Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ленин орденін алған батыр - АРҚА АЖАРЫ

Ленин орденін алған батыр

 

Соғыс жаңғырығы жылдан-жылға алыстап барады. Ол туралы үлкендерден, көнекөз қариялардан естіп келеміз. Кинолардан, деректі фильмдерден көреміз. Ұлы Отан соғысының шежіресінде әлі де ашылмай жатқан ақиқаттар, еленбей қалған ерліктер, елеусіз жатқан оқиғалар қаншама? Оны анықтау, белгісіз тағдырларды елге таныту, бүгінгі ұрпақтың қасиетті парызы.

 

Менің бүгінгі мақалама арқау болып отырған нағашы атам Қабжат Тоқбергенов бұрынғы Көкшетау облысы Айыртау ауданына қарасты Сарыөзек ауылының тумасы еді. 1916 жылы дүниеге келген. Әскер қатарына 1936 жылы алынып, фин соғысына қатысқан. Ұлы Отан соғысы басталғанда 54-ші гвардиялық танкистер бригадасының құрамында автоматшылар батальонына жетекшілік етті. Танктер өте алмаған жерлерге Қ.Тоқбергеновтың автоматшылары өтіп, жауға оқты қардай боратады екен. Нағашы атам партия қатарына майданда өткен. Украина мен Польша жерлеріндегі қанды шайқастарға қатысып, «Қызыл Жұлдыз», екінші дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады.
Бірде автоматшылар батальоны Висла өзенінен өтіп, жаудың бекінісін басып алады. Ұтымды сәтті тиімді пайдалана білген біздің жақ алдағы шабуылдарға дайындалып, 1945 жылдың 12 қаңтарында Сантомир бекінісінен жасалған 107 минуттық артиллериялық әзірліктен кейін шабуылға шықты. Бұл шабуылда батальон командирі Қабжат Тоқбергенов бір топ автоматшыларымен алғы шепте болды да, келесі күні Чарна өзеніне өтуіне тура келді. Бұл шағын өзен болғанымен, танктерге едәуір кедергі жасайтын еді. Сондықтан, өзеннен өткел іздеуге тура келді. Іздеген өткелдері Котлица деген поляк деревнясының тұсынан табылады. Алдымен жау күштерін осы деревнядан қуып шығу керек болатын. Бұл міндетті Қабжат Тоқбергенов бастаған автоматшылар ойдағыдай іске асырып, ерекше ерлік көрсетеді.
Польшаның оңтүстігінде орналасқан Ченстаховка қаласына көптеген кәсіпорындар мен көлік тораптары шоғырландырылған еді. Міне, осы қаланы азат ету міндеті  54-ші гвардиялық танкистер бригадасына жүктеледі.
1945 жылдың 16 қаңтарында таңғы сағат алтыда бригада жауынгерлері Пилица өзенінің өткелі арқылы Радошевница деревнясы тұсында жауға қарсы шабуылға шықты. Әдеттегідей батальон командирі алда келе жатқан танкте болатын. Бұл – жаудың ту сыртынан өтіп кетуге жасалған амал еді. Арада екі сағат уақыт өткенде қалаға барлық бригада келіп жетті. Қалада жаудың екі мыңға жуық солдаты мен офицерлері бар болатын. Олар жанталаса қарсылық көрсетті. Дегенмен, бригада жауынгерлері бұл қарсылықты тойтара отырып, жаудың алты минометін, көптеген автоматшылары мен көліктерін жойып, 158 адамды қолға түсіреді.
17 қаңтарда түс кезінде қала жаудан толық азат етілді. Бұл шайқаста гвардия капитаны Қабжат Тоқбергеновтың және ол басқарған батальон жауынгерлерінің ерен ерліктері де атап көрсетіліп, бригада туына Ленин ордені тағылды. Бригаданың осындай жанқиярлық іс-қимылдарының арқасында жау қаладағы фабрикалар мен заводтарды, су құбырлары мен электр станцияларын істен шығаруға үлгере алмады. 3-гвардиялық танк армиясының командирі, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры, генерал-полковник Т.С.Рыбалко осы ұрыстардан кейін наградаға ұсынылғандар жөнінде: «Польша жеріндегі көптеген ерлігі үшін, әсіресе, Ченстаховка қаласын жаудан азат етуге белсене қатысқаны үшін гвардия капитаны Қабжат Тоқбергенов өкіметтің жоғарғы наградасына лайық» деп атап көрсетті. Сөйтіп, КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1945 жылғы 10 сәуірдегі Жарлығымен гвардия капитаны Қабжат Тоқбергенов Ленин орденімен наградталды.
Осыдан кейін де атам талай қанды шайқастарды басынан өткерді. Бригада жауынгерлері Берлинге шабуыл жасап, ерен ерліктің үлгісі бола білді. Жау өз жерінде жанталаса қарсылық көрсетті. Бұл маңдағы ең ауыр шайқас Одер өзенінің арғы бетіндегі плацдармға қол жеткізу үшін жүріп жатты. Жау жағы күніне бірнеше рет шабуылға шығады. Алайда, кеңес жауынгерлері тойтарыс беріп, арғы беттегі жерді Берлинге үлкен шабуыл жасалғанша, табандылықпен ұстап тұрады.
Қабжат атамыз туралы неміс жазушылары Г.Похе мен Г.Олига «Түн көрпесі түрілгенде» кітабында сыр шертсе, майдандас досы Н.Кольяда «Под командой капитана К.Тогбергенова» атты очеркін жазды. Соғыс аяқталған соң атам туған ауылына оралып, бейбіт еңбекке араласады. Алайда, бар болғаны 47 жасында, 1961 жылы 28 желтоқсанда дүниеден озды.
Сұрапыл соғыс жылдарында да, бейбіт еңбекте де атамның бар өмірі Отанға деген сүйіспеншілік пен ерлікке толы болды. Нағашы атамның осындай батыр рухты қазақтың бірі болғанын әрдайым мақтан тұтамын.

Раушан ШАЛҒЫНБАЕВА,
 немересі, Бұлақ негізгі мектебінің тарих және география мұғалімі.

Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар