіп өксігімді бастым мен,
Мына өмірдің көріп талай тамұғын.
О, туған жер,
Қадіріңді таныдым.

Дәл өзіңдей,
Жанашырдың жақсы екен болғаны,
Құшақ жайып қарсы алады,
Тауы, көлі, орманы.
Жалаңаяқ жүгірем кең далада баладай,
Табаныма қадалған тікеніңе қарамай.

Жолым ұзақ  

Көздің жасы келмейді сүртуге енді,
Қара түндер соқтығып, түртінеді.
Адамзаттың баласы ұйықтап жатса,
Қала ішінде құтырып ит үреді.

Жердің бетін жайлады итің енді,
Жан-жағымнан арсылдап ит үреді.
Оңашада өзі кеп қаппаса егер,
Дәл бұларға білмеймін кім тиеді?

Бұл иттерде кімдердің аласы бар,
Алар болсаң намысты таласып ал.
Итіңнің де бір күні өшер үні…
Өшіретін жанымның дауасы бар.

Өсек деген тамызып шоққа майды,
Ту сыртыңнан біреулер оқ қадайды.
Жұлдыздарға баратын жолым ұзақ,
Ит үрсе де…керуен тоқтамайды.
Қайта ұстадым      
         қаламды  

Қаздардай қош айтысып қаңқылдаған,
Асығар мекеніне қайтуға адам.
Жанымды мұнтаздай ғып  тазаладым,
Мұң жоқтай енді менде айтылмаған.

Аңсаумен жүрген әлі аспан елін,
Арманым атақ емес, басқа менің.
Енді өлең жазбаймын, –  деп уәде беріп,
Қаламды қолға ұстамай тастап едім.

Айттым деп айтарымды тына қалмай,
Тыңдадым құстың үнін құлақ алмай.
Беттерін бұл кітаптың жауып едім,
Өмірді зерттеп болған ғұламадай.

Күншілдер де соңыңнан қалады енді,
Деген маған қуанышты хабар келді.
Өмірлік серік болған  жас жаныма,
Қаламым болдырғандай қала берді.

Рахмет, – дедім, – Жаратқан! – жайып қолды,
Рахметімді ол сандыққа салып қойды.
Өлеңмен қоштасуға дайын едім,
Осының бәрі кенет ғайып болды.

Ей, ақын өлісің бе, тірісің бе,
Қалайсың қалам ұстап кірісуге?
Біреу кеп мені оятты  тәтті ұйқыдан,
Тұр, – деді, – төсегіңнен, түн ішінде.

Тәтті ұйқы…қимай тұрмын, түн қараңғы,
Кенеттен кеудеме кеп нұр таралды.
Періште ме білмеймін, кім екенін,
Қолыма қайта ұстатты бұл қаламды.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар