Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Өндіріс тынысы сезіледі - АРҚА АЖАРЫ

Өндіріс тынысы сезіледі

 Кеше облыс әкімі Сергей Кулагин кезекті жұмыс сапарымен Зеренді ауданында болып, бірқатар әлеуметтік-өндірістік нысандардың жұ-мысымен танысты, сондай-ақ, аудан активіне қатысып, жыл бойы атқарылған жұмыстарды пысық-тады және Елбасы Жолдауына орай, алда тұрған міндеттерді  айқындады.

Облыс әкімі алдымен, өңірдегі ірі кәсіпорындардың бірінен саналатын  «Алтынтау–Көкшетау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіндегі алтын айыру комбинатының жұмысына назар аударды.  Бұл серіктестік елімізде алтын өндіретін ірі кәсіпорын. Сондай-ақ, әлемде осы жағынан 20 жетекші кәсіпорынның қатарына еніп отыр. Бюджетке қомақты қаржы аударып, Жолдауда айтылған әлеуметтік мәселелердің де оң шешілуіне зор үлес қосуда. Өздерінің тыныс-тіршілігі жөнінде комбинаттың бас директоры Игорь Когай баяндап берді.
Оның айтуынша, Ақмола облысындағы ең ірі 10 салық төлеушінің қатарына кіретін кәсіпорын 10 жыл бойы бюджетке тұрақты салық төлеп келеді. Жоба бойынша кәсіпорынның қуаты жылына 8 миллион тонна ұқсатылған руда өндіруге жетеді. Өткен жылы 7,8 миллион тонна ұқсатылған руда өндіріліп, бағалы металл көлемі 11,2 тоннаны құрады. Биыл да сол көрсеткіштің үдесінен шығу көзделген. Сонымен қатар,  аталған серіктестік бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында да өзгеге үлгі-өнеге  болуда. Өткен жылы 229,5 миллион теңгенің қайырымдылық және демеушілік көмегін көрсеткен.
Кәсіпорынның бүгінгі бағытына оң бағасын берген облыс әкімі Садовый ауылындағы «Агро Трейд Көкше» серіктестігінің жұмысымен де танысты. Бүгінгі таңда мұнда негізінен, картоп, сәбіз сияқты көкөніс түрлерін өсіріп, сақтаумен айналысады. Осы орайда,  сыйымдылығы 6 мың тонна қойманың өңірдегі азық-түлік өнімдеріне бағаны тұрақтандыруға да тигізіп отырған септігі мол деуге болады.  Себебі, 1600 гектардан астам алқапқа егілген көкөніс қыс бойы арнайы технологиямен сақталып, көктемде аталған өнім түрлері сарқылғанда тұтынушыларға жол тартады. Кәсіпорын қазірдің өзінде картоп өнімін облыс орталығындағы бірқатар сауда орындарына келісі 45 теңгеден жөнелтуде. Осы орайда, облыс әкімі мұндағы картоптың 45 теңгеден босатылып, сауда орындарында 65 теңгеден сатылатынын қатаң сынға алды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Мұрат Балпанға бұл мәселені тез арада шешуді тапсырып,  өйтпеген жағдайда қатаң шара қолданылатынын ескертті.
–Өзімізде шыққан өнімді өзімізге қымбатқа сату ақылға сыймайды. 45 теңгеден сатып алып, 65 теңгеге сату деген не? Облыстан тыс жерлерге мейлі қаншадан сатылса да, облыс ішінде ондайға жол берілмейді. Әрі кетсе,  55 теңге көлемінде болуы тиіс, – деп қадап айтты бұл жөнінде облыс әкімі.
Бұл күні аудан орталығы Зеренді селосындағы бір ауысымда 250 келушіні қабылдайтын жаңа емхананың құрылысы да назардан тыс қалмады. Сметалық құны 1399 миллион теңгені құрайтын емхана жоспар бойынша биылғы жылдың ортасында тапсырылуы тиіс болатын. Алайда, мердігерлердің жауапсыздығынан құрылыс жұмыстары сағыздай созылып отырған жайы бар.
Осы орайда,  нысанда болған облыс әкімі жұмысты ширатып, бөлінген қаржы толық әрі уақытылы игерілмесе, бұл мердігер компаниямен одан әрі жұмыс істеуге болмайтынын  қатаң ескертті.
Сонымен қатар,  облыс басшысы аудан орталығындағы Мәлік Ғабдуллин атындағы орта мектеп пен мемлекеттік жекеменшік әріптестік негізінде ашылған «Аружан» балабақшасында да болды.
Даңқты жерлесіміз атындағы мектепте педагогикалық ұжыммен және 11 сынып оқушыларымен кездесті. Кездесу барысында аудан әкімі Асқар Мұратұлы мен облыстық білім басқармасының басшысы Балым Ізбасароваға жақын уақытта жобалық сметалық құжаттамаларды әзірлеуді  тапсыра келе,  келер жылы білім ордасына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетінін атап өтті.
Ауданға жұмыс сапары соңында облыс әкімі өзінің жеке қабылдауын жүргізіп, әлеуметтік-тұрмыстық мәселелері бойынша келген тұрғындардың сауалдарына құлақ түрді.  Сондай-ақ, аудан акивімен кездесіп, алда тұрған міндеттерді талқылап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы-
на сүбелі үлес қосып жүрген бір топ азаматтарды облыс әкімінің Құрмет грамоталарымен марапаттады.

 

Аслан ОСПАНОВ

Зеренді ауданы.
Суреттерде: «Алтынтау-Көкшетау» кен орнында.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар