Облыс тұрғындары отандық QazVac вакцинасын ала бастады

Жуырда облысқа қазақстандық QazVac вакцинасының алғашқы легі жеткізген болатын. Кеше бұл екпені алғашқылардың бірі болып облыс әкімінің орынбасары Қанат Ыдырысов, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыс жөніндегі проекторы Ғалым Байтоқ және бірқатар ведомство басшылары алды.

Коранавирус жұқпасына қарсы вакцина алар алдында олардың әрқайсысы әдеттегідей дәрігердің қарауынан өтті. Денсаулықтарына жақпайтын, кері әсер ететін белгілері болмағандықтан, олар екпе алу кабинетіне барды.

–Мен бүгін QazVac вакцинасының бірінші бөлігін алдым, алда 21 күннен соң екінші бөлігін алуға келемін. Коронавирусқа қарсы екпенің шыққанына біраз уақыт болғаны белгілі, бірақ мен отандық вакцинаны алуға бел будым. Былтырғы жазда аты жаман індетке мен де шалдыққан едім, өте қатты ауырдым, айығып кеткеніме қуандым. Бұл өте ауыр өтетін індет, нәтижесі қалай боларын тіпті болжай да алмайсың. Сондықтан, алдын ала күтініп, екпе алған дұрыс. Қараңыздаршы, елімізге батпаңдап кіргелі бұл індет қаншама адамның өмірін қиып кетті, әлемде қаншама жан көз жұмды. Осындай ауыр індеттің куәгері бола тұра, мен бірден вакцина алуға бекіндім. Бұл –ауруды жеңудің бірден-бір жолы, –деді Ғалым Байтоқ.

–Осыдан жарты жыл бұрын мен және менің отбасым дүниені дүрбелеңге салған COVID-19-бен ауырды. Сондықтан, медициналық көрсеткіштерге сәйкес тиісті уақыт өткеннен кейін мен де вакцина алуға келдім.  QazVac вакцинасына келер болсақ, бұл біздің отандық ғылым мен медицинаның ең басты жетістіктерінің бірі. Жұқпамен ауырмау үшін барлық отандастарымды екпе алуға шақырамын, –дейді облыс әкімінің орынбасары Қанат Ыдырысов.

Жоғарыда аталған азаматтар екпе алған Ақмола облыстық көпбейінді ауруханасында екпе пункті ағымдағы жылдың 1 ақпанынан бастап жұмыс істеп келеді. Осы күнге дейін мекеме қызметкерлерінің 45 пайызы коронавтрусқа қарсы вакцина алыпты.

– QazVac – коронавирусқа қарсы инбелсенді вакцина. Ал, ресейлік «Спутник V» вакцинасы мен отандық өнімнің қайсысының тиімділігі зор екендігін салыстыру әлі ерте. Себебі, вакцина алған адамдардың иммунитеті бірден қалыптаспайды, оған медицина қызметкерлері біршама уақыт өткен соң ғана баға береді. Қазіргі уақытта біз тек вакцина арқылы ғана аталған ауруды жеңуге күш салудамыз. Осы жұмыс басталғалы жүргізілген зерттеулерге қарағанда, жастардың бойында вакцинадан кейін індетке қарсы иммунитет тез қалыптасатын көрінеді, – деп түсіндірді мәселенің мәнісін аурухананың жанындағы амбулаторлық-емханалық көмек қызметінің басшысы Райхан Мұқатова.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар