Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Көбіне тілдік орта бөгет - АРҚА АЖАРЫ

Көбіне тілдік орта бөгет

Бүгінде қазақ тілінің жайы аз айтылып жүрген жоқ. Жазыла-жазыла жауыр болды десе де болады. Бірақ, мәселе онда да емес. Бізді қайтсек мемлекеттік тілдің аясын кеңейтеміз  деген сауал көбірек толғандырады. Себебі, заман алға жылжыған сайын мемлекеттік тілді күнделікті өмірде қолданудың қажеттілігі арта түскенін несіне жасырамыз.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік тіл рухани және ұлттық бірлігіміздің алтын арқауы екенін айтқан еді. Әсіресе, мемлекеттік саладағы тілдің қолданылуы сын көтермейді десек, еш қателеспейміз. Сондықтан, табиғи қажеттілікті қамтамасыз ету үшін бұл мәселеге атүсті қарауға болмайды.
Меніңше, тілді ана сүтінен дарыған немесе екінші қолданыс тілі ретінде меңгеру үшін екі негізгі фактор қажет етіледі. Ол алдымен тілдік ортаның болуы және сол тілде сапалы білім алу  болып табылады. Бұған  қолданыс тілінің әлеуметтік беделі де едәуір ықпалын тигізеді.
Қазақ тілі мәселесін қозғағанда аталған факторларға ден қойсақ,  еліміздің оңтүстігі мен солтүстігінде екі басқа жағдай қалыптасып отырғанын көреміз. Мысалы, Шымкент қаласында  тіпті шетелдіктер де бір жыл ішінде қазақ тілінде ауызекі болсын сөйлеу деңгейіне қол жеткізіп жүр. Ал, еліміздегі басқа ұлттар неге мемлекеттік тілде осылай сөйлеп, оны үйренуге ұмтылыс жасамайды екен дейсің.
Еліміздің солтүстік өңірлеріне  зер салсақ, Ақмола облысы мен Көкшетау қаласында да орыстілді орта сақталып отыр. Бұл қазақ мектептерінде білім алатын оқушыларға да кері ықпалын тигізіп, қазақы ортаның қалыптасуына кедергі келтіреді. Осыдан кейін бұл өңірлерде  қазақ отбасыларының балалары орыстілді ортаның әлгіндей әсер, ықпалынан көбіне ресми тілді меңгереді.
Дегенмен, өзге ұлт өкілдері өз балаларын  мемлекеттік тілде оқытуға ынталылық танытпайды емес, танытады. Осылай өз бүлдіршіндерін балабақшаларының қазақ топтарына береді. Бұл маңызды екенін айтар едік. Балабақшада бүлдіршіндер бір-бірімен қазақ тілінде сөйлессе, олардың танымы жаңаша сатыда дамып, қазақ тілі туралы ең алғашқы түсініктерге қанығады.
Жалпы, Көкшетау қаласында қазақ мектептері өте аз. Балабақша жайлы да осыны айтуға болады. Мемлекеттік тілде білім алғанымен, орыстілді орта бала санасына өзінің кері ықпалын тигізуде. Бір жағынан бұқаралық ақпарат құралдары мен ғаламтор да  бұған әсер етпей қоймайды. Ал, орыс тіліндегі компьютерлік ойындар мен  фильмдер де бала санасына тілдік танымды қалыптастыруда  аяққа оралғы болады.
Мемлекеттік тілге көшу бағдарламасын жүзеге асыру жергілікті жерлерде қалай қолға алынуда деген сауал ешкімді бейжай қалдырмауы тиіс. Кезінде Ақмола облысында да осындай  іс-шаралар жоспары бекітілген еді. Онда қазақ тілін меңгеретін тұрғындар саны  2015 жылы  75 пайызды құрауы тиіс екені айтылады. Ал, 2020 жылы бұл көрсеткіш 95 пайызға жетуі қажет. Соған қарамастан әлеуметтік зерттеу қорытындыларына жүгінсек,  қазіргі нәтиже 60 пайыз деңгейінде ғана екенін көреміз. Демек, бұл бағытта елеулі өзгеріс жасау үшін білім беру саласындағы тілдік ортаны түбегейлі өзгерту керек.
Бір өкініштісі, қазақ тілінде тәлім беретін білім ордаларында да балалар үзіліске шыға сала орыс тілінде сөйлейді. Мектеп табалдырығын аттағаннан бастап, одан шыққанша  қазақ тілі оқушының негізгі қолданыс тіліне айналғаны жөн. Әйтпесе, бұл  қалыптасқан жағдайды өзгерту мүмкін емес.
Тағы бір дерекке жүгінсек, солтүстік өңірдегі орысы көп орналасқан Қызылжар қаласында 6 қазақ мектебі бар болса, Көкшетауда 24 орта білім беретін білім ошақтарының үшеуі ғана мемлекеттік тілде оқытады. Яғни, қалған мектептер аралас саналады. Онсыз да мемлекеттік тіл құлаш жайып кете алмай тұрғанда мұндай аралас сыныптар қазақша оқытуға көп қиындық келтіретіні еш жасырын емес.
Аралас сыныптарды ашу кешегі 90-ыншы жылдардың басындағы өтпелі кезеңде қажет болғаны рас. Бұл бір жағынан мемлекеттік тілдің аясын кеңейтуге де септігін тигізді. Кейін мектептерді мемлекеттік тілде ашу көзделсе де, көп жерлерде бұл іс өз деңгейінде жүзеге асырылған жоқ. Сондықтан, аралас сыныптардың әлі күнге дейін айқын басымдылыққа ие болып келе жатқаны анық байқалады.
Негізінен, қандай қиындық болмасын аралас  мектептерден гөрі таза мемлекеттік тілде білім беретін білім ошақтарын ашуға ден қою керек. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері ширек ғасырға жуық уақыт өтті. Бірақ, тілді білу деңгейі айтарлықтай өзгерді ме? Жоқ. Мемлекеттік тілді  балабақшадан үйрету керек деген тұжырымды алға тарта отырып, осындай мектептерді көптеп ашып, өз ұлтымыздың ғана емес, өзгелердің де балаларын мемлекеттік тілде оқытуға құлшындыру біздің басты міндетіміз болса керек. Ең бастысы, осы елде тұрып жатқан әр адамның мемлекетке, оның тіліне  деген құрметі жоғары тұруы тиіс. Отансүйгіштіктің де астарында осы жайлар жатыр. Ешкім ұлтына қарамастан, мемлекеттік тілді қастерлесе, ол сол елдің ертеңгі болашағына да сенеді, жаны да
ауырады деген сөз.
Елбасымыз да сонау бір жылдары «Қазақ қазақпен қазақша  сөйлессін» деп үндеу тастағанын білеміз. Бұл бүгін өміршең ұранға айналуы тиіс. Әсіресе, өз қандастарымыздың ана тіліне немқұрайлы қарауы тілдік ортаны қалыптастыруға кері әсерін тигізіп отырғаны шындық. Ең бастысы, бәрімізде мемлекеттік тілге деген құлшыныс болуы керек.  Сонда ғана тіліміз өркендейді, еліміздегі өзге ұлттар да мемлекеттік тілдің қадірін түсінеді. Бүгінде тілі басқа болса да, тілегі бір дейтінді жиі айтамыз. Бірақ, тілі де бір, тілегі де бір ел болғанға не жетсін!..

Ирина ЖОЛАМАНОВА,
филология ғылымдарының кандидаты.  

Алматы қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар