Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Берілген уәде орындалды - АРҚА АЖАРЫ

Берілген уәде орындалды

Өткен жұма күні облыс әкімінің баспасөз қызметі ұйымдастырған баспасөз туры барысында республикалық және жергілікті БАҚ өкілдері Целиноград ауданында көктемгі су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар үшін салынған тұрғын үйлердің құрылысы аяқталып, баспанасыз қалған отбасылардың біртіндеп жаңа пәтерлерге қоныстанып жатқанына айқын көз жеткізді.

Биылғы жылдың көктемінде облыс аумағындағы 8 ауданда (Астрахан, Аршалы, Атбасар, Бұланды, Ерейментау, Қорғалжын, Шортанды және Целиноград аудандары) су тасқыны орын алып,  400-ге жуық тұрғын үй жарамсыз болып қалған еді. Сонымен қатар, әлеуметтік нысандарға залал келіп, ұзындығы 6 шақырым автомобиль жолдарының 65 учаскесін су шайып кетті.  Бір ғана Оразақ ауылында 200-ден астам тұрғын үй жапа шекті.

Кейін ауданда табиғаттың тосын апатынан жарамсыз болып қалған үйлердің орнына жаңасын салу жұмыстары қызу қолға алынды. Республикалық бюджеттен бөлінген қаржы уақытында келіп түспеуіне қарамастан облыстық әкімдіктің жедел іс-қимылының арқасында құрылыс жұмыстары бір сәтке де кідірмей жүргізілді. Осының арқасында үйлері жарамсыз деп танылған тұрғындардың алдыңғы легі осы күні баспаналы болуда. Оған жақында Ақмол және Қосшы ауылында 45 пәтерлі екі үйде 90 пәтердің кілті тапсырылуы айқын дәлел. Оған қоса  Оразақ ауылында 186 отбасы баспаналы болды.
Қосшы ауылында тұрғызылған 45 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысын «Асгард» құрылыс компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолға алды. Мердігерлердің ширақ қимылының арқасында жоба бойынша 8 айда салынатын тұрғын үй бар-жоғы 4 айдың ішінде салынып бітті. Жобаның құны үйдің маңын абаттандыру, инженерлік желілерді тарту жұмыстарын қосқанда 300 миллион теңгені құрады. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мерекесі қарсаңында тасқын судан үйлері жарамсыз болып қалған Оразақ,  Ағанас және Жаңажол ауылдарының бірқатар тұрғындарына осы үйден жаңа пәтердің кілті салтанатты түрде тапсырылды. Олардың арасында Ағанас ауылының тұрғындары Қуандық Қалабаев пен Гүлнәзия Башкенованың отбасы да бар.
–Жаңа пәтерге көшетін сәтті асыға күтіп жүрміз. Әсіресе,  үйдегі төрт баламның қуанышында шек жоқ. Су тасқынының салдарынан үйлеріміз қирап қалды. Сол кезде біздің ауылға облыс әкімі Сергей Кулагин өзі келіп, еш адам үйсіз қалмайды. Барлығына көмектесеміз деп уәде берген еді. Бүгін сол уәдесін орындап, бізді қуанышқа бөлеп отырған жайы бар. Күн суытқанша шатырды паналап келдік. Енді жаңа пәтердің кілті қолымызға тиді. Бірер күнде оған көшетін боламыз, – дейді Гүлнәзия Башкенова.
Сонымен қатар,  Ақмол ауылында да 45 пәтерлі тұрғын үй салынып пайдалануға берілді. Оның құны 310 миллион теңгені құрады. Құрылыс жұмыстарын «Заводстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізді. Мердігерлер тұрғын үйдің сапасын жоғары бағалап отыр.
–Құрылысқа негізінен отандық материалдар қолданылды. Үйді  уақытылы тапсыру үшін құрылысшылар екі ауысыммен жұмыс істеді. Осының арқасында үйді қысқа мерзім ішінде салып, тапсырдық. Сапасы да жаман емес, – дейді серіктестік директоры Азамат Төлебаев.
Бұл үйден жаңа екі бөлмелі пәтердің кілті Жаңажол ауылының тұрғындары Мейрам Әміржанов пен Бақытбек Мырзасариннің отбасыларына да бұйырып отыр. Ал, табиғат апатынан ең көп зардап шеккен Оразақ ауылында осы күні барлығы 2,2 миллиард теңгеге екі пәтерлі жүз тұрғын үй салынды. Мұндағы пәтерлердің аумағы 83 шаршы метр. Үйлерге жылу,  жарық тартылған. Оған қоса қора-қопсысы да бар. Былайша айтқанда, осынша үйден тұратын жаңа ауыл салынды деуге болады. Сондай-ақ, осында бұрынғы мәдениет үйі мектеп ретінде 56,3 миллион теңгеге қайта жөнделді. Биылша ауыл балалары осы ғимаратта екі ауысыммен оқып жатыр. Ал, мектептің өзі келесі жылы тыңғылықты жөнделетін болады.
Бір сөзбен айтқанда,  осыдан жарты жыл бұрын табиғаттың тосын тақсыретінен қираған ауыл бүгінгі күні танымас-тай өзгерген. Жаңа шағын ауданның инфрақұрылымын жақсарту үшін ауылішілік көшелерді есептегенде 5 шақырым жол тартылып, шамдар орнатылды. Сонымен қатар, ауылды қоршай дамба салынды.
–Өңірде үйсіз қалған адамдарды бас-панамен қамтамасыз ету үшін 300-ге жуық жаңа тұрғын үй салынып, жүзге жуығына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді, – деп түсіндірді облыс әкімінің бірінші орынбасары Қадырхан Отаров, –үйлердің сапасына келетін болсақ, ол жағынан еш алаңдамауға болады. Кейбір ұсақ кемшіліктер болып жатса, құрылысшылар дереу оны жояды. Су тасқыны үйлерді ғана қиратып қойған жоқ, жол, су құбыры тәрізді инженерлік нысандарды жарамсыз етті. Сондықтан,  халықтың алаңсыз өмір сүруі үшін осылардың барлығын қалпына келтіруге тура келді.
Целиноград ауданында шынымен үлкен жұмыстардың атқарылып жатқандығын өз көздерімен көріп, істің барысынан мол мағлұмат алған журналистер Ақмола облысында көктемгі су тасқынының зардаптары толығымен жойылып отырғандығына көз жеткізді. Жалпы,  бұл бағытта барлығы 5 миллиард теңгеге жуық бюджет қаражаты жұмсалыпты.

 

Аслан ОСПАНОВ

Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар