Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Туристерді тартатын жобалар қолға алынуда - АРҚА АЖАРЫ

Туристерді тартатын жобалар қолға алынуда

Қазақстан Республикасының Президенті – Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсу, реформалар, даму» деп аталатын Қазақстан халқына арнаған Жолдауы туризм саласына да  жаңа міндеттер жүктейді.

Жолдауда әлемнің неғұрлым дамыған отыз елінің қатарына енуін қамтамасыз ететін экономикалық өсім қарқынын қалпына келтіру қажет екендігі айтылған. Осы орайда, біз жеке бастамаларды дамыта отырып, өсімнің жаңа ішкі көздерін ашуға тиіспіз.  Сол көздердің бірі – туризм.  Облыста туризмді дамыту 2020 жылға дейінгі Қазақстан Республикасында туризмді дамыту концепциясы, 2014-2016 жылдарға арналған облыстың туристік кластерін дамытудың жоспары, Елбасының Бурабай курорттық аумағын жүйелі дамыту және жалпы туризмді дамыту туралы тапсырмасының шеңберінде жүзеге асырылуда.
Өңірде 784 туристік ұйым қызмет көрсетеді. Оның ішіне сауықтыру мекемелері, туристерді орналастырумен айналысатын нысандар, жол бойындағы сервистік нысандар кіреді. Статистикалық деректерге сүйенсек, туризм индустриясы көрсеткішінің тұрақты өсуі байқалады. 2010-2014 жылдары Қазақстан Республикасында туризм индустриясының келешегі бар бағыттарын дамыту бағдарламасын жүзеге асыру кезінде келушілер саны 1 миллион адамға жетті. Оның тең жартысы жаз айларында дем алды. Туристік саланың көрсеткен қызмет көлемі 4 миллиард теңгеге жетіп, 2,7 есе өсті. Өткен жылы мемлекеттік бюджетке туристік қызметтен  түскен салық пен өзге де төлемдер 1,2 миллиард теңгені құрады. Сондай-ақ, туристік нысандар саны да көбейді. Бағдарламаны іске асыру барысында облыста туризм инфрақұрылымының 90 объектісі салынса, бірқатары қалпына келтірілді. Сөйтіп, 1 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды.
Щучинск-Бурабай курорттық аймағы туризмді дамытудың негізгі базалық аумағы болып саналады. Жыл сайын мұнда туристік инфрақұрылымның 5-10 нысаны пайдалануға беріледі. Олардың ішіне жоғары стандарттарға сәйкес келетін 5 жұлдызды «Rixos» қонақ үйі, «Қазақстандық Лапландия» ойын-сауық кешені, «Парк Хаус» көпфункционалды конференц залы мен мейманханасы, Пантоемдеу орталығы, «Терасса Парк» мейманханасы және өзгелері кіреді. Республикалық шаңғы базасы, трамплин кешені мен биатлон алаңының құрылысы жүргізілуде. Бұл нысандар көптеген туристерді тартатын және жоғары деңгейдегі халықаралық сайыстарды өткізетін орталыққа айналатын болады. Қазіргі заманғы гольф-клуб құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Облысқа туристерді тарту үшін ойын-сауық кешенін кеңейтуге бағытталған жобалар қолға алынды. Оның ішіне жабық аквапарк пен аттракциондар кіреді. Бурабайда халықаралық ірі іс-шаралар мен ресми кездесулер өткізу үшін көпфункционалды форум – орталық құру көзделген. Бәсекелестікке қабілетті туризмге жоғары қызмет көрсетуді қамтамасыз ететін туристік индустрияны құру барысында облыстың аудандары мен қалаларында туристік инфрақұрылымды дамыту үшін шаралар қабылдануда.
  2015-2017 жылдары облыстың базалық туристік аймақтарында 36,5 миллиард теңгенің 33 жобасын жүзеге асыру жоспарланған. Оның ішіне мейманханалар, демалыс үйлері, емдеу-сауықтыру кешендері мен өзге нысандардың құрылысы кіреді. Нысандар пайдалануға берілгенде бір мың жаңа жұмыс орны ашылмақшы. Ақкөл, Бұланды, Қорғалжын, Сандықтау, Зеренді және Ерейментау аудандарында туристік әлеуеті бар аумақтар игерілуде. Мұнда этноауылдар, қолөнер шеберханалары, қонақ үйлер және сервистік қызмет көрсететін өзге де нысандар салу көзделген. Осы аумақтарды игеру үшін инвестиция тартылмақшы. «ЭКСПО-2017» арнайы халықаралық көрмесін дайындау шеңберінде Целиноград, Аршалы және Қорғалжын аудандарында бес этноауыл құру үшін Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігіне ұсыныс жасалды.
Целиноград ауданының Қаражар селосындағы 40 миллион долларға бағаланған «Этноауыл» мәдени-туристік кешені» жобасы бойынша жауапкершілігі шектеулі «Блэк» серіктестігінің басшылығы инвесторлармен келіссөздер жүргізуде. Бұл мақсатқа облыс әкімдігінің қолдауымен 10 гектар жер телімі бөлінсе, Целиноград ауданының әкімдігі қосымша 20 гектар жер телімін бөлу мәселесін қарастыруда. Өзге жобаларды іске асыру үшін мақсатты гранттар, жеңіл несиелік ресурстардың пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау түрінде мемлекеттік қолдау шаралары мен инвесторлар қажет. Туристерге «Бурабай», «Көкшетау», «Бұйратау» мемлекеттік ұлттық табиғи парктері мен ЮНЕСКО
табиғи мұрасы тізіміне енгізілген Қорғалжын мемлекеттік орнитологиялық қорығының бай табиғи ресурстары, демалыс базалары мен сауықтырудың 300 объектісі ұсынылады. Кластердің мәдени-тарихи сегментінде 900 ескерткіш бар. Олардың ең ірілері мемлекет тарапынан қорғалып, экскурсиялық бағдарламаларда пайданылады.
   Ақмола облысының туристік кластерін дамыту мақсатында табиғи көрікті жерлерге, мәдени-тарихи мұра объектілеріне апаратын көлік жолдары жөнделуде. Елбасының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Қазақстан халқына арнаған Жолдауын жүзеге асыру аясында туризмнің дамуына қуатты база жасайтын көліктік-логистикалық инфрақұрылымды ауқымды дамыту көзделген. Щучинск-Бурабай курорттық аймағының көше жолдары қалпына келтірілуде. ЭКСПО-2017 арнайы халықаралық көрмесінің ашылуы қарсаңында Щучинск-Зеренді, Астана-Қорғалжын көлік жолдарын жөндеу жоспарланған. Облыста Омбы-Бурабай, Алматы-Бурабай, Астана-Бурабай бағыттары бойынша тұрақты теміржол байланыстары бар. Өңірге туристерді тарту үшін Көкшетау қаласының әуежайынан Мәскеу, Алматы, Атырау, Ақтау қалалары бағытында авиарейстер қатынайды. Қызылорда, Ақтөбе, Орал, Ресейдің Омбы, Новосібір, Түмен, Барнаул қалалары бағытындағы ұшақ тасымалын қосымша субсидиялау жөнінде мәселе қаралуда. Облыс әкімдігі Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігіне Бурабай, Зеренді, Қорғалжын аудандарының туристік объектілеріне көліктік қолжетімділікті қамтамасыз ету жөнінде ұсыныстар жіберді.

Шынарбек БАТЫРХАНОВ,
облыстық туризм басқармасының
басшысы

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар