Ыстық тамақ мәселесі толық шешілмей келеді

Облыстық мәслихаттың әлеуметтік мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясының кезекті отырысында облыс мектептерінде оқушыларды тегін ыстық тамақпен қамтамасыз ету жайы кеңінен сөз болды.

  Келешек ұрпақтың дұрыс өсіп-өнуі үшін сапалы, әрі құнарлы  астың тигізер пайдасы қаншалықты маңызды екені айтпасақ та белгілі. Өкінішке орай, оқу жылы кезеңінде оқушыларды тегін ыстық тамақпен қамтамасыз ету мәселесі облысымыздың біраз аймақтарында кенже қалып отыр. Бірінде мектептегі асханалар заманауи талаптарға сай келмесе, енді бір білім беру мекемелерінде балаларға құнарлы ас әзірлейтін кәсіби аспазшы мамандар жоқ. Облыс мектептерінің 60 пайызында ғана қолында аспазшының дипломы бар мамандар еңбек етеді. Бұл проблемалық сұрақтар аталмыш комиссия мүшелерінің өңірлерге сапары барысында анықталған екен.
Облыстық мәслихат депутаты Әнел Ерденованың тұрақты комиссия отырысында келтіріп өткен деректеріне сүйенсек, облысымызда 11554 оқушы мемлекет қаржысы есебінен тамақтану құқығына ие. Оның ішінде 6704 бала ауылдық жерде тұрады. 483 мектеп шәкірттерін ыстық тамақпен ұдайы қамтамасыз етіп отырса, 88-інде балалардың тамақтануына арналған шағын буфет жұмыс істейді. Ал, Астрахан ауданындағы екі мектепте бұлардың бірі де жоқ.
Сонымен қатар, мектептердің сапалы ауыз сумен жабдықталуына да баса мән бергеніміз жөн. Себебі, онсыз балаларды тамақтандыру жайлы әңгіме қозғаудың өзі екіұдай пікір туғызады. Комиссия мүшелері мәжіліске келген аудан әкімдерінің орынбасарларын осы жағына көбірек мән беруді өтінді. Мәселен, Ақкөл ауданында 22 мектеп орталықтандырылған су құбырына қосылған болса, үш мектепке су сырттан әкелінеді. Минск орта мектебі де осылардың қатарына жатады. Судың жоғы аздай, мектептің төбесі де күрделі жөндеуді қажет етіп отыр.
Осы сынды тағы да басқа мәселелерге қаныққан облыстық мәслихат хатшысы Дулат Нұрмолдин облыстық білім басқармасының басшысы Балым Ізбасароваға түйткілді сұрақтарды шешудің тиісті жоспарын жасауды тапсырды. Бұл орайда, шалғай жатқан ауылдық мектептердің де жағдайын назарда ұстау қажеттігі ескертілді.   

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар