Жылымды негізгі мектебінде жерлес жазушы Сарбас Ақтаевтың 80 жасқа толуына орай әдеби-шығармашылық кеш болып өтті.
Салтанатты жиынға мерейтой иесімен бірге Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, жазушы Қойшығара Салғарин, «Қазақ әдебиеті» газетінің редакторы, жазушы Жұматай Шаштайұлы және басқа да зиялы қауым өкілдері қатысты.
Жылымды негізгі мектебінің аға тәлімгері Маржангүл Әзімжанованың ұйымдастыруымен өткен кеште Аружан Жылқыбай, Назерке Наурызбекова, Гауһар Орынбаева, Диана Роот, Мақсат Мұхамбетжан өз өнерлерін ортаға салып, әсем ән мен жырдан шашу шашты. Ал, 9 сынып оқушысы Гүлнәр Бексұлтан «Мектебім – алтын ұям» атты монолог оқып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Кенжебай Тұрысбеков Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Қайырбай Төреғожаның мерейтой иесіне арнаған өлеңін оқыса, Арайлым Есжанова жерлес қаламгер Сарбас Ақтаевтың өмірбаяны мен шығармашылық жолына кеңінен тоқталды.
Арай САҚТАҒАНОВА,
Жылымды негізгі мектебінің мұғалімі.
Зеренді ауданы.