Майдангер журналист

Қазақ халқы үшін «Отан», «Туған жер», «Атамекен» ұғымы қашан да биік! Азаттық жолында, Жеңіс жолында талай қаһармандарымыз жанын пида етті.

Бұның бір көрінісі 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы. Жан-жақтан жиналған әртүрлі ұлт өкілдері жалғыз ғана Отан деген асқақ ұғым үшін зұлым жаумен ерлерше күресті. Бұл зұлмат жылдар әсіресе, қазақ халқына ауыр тиді. Соғыс зардаптары әрбір шаңырақтың берекесін алды. Тарих қойнауындағы осы жылдарды еске алмайтын ұрпақ кемде-кем. Алайда, бұл майдан адамзатты ұлты мен дәстүріне, діні мен тіліне бөлінуден ада етіп, тұтастық пен ортақ мүддеге шақырды. Қан майданның ортасында болса да, ерлікті, қаһармандықты серік еткен батырлар көп. Оларды туған жерге деген сағыныш қана емес, Жеңіс таңының арайы, ұшқыны да жігерлендірді. Біз білетін сондай майдангер қаламгерлердің бірі, Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінің алғашқы редакторы Әбу Айзахметов.
Әбу Айзахметов бұрынғы Көкшетау облысы Рузаев ауданының Мұқыр ауылында дүниеге келген.1934 жылы Қызылжардағы қазақ педагогикалық техникумын тарих және қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бо-
йынша бітірген. Еңбек жолын ұстаздықтан бастаған атамыз, 1938 жылдан бастап Рузаев аудандық «Еңбек» газетінде қызмет атқарады. Қаламының қарымдылығымен көзге түсіп, бір жылдан кейін «Сталин туы» (қазіргі «Арқа ажары») атты газеттің тұңғыш редакторы болып тағайындалады. Бұл газет 1917 жылы Сәкен Сейфуллиннің «Тіршілік» газетінен бастау алды. Араға жылдар салып, атауы да өзгеріп отырды. Жаңадан ашылған газеттің басшылық қызметіне тағайындалып, оның өркендеуіне күш салу – үлкен іс. Бұл тек айрықша қабілетті ғана емес, қажыр-қайрат пен ерен еңбекті де қажет етті.
Ә.Айзахметов Ұлы Отан соғысына 1942 жылы шақырылып, I Украина майданында, 25-танк корпусының 111-бригадасында саяси жетекші болды. Соғыста көрсеткен ерлігі үшін бірінші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен және бірнеше медальдармен марапатталды. Соғыстан кейін де журналистік қызметінен алыстамады. Ерейментау аудандық «Еңбек туы», «Прогресс» газеттерінің шығуына үлкен үлес қосты. 1966 жылдан бастап Целиноград облыстық «Коммунизм нұры» («Арқа ажары») газетінде тілшілік қызмет атқарды. Әбу атамыз тек қаламы жүйрік журналист қана емес, ақын да еді. 1960 жылдарда жазған «Ыбырайға», «Көкшетау», «Ініме» сияқты көркем туындылары соның дәлелі.
Мен бүгін білім берсем он балаға,
Он бала жүзге берсе, кем бола ма?
Аз ғана жылдар өтіп, білім шіркін,
Жайылып кетер еді-ау, кең далаға! –
деп қазақ жастарының көзі ашық, көкірегі ояу болғанын қалады, болашақ білімді жастардың қолында екенін баса айтты. Ақын көңілі бірде «Көкшетауым» деп туған жерді жырласа, енді бірде қоғамдағы өзекті мәселелерді қозғап, еркін ойларға тізгін береді. Бүгінде бар саналы өмірін ел игілігіне арнаған атамыздың есімі ұмытылған жоқ. Өз ғұмырын қашан болсын, халқына адал қызмет еткен майдангер журналист – Әбу Айзахметов 1981 жылы өмірден өткенімен, ұрпақтары, оны білетін өзге де адамдар, қаламдас әріптестері есімін құрметпен атап, айтып отырады.
Мақпал БАТТАЛОВА,
Иманжүсіп Құтпанұлы орта мектебінің 11 сынып оқушысы.

Жібек жолы ауылы,
Аршалы ауданы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар