Келбетіңе кіршік түспесін деп алаңдаймын!

Ішкі туризмді дамыту өзекті мәселеге айналғалы қашан? Бір ғана Бурабай мен Зерендінің төңірегін шиырлай бермей, табиғаты тамылжыған өзге өңірлердің де мүмкіндігін барынша пайдаланып көрсек ше? Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев туризм тақырыбын қаузаған бір сөзінде: «Туризм барлық дүниежүзілік экономиканың 10 процентін құрайды. Бұл – өте үлкен көлем. Бізде өте аз әлі. Біз енді 2025 жылға дейін экономикамыздың 8 процентін туризмнен аламыз деп отырмыз. Ол үшін өте көп жұмыс істеу керек. Рухани жаңғыру мәселесі, «Нұрлы жол», инфрақұрылым, барлығы осыған байланысты. Қазақстанда да көретін, баратын жерлер өте көп. Даланың, таудың өзі басқа елдер үшін өте қызықты. Көрсете білуіміз керек» деген болатын.

І. Жер сырбазы – Сандықтау! Бәсі кімнен кем түсер?!

Шынында да ата-бабадан мұра болып қалған ұлы даланың мүмкіндігі ұлан-ғайыр. Қазір адамдардың таным-түсінігі өзгерген. Ертеректе күміс көлге шомылып, торқадай жұмсақ топырағында, құрақ көрпедей жұмсақ құм үстінде көсіліп жатуды демалыс деп есептейтін алыс-жақыннан ат ізін салатын шетелдіктердің көзқарасы да түбегейлі жаңғырған. Қазір олардың Алаш мақтан ететін, аруақ қонып, нар шөккен киелі мекендерді, тылсым сырды ішіне бүккен тарихи орындарды аралауға аңсары ауып тұрады. Ұтатын жеріміз де осы.
Үзіліп түскен моншақтай көгілдір көлдер мен қолдың саласындай ақ қайыңдар көмкерген көгілдір Көкшетауды есіне алған кез-келген адамның тілінің ұшына ең алдымен ауасы дертке дауа – Бурабай мен мәңгі жасыл қарағайлардың Отаны – Зеренді ілігер еді. Дау жоқ, көркем екендігі, бал татыған суы мен саф ауасының шипа екендігі де рас. Аз күн демалсаң, құр атқа мінгендей қунап шыға келетінің де белгілі. Ал, сырлы да нулы, көркем суреттей келісті Сандықтау ше?! Сандықтаудың мерейін асыру үшін алдыңғы аталған курортты аймақтарды кемітуден аулақпыз. Шын мәнінде мыңдаған табанның астында тозып бара жатқан өзге курортты аймақтардай емес, бұл өңір әлі тұмса, бұла күйінде.
Табиғат кестелеген көркем суреттің әсеріне көңіл тоғайта алмаған адам бір жотадан соң бір жотаға шығар еді. Бір-бірімен қойындасып, жалғасып жатқан жоталардың етегі сансыз кәусар бұлақ. Ту етектен басталған, өрлей біткен, биікке жарыса жүгіргендей қайың-терегі, қарағайы аралас ит тұмсығы өтпейтін қалың орман туған жердің тылсым сырын табиғи шымылдықпен көлегейлеп, өкпек жолаушының жанарынан қорғап тұрғандай. Мың сан өсімдігі қаулап өскен, аумағы ат шаптырым алқаптар ше? Көруге көз керек, түсінуге түйсіктің терең болғаны ләзім. Сөз арасында Сандықтау атауының шығуы туралы да бір ауыз айта кетелік. Ел есінде сақталған аңыз былай дейді. Есте жоқ ескі заманда сұлу өлкенің сымбатына сұқтанған зұлым сиқыршы осы өңірді мекендесе керек. Тау етегіндегі қалың елдің ішінде ай десе аузы, күн десе көзі бар хас сұлу бұлғақтап бой жетіпті. Сымбатты қызға көзі түскен сиқыршы ел көзінен таса жерде бас салып ұстап әкетеді. Түйенің өркешіндей бір-біріне жалғаса біткен жотаның бірінде тұтқын қып ұстапты. Ел жігіттері сұлуды іздеп атқа қонған. Үміт үзбей іздеген. Сұлу қыз қамалған үңгірге енді-енді жеттім дегенде, зұлым сиқыршы оларды тасқа айналдырып жіберіп отырған. Шынында да Сандықтаудың әр жотасының етегінде кәдімгі сандыққа ұқсас тастар толып жатыр. Көптігінен көз сүрінеді. Әрқайсысының пошымы әртүрлі. Үлкені де, кішісі де бар. Көне заманда шөккен түйедей дөңкиіп жатқан сандық тастардың түбінен мөлт-мөлт етіп бұлақ ағып тұрған деседі. Әлі де ағатындары бар. Бірде сиқыршы жігіттерді сиқырлап тастағанын ұмытып кетіп, сандық тастың іргесіндегі бұлақтан су ішеді. Білетіндер айтады, ол бұлақ емес, тасқа айналған жігіттердің көз жасы. Нақақ жанның көз жасын ішкен адам оңа ма, сиқыршының өзі түйе тасқа айналып кетіпті. Әлі тұр. Мынау жарық дүниеде «күн астында жүргенмен, күрсінуге себеп көп» демекші, өкіндіретін, опындыратын жай аз ба? Бәлкім дана табиғат адам баласын зұлымдықтан бездірмекші болған шығар. Бездіремін деп Түйетас тәрізді табиғи мүсін ескерткішті орнатқан шығар. Аңыздың соңы әдемі аяқталады. Хас сұлу сиқыршы тас мүсінге айналған соң үңгірден босап шығыпты. Бірақ елге келмеген, сырлы Сандықтаудың көк мұнарлы белдерін, көк арайлы көлдерін аралап жүр деседі. Тағы бір аңызда сиқыршының алтын толы сандығы сансыз жотаның бірінің астында көміліп қалыпты дейді.
Осындай аңызға толы, ақ қайыңы жарқырап, ақ бұлағы сарқырап жатқан Сандықтау ауданының көлемі 6,4 мың шаршы километр. Автомобиль жолдарының ұзындығы 777 шақырым. Оның 68 шақырымы республикалық маңыздағы, 135 шақырымы облыстық маңыздағы жолдар. Аудан аумағынан Жабай, Сарқырама, Жыланды, Ащылы, Атыжоқ, Қоңыр өзендері өтеді. Новоникольск, Жақсы-Жалғызтау, Құмдыкөл тәрізді тұщы суы мөлт-мөлт етіп жатқан, балығы тайдай тулаған шалқар көлдері бар. Балықтың жиырмадан астам түрі өрістейді. Жыл сайын көктемде асып-тасып жататын Жабай өзеніне Сарқырама мен Ащылы өзендері келіп қосылады. Түйіскен аңғарлары құтты қалы кілемдей.
Бұл өлкенің бір байлығы – ну орман. Орман көлемі шамамен 70,8 мың гектар. Орманды алқап ауданның солтүстік бөлігінде орналасқан. Жеміс-жидекке өте бай. Қара қарғаның миы қайнайтын шілдеде қалың шөп арасындағы жидек ат тұяғын қып-қызыл етіп бояп тастайды. Құстың жүзден астам түрі мекен етеді. Орман ішінен марал, қасқыр, түлкі, тиын, қоян, суыр, борсық тәрізді аңдарды жиі кездестіруге болады. Ертеректе аю да мекен еткен екен. Аудандағы көнекөз қариялардың айтуына қарағанда, Сандықтаудың ең соңғы аюын 1897 жылы Рябухин деген аңшы атып алыпты.
Қазіргі күні Сандықтау қонақ күтуге қауқарлы. Ауданда 13 қонақ үй жұмыс істейді. Туған жердің табиғатымен, төл тарихымен таныстыруға, таныстырып қана қоймай, тынығуға біршама мүмкіндік жасалған. Жоғарыда аталған қонақ үйлерінде 200 адамға шақталған орын бар. 22 қоғамдық тамақтандыру орындары жұмыс істейді. Мұндағы туризмнің негізі мәдени-танымдық, емдеу-сауықтыру, іскерлік, спорттық бағыттарда. Айталық, ұлы даланың өткен тарихына бойлауға құмар адамдарға ел қорғаған ерлердің ерлікке толы іздері қалған жәдігерлерді ұсына алар еді. Мәселен, Арқаға аты шыққан Шамай батыр жөнінде. Шамай батыр Кенесары ханның соңынан ерген, бар ғұмырын ел азаттығы үшін күреске арнаған туған жердің тұлғалы перзенті. Батырдың ерлігі туралы ел ішінде аңыз көп. Кіндік қаны тамған жер де осы Сандықтау. Топырақ та осы жерден бұйырыпты. Маралды орманының ат төбеліндей ашық бір алқабында, Новоникольск елді мекенінің жанында жерленген. Осындай ердің бірі – Кенжебай батыр. Жастайынан ат арқасына қонып, ел ісіне араласқан батыр Кенесары, Наурызбайдың жасағының құрамында ұлт-азаттық көтерілісіне қатысқан. Оның ерлік істері туралы атақты Мәшһүр Жүсіптің «Мес» жинағында баяндалады. Туған жердің топырағын қорғап, ерен ерлік көрсеткен ер 1884 жылы өмірден өткен. Бейіті Меньшиковка селосынан алты шақырым жерде. Кейін ұрпақтары басына белгі тас қойған. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Сандықтаудың сайын даласындағы сансыз жотаның бауыры дәл осындай тұнған тарих.
Ауданда жол бойындағы қызмет түрлерін жақсарту біршама жақсы жолға қойылған. 2016 жылы жеке кәсіпкер Б.Қанафин екі қабатты «Қанағат» қонақ үй кешенін салып, пайдалануға берді. Бұл жерде 50 адам емін-еркін дем ала алады. Қонақ үйдің жанында кәдімгі қазақтың киіз үйі пішіндес бес үй салынған. Сыртқы нақыш қазақы өрнекте, іші де жергілікті ұлттың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпына сай жабдықталған. Ас мәзірі де көне заманның дәмі тіл үйіретін керемет тағамдарынан түзілген. Құмы жібектей жағажайда дем алып, бауырын жарқыратып балық аулай аласыз. Көгілдір мұнарға тұмшаланған сансыз жоталарды аралап, саф ауасымен тыныстап, табиғатпен тілдесуге мол мүмкіндік бар. Іргеде алпыс екі тамырыңдағы қанды ойнатып, жаттығу жасайтын спорт алаңы бар.
Бұл өлкенің ең басты мүмкіндігі – қысқы туризм. Оған табиғаттың өзі барлық жағдайды жасап қойған. Іске асыра алмай жатқанымыз да сол. Әйтпесе, ең биік нүктесі 626 метр болатын, ұзақтығы ондаған шақырымға созылатын жоталардан тау шаңғысы жолдарын жасап қоюға әбден болар еді. Алғашқы ұмтылыс та болған. Осы бағыттағы жобаға 60 миллион теңге қаражат бөлінген. Бірақ, бұл аздық етері сөзсіз. Жекелеген кәсіпкерлер осы бағытта талпынып-ақ жатыр. Айталық жеке кәсіпкер Ф.Асадов 15 миллион теңгеге «Каспий» дәмханасын ашса, Максимовка елді мекенінде іскер азамат В.Закусилов «Провинция» дәмханасын салып, пайдалануға берген. 2019 жылы «Мажор» демалыс орталығы іске қосылса, Сандықтау селолық округінде 100 орындық «Достар» дәмханасы келушілерге есігін айқара ашты. Бірақ, мұның барлығы аздық етері даусыз. Жалғыз дәмхана салумен ішкі туризмнің терезесін өзгелермен теңестіре алмайтынымыз ақиқат. Талай жердің дәмін татып, суын ішкен, сәні мен салтанатын көрген, сан қырлы қызметіне көңіл тоғайтқан талғампаз туристердің көңілінен шығу үшін ас-суы ғана емес, жатын жерлері де бүгінгі заман талабына сай болуы қажет емес пе? Ақсап тұрғаны да осы. Өткен жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша қыруар қаражат бөлініп, ауданның елді мекендері айрықша ажарға бөленді. Міне, осындай ұрымтал кезде туризм тақырыбын ескерген де ел экономикасы осы саладан түсетін қаржымен толыға түсер ме еді.
–Алдағы уақытта бұл саланы дамытуға бар күш-қуатымызды жұмсайтын боламыз, – дейді аудан әкімі Ербол Жүсіпбеков, – ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Біз, қазақ халқы, ұлы тарихи тұлғалардың ізбасар ұрпағы екенімізді ешқашан ұмытпауымыз қажет. Ата-бабаларымыздың рухын туризмнің озық үлгілері арқылы дәріптеуіміз керек. Біз салалық мемлекеттік бағдарлама қабылдадық. Ол толыққанды жүзеге асатын болса, туризмнің ішкі жалпы өнімдегі үлесі 8 пайызға жетеді. Сырттан келетін туристер саны 9 миллион ал, ішкі туристер саны 8 миллион адам болады. Ал, туризм саласында жұмыспен қамтылғандар санын 650 мың адамға жеткізу керек. Туризм өте күрделі сала. Оған тиісті мамандар керек. Сол себепті біз туризм мамандарын дайындайтын университет ашу қажет деген шешім қабылдадық» деген болатын. Егер туризмді дамыта алсақ, табыс түсумен қатар аудан халқын да жұмыспен қамтуға әбден септігі тиер еді. Біздің өңірде туризмнің аңшылық бағытын дамытуға да үлкен мүмкіндік бар. Қысқы туризм түрен түспеген соны соқпақ.
Сөз соңын түйіндей келе, Бурабайға құйылып жатқан мол қаржының шөкімдей бөлігі Сандықтау тәрізді сұлу өлкеге бағытталса екен деген ел тілегін еске салғымыз келеді. Тусырап жатқан сулы да нулы даланың пешенемізге жазылған несібесін көруге хақысы бар ғой.

ІІ. Аты Қопа болғанмен, қорысы жоқ көл еді

Омырауына сексен көлден моншақ таққан көрікті Көкше өңіріндегі суы азайып, тайызданып келе жатқан көлдің бірі – Қопа. Алдағы уақытта көл табанында жылдар бойы жиналып, тау-теңіз болып жатқан шөгіндіні тазартып, көлге құятын қос өзеннің бойымен келетін күл-қоқысты азайтсақ қана тұншығып жатқан тіршілік көзі ақ айдынға айналар еді.

Облыс орталығының солтүстік батыс жағында теңіз деңгейінен 223 метр биіктікте орналасқан Қопа көлі тананың көзіндей жарқырап жатыр. Сөзбен жаттандылау сурет салып, жарқырап жатыр дегенімізбен, жалпы аумағы 13 шақырымды құрайтын, тереңдігі 3 метрге жуық көл табанын толайым қорыс басқалы қай заман. Мамандардың айтуына қарағанда, лай қабатының орташа деңгейі 2 метрден асып кеткен, кей жерлеріндегі баттасқан лай 6 метрге дейін жететін көрінеді. Көктемде қызыл су жүрген кезде, Шағалалы су қоймасынан су ағызған сәтте онсыз да қорыс басқан көлге жыл сайын орта есеппен 20 мың текше метрге жуық шөгінді түседі екен. Енді қорысқа айналмасқа, батпақ болмасқа не шарасы бар?! Шөгінді көл түбіндегі бұлақ көздерін де бітеген. Ертеректе көлге қарай бұрқырап аққан бұлақ атаулыны жағалауға салынған тұрғын үйлер мен ғимараттар бітеп тастаған. Табиғи судан толықтыру болмаған соң жағалау жылдан-жылға алыстап бара жатыр.
Қопаның суы мөлдір, терең, көркем кезін көргендердің айтуына қарағанда, 1955 жылы 59,2 миллион текше метр шамасында болған көлдің жағалауы әнтек тарылып, 1990-шы жылдары 26 миллион текше метрге жеткен. Құрғақшылықтың және жерасты суларының көзі бітелуі салдарынан көлдің құрғап қалу қаупі туған соң ХІХ ғасырдың аяғында Шағалалы өзенінің арнасын бұрып, Қопаға бағыттау туралы шешім қабылданыпты. Әйтсе де, бұл шешім де көл суын молайта алмады. Ескі өзеннің ізі, аңғар сорабы Краснояр ауылының жанында әлі де тайға таңба басқандай көрініп жатыр. Мамандардың айтуына қарағанда, көлдегі су деңгейінің төмендеуі 1960 жылдардың ортасында орын алған екен. Тек арада 10 жыл өткен соң ғана солтүстік жағалауға шағын бөгет салынып, бұрын сай-саланы қуалап ағып жатқан көктемгі қар суы көлге құйылып, деңгейі 60-80 сантиметрге дейін көтеріліп, құтқару мүмкін болған. Ең көп зардап шеккен кезең 1950 жылдардың еншісінде екен. Осы жылдары тың игеру кезінде егін еккен алқаптардан эрозияның салдарынан жойқын шаң көтеріліп, ұшқан топырақ көл табанында тұнып қалған. Оған дейін суы ішуге жарамды болыпты. Көл табанының тереңдігі 16 метрге дейін жетіпті. Табиғат жанашыры, «Балық аулаушылар қоғамдық бірлестігі» республикалық ассоциациясының директоры Жеткерген Әбдиевтің айтуына қарағанда, шаянның азаюы да ластануға әсер етеді екен. Көнекөз қариялар бір заманда Қопа көлінің балығы таудай тулап, шаяндары жағаға шығып жатушы еді деп тамсанады.
–Көлде балықтың он шақты түрі бар, – дейді Жеткерген Әбдиев, – тұқы, көксерке, шортан, алабұға, мөңке тәрізді. Зерендідегі балық питомнигінен уылдырық әкеліп, көлге жіберу арқылы балық қорын молайтуға тырысудамыз. Ресейден де жеткізілетін балық тұқымдары бар. Бұл арада мынадай бір ерекшелігін айта кетуге болады. Ең алдымен Қопаға суыққа барынша төзімді балық түрлері керек. Санкт-Петербург қаласының жанында Онежск көлі бар. 1956 жылы сол көлдің климатын біздің ауа райымен салыстыра отырып, ихтиологтар Қопада өріс жаюы мүмкін балықтардың түрлерін басқа ұрғандай етіп атап берген болатын. Бір өкініштісі, ол балықтардың табиғи өсімі болмайды, тек қолдан ұрықтандыру арқылы көбейеді. Қопаға керегі көлді қамыстан тазалайтын дөңмаңдай мен амур балықтары. Бұрнағы жылы 10 тоннадай ақ амур мен дөңмаңдай балығы суға жіберілді. Шөппен қоректенетін бұл балықтардың тәп-тәуір пайдасы бар. Негізгі мәселе, көлді тазалату төңірегінде ғой. Тазарту үшін алдымен лайын алу керек. Әйтпесе, көлден айырылып қалу қаупі әлі де бар. Көл суын молайтатын табиғи су көздерінің көпшілігі жабылып қалды. Көлді тұнбадан тазарту бағытында талай тәжірибе бар. Алысқа бармай-ақ іргедегі Түмен облысын алайықшы. Оларда көл түбіндегі шірік тұнбаны алып, тыңайтқыш ретінде пайдаланып жатыр. Демек, тазалауға жұмсалған қаражат толайым қайтпаса да, ішінара өзін-өзі ақтауға септігін тигізеді. Қопа көлінің түбіндегі шөккен шірікті бау-бақшаға пайдалануға әбден болады. Өйткені, ол экологиялық жағынан таза, ұзақ уақыт сумен жуылған, кәдімгі құм сияқты үлпілдек зат. Әрине, тазалау барысында көлдің астын тақырлап тастаудың қажеті жоқ. Бұл көлдің суы ауыз су ретінде пайдаланылмайды ғой. Ең бастысы, облыс орталығының халқы дем алатын көрікті орын болар еді.
Маманның айтуы қисынға келетін тәрізді. Көл суының ластануына іргесіндегі ел тірлігі де әсер етіп жатыр. Өткен ғасырда көлге тым жақын салынған ескі үйлер әлі тұр. Қар суымен бірге барлық лас заттар көлге құйылады. Демек, тұрғын үйлер мен көлдің арасында ешкім шекарасын бұзбайтын бір жолақ болуға тиісті.
Асылында Қопа көлінің суының ластануы кеңес заманынан басталды. Көлге құйылатын Шағалалы өзенінің бойына Зеренді, Сандықтау аудандарының шаруашылықтары мал, шошқа қораларын тым таяу салған болатын. Қызыл су жүрген уақытта мал фермаларындағы бар қоқыс осы өзен арқылы Қопаға келіп құйылды. Ол аз болғандай, жағалауына ну қамыс өсіп, көлді балдыр басып кетті. Санитарлық-экологиялық жағдайдың ушығуына көлге құятын Қылшақтының ластануы да өз әсерін тигізуде. Өткен жылдар ішінде мамандар өзен арнасын өсімдіктен біршама тазартты. Жаңа жоба әзірленіп, жүзеге асырылды. Бұл экологиялық жоба 5 учаскеге бөлінген болатын. Қуатты техникалардың қатыстырылуымен, екі мың текше метрге жуық қоқыс шығарылды. Суасты өсімдіктерін шабатын арнайы техника да алынды. Су көзін тазалауға ұтымды деп есептелінетін Беларусь технологиясы қолданылды. «ЛК-12А» құрылғысымен суасты шөбі шабылды. 2009 жылы көлді тазартудың тағы бір жобасы дайындалып, тендер өткізілді. Тендердің жеңімпазы болып Германия компаниясы танылды. Бірақ, кейін бұл жұмыс сұйылып кетті.
–2011 жылы жобалық-сметалық құжаттама жасалып, облыстық бюджеттен 90,6 миллион теңге қаражат бөлінді, – дейді облыстық экология департаментінің бас маманы Мария Дербасова, – 2012 жылдың 5 қазанында жобалық-сметалық құжаттама 90 пайыз дайын болды. 2014 жылы көл табанындағы қорыстың 6 миллион текше метрден 7,5 миллион текше метрге жетуіне байланысты құжаттамаға ішінара өзгеріс енгізілді. Әйткенмен жоба қаражаттың жоқтығынан ұзақ уақыт жүзеге асырылмай қалды.
Көлді сақтап қаламыз десек, енді осы жобаны жүзеге асыру керек-ақ болып тұр. Сонда ғана Қопа қала тұрғындарының игілігіне жарар еді. Әзірге жыл сайын жылға қуалап ағатын қызыл су қоқысқа қарық қылып тұр.
Байқал БАЙӘДІЛОВ,
журналист.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар