Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жанымыз жаралы еді... - АРҚА АЖАРЫ

Жанымыз жаралы еді…

Жылда желтоқсан айы туып, Тәуелсіздік мерекесі жақындаған сайын бір жағынан елім үшін шаттанып, қуансам, екінші жағынан өткенімді еске алып, қалың ойға батамын.

Мені жабырқататын жүректегі жара  1986 жылдың желтоқсанында орын алған жастардың көтерілісі.  Ол кезде мен Алматыдағы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының екінші курс студенті едім. Сол күні ел арасында Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы Д.Қонаевтың қызметінен кеткені жайлы  əңгімелер айтылды. Содан тобымыздағы қыз-жігіттер университетке бара жатқанымызда қарапайым киінген бір адам бізді тоқтатып, қаладағы Сəтбаев пен Бейбітшілік көшелерінің қиылысында жастардың жиналатынын айтты. Бұл 16 желтоқсан күні еді. Ол жерде нендей жиналыс болатынын сұрап едік, əлгі адам кездесу патриоттық сипатта дегендей болды.  Бұны естіп алған біз сабақта отыра алмай, сол жерге жетуге асықтық.  Барсақ қазіргі Тəуелсіздік, бұрынғы Брежнев алаңы толған жастар, ине шаншар жер жоқ. Қалың топтың арасына кіріп, мəн-жайды сұрадық. Сөйтсек, олар басшылыққа басқа ұлт өкілінің  келгеніне наразылық білдіріп жатыр екен. Қыстың қытымыр аязына қарамастан, сол барғанымызбен алаңда кешке дейін қарсыласып тұрып алдық. Билік адамдары бізді тоқтатамыз деп біраз əлектенді. Əлі есімде, Үкімет үйінің өкілдері, белгілі ақын-жазушы Олжас Сүлейменов те мінбеге көтеріліп, жастарға басу айтты.
Түнге қарай бізге өңшең студент жастардан құралған тағы бір қалың топ келіп қосылды. Қыстың ызғары қанша тондырып, темір қалқандармен, таяқпен қаруланған қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері ұрып-соқса да олардың ешбірі тарап кеткен жоқ. Сол кездегі қазақ қыздарының жаужүректілігіне қайран қаламын. Бұл наразылық шеруі үш күнге созылды. Алаңға барғанымызбен, оның соңы қуғын-сүргінге ұласып, қаншама бейкүнə жастың өліміне əкеп соғатынын ешқайсымыз білген жоқпыз. Қазіргі күні ел аузында айтылып жүрген өрімдей қыз-жігіттерді қаланың сыртына апарып, тастап кету, бойжеткендерді зорлау оқиғалары, шынымен де, болған. Мен бұл сəтті өз көзіммен көрмесем де, институтта бірге оқыған курстасымның жəбір көргендердің арасында болғанын айтып, зар еңіреп жылағаны əлі күнге дейін санамнан өшер емес.
Ертеңіне барлық жоғары оқу орындарында сабақтар тоқтатылып, студенттерді үйлеріне жіберді. Желтоқсан оқиғасы аяқталғаннан кейін осы іске араласқандарды қудалау басталды. 1987 жылы мені оқудан шығарып жіберді. Содан тек екі жыл өткесін ғана ақын ағамыз Мұхтар Шахановтың араласуымен қайтадан институтқа қабылдандым.  Менің пайымдауымша, жастардан бөлек, бұл көтерілістің басында ұйымдастырушысы болған. Өйткені, қолымызға тиген Лениннің портреттері, ол кісінің «Əр мемлекеттің өзінің басшысы болуы керек» деген сөзі жазылған плакаттар бір күнде жасалатын дүние емес. Оны дайындау үшін кемінде бір ай уақыт кетеді. Осыдан-ақ, көтеріліс жоспарланғанын түсіну қиын емес деп ойлаймын. Сондай-ақ, бұл көтеріліс тек Алматыда ғана емес, еліміздің Шымкент, Жамбыл, Петропавл, Қостанай, Қарағанды, Көкшетау қалаларында да жалғасып, осы өңірлерде де дүмпу болды.
Бұқаралық ақпарат құралдарында бірталай ғалымдар, жазушылар сөйлеп, Желтоқсан оқиғасы қазақ халқының тарихындағы соңғы көтеріліс болғанын айтып жатыр. Оның қаншалықты шындыққа жанасатынын білмеймін, бірақ Желтоқсан оқиғасы расымен де кешегі кеңестік дәуірдің шынжырын сөккен жастардың көтерілісі болды. Қантөгіс арқылы ата-бабаларымыз аңсаған егемендікке қол жеткіздік.
Сол кездегі жастарды нағыз патриоттар деп айтар едім. Бүгінде олардың алды алпысқа таяса, жасы кішілерінің өзі елуден асты. Біразы қазіргі таңда мемлекеттік қызметте, тағы басқа салаларда еңбек етуде. Облысымызда осы азаматтардан құралған «Желтоқсан ақиқаты» республикалық қоғамдық бірлестігінің филиалы жұмыс істейді. Ол ұйымға Желтоқсан оқиғасына қатысушы Төлеген Ерден басшылық жасайды. Облыстық ішкі саясат басқармасымен бірлесіп, білім ошақтарында жыл сайын жастармен патриоттық тақырыптарда  кездесу өткіземіз.  
Кезінде мектепте оқып жүргенімде Міржақып Дулатовтың, Мағжан Жұмабаевтың есімдерін айтуға тыйым салынған кездің өзінде мектептегі Шахмет Төлепов есімді ұстазым оқушыларға сол ақындардың өлеңдерін жаттататын. Мағжанның жалынды жырлары арқылы өзегімізде мықтап қалыптасқан патриоттық рух мыңдаған замандастарыммен бірге мені де сол көтеріліске жетелеп алып барды деп ойлаймын. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде атап өткендей, Тəуелсіздік аспаннан кездейсоқ түсе қалған жоқ, егемендік елімізге жанкешті күреспен келді. Менің ендігі тілерім, Тәуелсіздігіміз мәңгілік болғай. Әрқашан төрімізден бейбітшілік, Қазақстандай ортақ үйімізден береке-бірлік кетпесін!..

Мұрат АСАРОВ,
Шоқан Уəлиханов атындағы
Көкшетау мемлекеттік университеті
кəсіподақ ұйымының төрағасы,
Желтоқсан оқиғасына қатысушы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар