Көктемгі егіс науқанына әзірлік қарқын алуда

Биыл қыста өңірімізде қар қалың түсіп, мол ылғал сіңді. Бұл бітік егін өсіруге көп септігін тигізбекші. Жақсы ауданының ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілері агротехникалық шараларды уақытында және сапалы орындауға жете көңіл бөледі.

Өткен жылы аталмыш ауданның диқандары көктемгі егіс науқаны мен орақ жұмысын ұйымшылдықпен атқарудың, қазіргі заманғы технологияны енгізудің арқасында 473 мың тонна астық жинап алған еді. Сондай-ақ, ауданның астыққа, тұқым мен мал азығына деген ішкі қажеттілігі толық қамтамасыз етілді. 64,4 мың тонна шөп дайындалды. Соңғы 4 жылда аудан диқандары егіс алқабының әр гектарынан 11 центнерден астық алғанын атап өткен жөн. Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Айжан Ділдебаеваның айтуынша, биылғы жылы аудан бойынша 450,6 мың гектар алқапқа дәнді және бұршақ дақылдары, оның ішінде 35,5 мың гектарға арпа, 11,9 мың гектарға сұлы, 800 гектарға бұршақ,8,7 мың гектарға зығыр, 1,2 мың гектарға күнбағыс, 2 мың гектарға рапс себілмекші. Сондай-ақ, 500 гектар картоп пен көкөніс отырғызылады.
–Ауданда мал басы көбейіп келеді. Осы бағытта ауылдық округ әкімдері ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілермен бірге азықтық дақылдарды көбейту үшін егістік алқаптарының құрылымын қайтадан қарады. Биылғы жылы 7,9 мың гектар алқапқа біржылдық шөп, 5,4 мың гектар жерге көпжылдық шөп егіледі,–деді кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы.
Бүгінде аудан шаруашылықтарындағы 55,5 мың тонна тұқымның 85,4 пайызы тексерілді. Оның ішінде егіс стандартының 1 және 2 класты тұқымы 40,5 мың тоннаны құрайды. Аудандағы «Белағаш», «Труд», «Шұңқыркөл» серіктестіктері тәрізді аттестатталған тұқым шаруашылығының субъектілерінде 7,2 мың тонна жоғары сапалы тұқым бар. Көктемгі егіс науқанының негізгі кезеңінің бірі – тұқымды залалсыздандыру. Бұл шараларды жүргізу өсімдік ауруларының алдын алуға мүмкіндік береді. Аудан шаруашылықтары тұқымды залалсыздандыратын қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілген.
–Аудан шаруашылықтарында машина-трактор паркін қазіргі заманғы техникамен жаңарту жұмысы жүргізілуде. Бұл бағытта қазіргі заманғы өнімділігі жоғары егіс кешені мен комбайндар сатып алуға ерекше назар аударылады. Биылғы жылы 52 әртүрлі ауыл шаруашылығы техникасы және 22 тіркемелі техника сатып алынды. Аудан бойынша ауыл шаруашылығы техникасының 41,5 пайызы тозған. Жыл сайын машина-трактор паркін жаңарту керек. 2021 жылғы егіс науқанында 801 трактор, 1143 сеялка, 135 өнімділігі жоғары егіс кешені пайданылады. Бекітілген жұмыс жоспарына сәйкес, аудан бойынша дәнді және бұршақ дақылдар 16-22 күннің ішінде егіледі деп жоспарлануда. Ауданда егіс науқаны негізінен қазіргі заманғы егіс кешендерімен жүргізіледі. Көктемгі егіс жұмысын жүргізуге 6 мың 505 тонна кепілдендірілген дизель отыны қажет. Оның 3 мың тоннасы наурыздан бастап тасымалданды,–дейді Айжан Ділдебаева.
«Әдістемелік орталық» мемлекеттік мекемесі жүргізген зерттеуі негізінде биылғы жылы 444,5 мың гектар алқаптың арамшөбіне қарсы химиялық өңдеу жүргізіледі деп жос-парлануда. Сондай-ақ, бюджет есебінен ауру мен зиянкестерге қарсы шаралар жүргізіледі. Жердің құнарлығын сақтау және өнімділігін арттыру мақсатында аудан диқандары минеральдық тыңайтқышты қолдануға ерекше назар аударады. Бұл бағытта көктемгі егіс науқанына дейін 11,5 мың тонна минеральдық тыңайтқыш сатып алынбақшы. Сөйтіп, Жақсы ауданының диқандары мол өнім алу үшін қолдағы мүмкіндіктің барлығын пайдалануды жоспарлап отыр.

Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Жақсы ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар