Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Тәуелсіздік тағылымы - АРҚА АЖАРЫ

Тәуелсіздік тағылымы

Тәуелсіздік!
Теңдік!
Еркіндік!
Азаттық!
Осынау ұлы ұғымдар адамзат баласының жарық дүниеге жанарларын қадай қарағандарынан бермен қарайғы кезеңдерде алағай да бұлағай дәуірлер қойнауында қолға оңайлықпен түсе қоймай сандалтқан, сарылтқан арманды аңсары болмап па еді! Бодандықтың бұғауы, теңсіздіктің теперіші мол темір ноқтасы қазақ жұртын көрдей қараңғылық пен рабайсыз надандықтың құрсауында қаумалай қыспақта ұстап, қарға адымнан әрі асырмай, мамырт тірліктің митың қимылын қамыт етіп кигізгендігі ақиқат еді ғой.
Дамбалының балағынан биті домалап, самайы-нан сіркесі сорғалаған сормаңдай жұрт шәйт десе жусап, тәйт деп өретіндей өлімші хал кешіп келгендігі кешелер ғана емес пе еді. Бодандықтың шырғалы бауын қос қолдап ұстаған билік сенің оқып-тоқығаныңды, күрескерлік рухыңды, жарқын күндерді армандай білген асыл үміт, тілегіңді топшысынан қиып, құлдық қамытын сыпырып тастауға селқос пиғылды танытудан танбапты. Баяғы бабалардың бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара білген алмас семсерлі, асыл қасиеттерін сана біткеннен өшіріп, саңылаусыз соқырлықтың сорақы соқпағына салып қойып, сүліктей сорып, сыртыңнан торып, теріске айдап бақпап па еді.
Бірақ, тегі таза, тіні мығым ұрпақ ұлылығынан мүлдем кіндік үзбепті. «Оян, қазақ!» ұраны қалғып-мүлгіген қазақия даласын дүр сілкіндіріп, төңкеріп тастамаса да, қараңғылықтан надандық тозаңын бірте-бірте аршып, азаттық таңына қарай талпыныс-бұлқыныс болмай қалмаған. Сол жолда солақай соққылар сұлатып салып жатса да, жанкешті жұрт ілгерілеуден, ірілене түсіп, ірге бекітуден танбады.
Тәуелсіздік жолы қаншалықты соқтықпалы, тайғақ, соқпақты болса да, қазақ жұрты осы бір аяулы да арайлы күнге қол жеткізді. Қанды-қасапты қырғын болмаса да іштей іріленіп, толғағы жетіліп піскен тарих ендігі жерде тәуелсіздік тізгінін қолымызға ұстатпай тұра алмады.
Тарих кез-келген империяның азуын айға білегендігіне қарамастан, күйреп, тас-талқан болып күрейтіндігін дәлелдеген. Сол дәлелді аксиома СССР аталған алып мемлекеттің де тоз-тозы шығып, дәуір шаңдағына оралғандығын паш етті. Қырық жамаулы ұлттар мен ұлыстар ендігі жерде еріксіз темір ноқтаға бас сұғуды қаламайтын қарсылықта еді.
Біздің қазақ жұрты да өзінің көп ұлттылығына қарамастан, өз тәуелсіздігін жария етті. Содан бері де ширек ғасыр уақыт өтіпті. Өткен кезеңдердің бәрі де жақсы, жайлы, жаман-жайсыздығына қарамастан, тұтас тарих еншісіне кетті. Ендігі мәселе сол кезеңдерде жасалған ұлылы-кішілі қадамдарымызға ғылыми тұрғыдан баға беріп, өз орнына орнықтырмаққа керек. Кемісін, жетістігін, табысын, артта қалысын әділ таразылауға тиіспіз.Ол алдағы ғұмырымызға сабақ үшін керек. Бір қайталаған кемшілікті екінші рет қайталасақ, тарих кешірмейді. Өйткені, уақыттың даму қарқыны өгіз тарантасты қазақи мимырттықты көтермейді. Көш соңына қалдырып кетеді. Егер тап сондай кепті кие қалсақ тарихтың кері айналмас алып доңғалағы астында қалып, топырақты тозаңға айналарымыз ақиқат.
Мен тәуелсіздік тағылымы дегенде қысқа қайырсам да осыларды қадай айтуды парыз санадым. Бірақ, тәуелсіз қазақия қолдарындағы бақыт құсынан қапияда айырылып қалуға тиіс емес деген зор сенімде жүремін. Оның да өз себептері жоқ емес. Ең алдымен Елбасымның сарабдал, салиқалы саясаты осындай сенімге жетелейді.
Сөз соңында сандаған дәуірлерде тек қорлық пен зорлықтың темір талқысына түсіп, тепкіні аз кешпеген қаймана қазағымның келер күндері арайлы, алаңсыз болса екен деп тілеймін. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалар мамыражай мақпал күндері көп болса, ұрпақ саналы, тәрбиелі, туған халқына адал қызмет етер ұлықты ұлан болып жетіле берсе екен деймін.

Төлеген ҚАЖЫБАЙ,
Қазақстан Жазушылар одағы
Ақмола облыстық филиалының төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген
мәдениет қызметкері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар