Облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен өткен әкімдік мәжілісінде облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының 2021 жылдың бірінші тоқсандағы қорытындылары және бюджеттің орындалу барысы қаралды.
Әкімдік мәжілісіне аудан, қала әкімдері мен басқарма басшылары, облыс әкімі аппаратының қызметкерлері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Өңір басшысы отырысты жаңадан тағайындалған аудан әкімдері мен басқарма басшыларын таныстырудан бастап, қызметтеріне сәттілік тіледі.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бо-йынша облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қанат Дүзелбаев сөз алды.
Есепті кезеңнің қорытындысы бойынша облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының барлық негізгі көрсеткіштері оң нәтижелермен өсіп жатқаны байқалады. Облыс республика бойынша ауыл шаруашылығы, инфляция, құрылыс және өндірістік көрсеткіштер бойынша 1-ден 8-ге дейінгі орындарды бағындырса, негізгі капиталға инвестиция тартуда – 11-ші, тұрғын үйлерді пайдалануға беруде –15-ші орындарда, ал, орташа айлық есептік көрсеткіш бойынша 12 орында келеді. Өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 109 пайыз, ауыл шаруашылығы, құрылыс саласындағы көрсеткіштер 115 пайызға дейін жеткен. Алайда, сауда көрсеткіштері төмендеп, бұл былтырғы жылдың наурыз айында келген коронавирус жұқпасымен тікелей байланыс-ты екендігі түсіндірілгенде, аймақ басшысы қазіргі уақытта кәсіпкерлердің жұмысына жағдай жасалып жатқанын ескертті. Сондай-ақ, өнеркәсіп өндірісінің көлемі кейбір
аудандарда күрт төмендеп кеткен. Бұл жағынан өңір басшысы аудан әкімдерін сынға алып, жұмысты ширатуды тапсырды.
Биыл Индустрияландыру картасы шеңберінде 2,4 миллиард теңгені құрайтын 4 жоба іске асырылуда, олар ағымдағы жылдың соңғы тоқсанында іске қосылса, 74 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Бұл ретте кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы мен барлық аудан әкімдеріне кәсіпорындардың басшыларымен бірлесе жұмыс істеп, көрсеткіштері төмен салалардың жұмыстарын жандандыру және бағдарламалық жобаларды уақытында тапсыру ескертілді. Ауыл шаруашылығы саласындағы жеке көлем индексі 114,2 пайызды құрап, республика бойынша бірінші орынға қол жеткізілді. Биыл жыл аяғына дейін 92 ет және 17 тауарлы-сүт фермалары іске қосылады деп жоспарланған. Бұл үшін 5,1 мың бас етті және 3,9 мың бас сүтті қара мал сатып алу көзделген. Биылғы жылдың алғашқы тоқсанында 610 бас ірі қара өсірілетін 12 етті және 381 сиыр өсірілетін 3 тауарлы-сүт фермалары іске қосылған. Сонымен бірге, биылғы жылдың алғашқы үш айында өңдеуші кәсіпорындар өнімдері өткен жылғы салыс-тырмалы кезеңнен 18,7 пайызға артқан. Ал, азық-түлік белдеуін дамыту үшін биыл 42 жоба іске асырылып, оған 952,8 миллион теңге қарастырылмақшы. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге облысқа 70 мың тонна көлемінде кепілдендірілген дизель отыны бөлініпті. Ауыл шаруашылығы техникаларының дайындығы да 100 пайызды қамтиды.
2021 жылдың алғашқы үш айында инфляция деңгейі облыста 101,9 пайызды құраған. Жыл басынан бері сәбіз, картоп, нан, ұн, күнбағыс майы, сиыр еті, жұмыртқа, макарон өнімдері мен қырыққабаттың бағасы өскен. Аршалы, Ақкөл, Атбасар, Ерейментау, Зеренді аудандары мен Көкшетау қаласында бірінші қажеттіліктегі 19 түрлі тауардың 13-і қымбаттаған. Сиыр еті бағасының өсу себебін ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері олардың жемшөбінің қымбаттауымен байланыстырады. Бағаны қалыпты ұстап тұруға бағытталған «Көкше» ауыл шаруашылығы өнімдері кешенінің қорына 2021 жылы облыс бюджетінен 431 миллион теңге қаржы қарастырылыпты. Қазіргі уақытта 2343 тонна тауар айналымға шығарылған.
Баяндама барысында білім беру, денсаулық сақтау салалары бойынша да бірқатар мәселелер қозғалды.
Биыл білім беру нысандарына ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге қазынадан 3 миллиард теңге бөлініп, бұл қаржыға 42 мектеп, 6 колледж, 3 балабақша, 6 қосымша білім беру мекемесі, 1 педагогикалық түзету кабинеті жөндеуден өткізіледі. Осы мақсатта әзірше 10 нысан бойынша конкурс жарияланыпты. Денсаулық саласында есептік кезеңде туберкулез ауруы 1,8 есеге төмендесе, қан қысымы жүйесінің ауруларына шалдыққандар 43,4 пайызға артқан, соның салдарынан өлім-жітім 5 пайызға көбейген. Биыл медицина қызметкерлері үшін облыс орталығы мен Зеренді ауданында екі 40-пәтерлі, Щучинск қаласында 60 пәтерлі, Атбасар қаласында 25 пәтерлі тұрғын үй салынып, пайдалануға берілмекші. Ағымдағы жылдың 1 сәуіріндегі мәліметтерге сүйенсек, облыста әлі де 290 дәрігер қолы жетіспейді, олардың 99-ы ауылдық елді мекендерге қажет.
Бұдан әрі мәжілісте қаржы басқармасы басшысының орынбасары Татьяна Белаяның облыс бюджетінің бірінші тоқсандағы орындалу барысы туралы есебі тыңдалды.
–Облыстың даму көрсеткіштеріндегі кейбір кішігірім кемшіліктерді есепке алмағанда, оң қарқынмен дамығанын көріп отырмыз. Былтырғы жылдан бері әлеуметтік-экономикалық салалардың дамуына коронавирус індеті де әсерін тигізбей қоймады, дегенмен, нәтиже жаман емес, – дей келе, аймақ басшысы Ермек Боранбайұлы көрсеткіштері орындалмаған аудан басшылары мен басқарма басшыларына міндеттер жүктеп, жыл соңына дейін жағдайды түзейтіндіктеріне сенім білдірді.
Сонымен бірге, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрлан Атығаев пен ол басқарып отырған ұжым қызметкерлеріне Аршалы ауданын тасқын су қатерінен аман алып қалу барысында кірпік ілмей, тәулік бойы атқарған жұмыстарына ризашылығын білдіріп, көктемгі дала жұмыстары кезінде де өрт қауіпсіздігін сақтау жұмысын бақылауға алуды тапсырды. Бұдан әрі облыстың бас санитарлық дәрігері Айнагүл Мусинадан өңірдегі вакцинациялау жағдайын сұрап білді. Күні кеше облысқа тағы да 2700 доза вакцина жеткізіліпті. Қазіргі таңда облыста 546 адам коронавирустан ем қабылдап жатыр. Осыдан бір апта бұрын бұл мекемелерде 300-ден астам адам емделіп жатқанын ескерсек, өкінішке орай, эпидемиологиялық ахуалдың өршіп тұрғаны байқалады.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.