Ақмола облыстық білім басқармасының мәліметінше, Бурабай ауданының Қатаркөл ауылындағы Ауылшаруашылығы колледжінің базасында «Ветеринария» құзыреттілігі бойынша «WorldSkills AQMOLA – 2021» кәсіби шеберліктің аймақаралық чемпионаты аяқталды. Оған республиканың төрт колледжі – «Ertis» Жоғары Инновациялық аграрлық колледжі (Павлодар облысы), Ж. Қизатов атындағы Жоғары Ауылшаруашылық колледжі (Солтүстік Қазақстан облысы), Қостанай Ауылшаруашылық колледжі және Бурабай ауданындағы Ауылшаруашылық колледжінен барлығы 8 студент қатысты.
«Жарыстың бірінші күні қатысушыларға ветеринариялық-санитариялық сараптама жүргізу үшін жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізаттың үлгілерін алу, ветеринариялық емдеу-диагностикалық манипуляцияларды орындау және тауық жұмыртқаларын овоскопиялауды жүргізу қажет болды. Екінші күні байқауға қатысушылар арнайы құрылғылар мен аспаптарды пайдалана отырып, ветеринарлық емдеу-диагностикалық процесінің білімі мен дағдыларын көрсетті» — дейді Қатаркөл ауылындағы Ауылшаруашылық колледжінің директоры Сергей Савельев.
Байқау қорытындысы бойынша Қатаркөл ауылындағы Ауылшаруашылық колледжінің студенті Лолита Лебединская мен Ж.Қизатов атындағы Жоғары Ауылшаруашылық колледжінің (Солтүстік Қазақстан облысы) студенті Көпжан Әбдіманап бірінші орын алса, екінші және үшінші орындарға «Ertis» Жоғары Инновациялық аграрлық колледжінің студенті (Павлодар облысы) Ғасыржан Сайлубаев пен Қостанай Ауылшаруашылық колледжінің студенті Анастасия Галатова лайық деп танылды.
Үздік тәжірибелік дағдыларын көрсеткен студенттер арнайы сертификаттармен марапатталды.
Жарыс жеңімпазы «WorldSkills Kazakhstan 2021» Ұлттық чемпионатында облыс намысын қорғайтын болады.