Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Сергей салған әндер-ай! - АРҚА АЖАРЫ

Сергей салған әндер-ай!

Сандықтау ауданына ат басын тіреген іссапардың бірінде аудандық мәдениет үйінде болғанымыз бар. Мәдениет ошағына кіре беріп едік, сахна жақтан жанға қуат беретін рухты, сазды эстрадалық ән естілді. Біз де сол әуенге қарай жүре бердік.

Бабалар бұл жерде елін қорғап терлеген,
Батырлар бұл жерде намыс қолдан бермеген.
Жерін қорғап қазақ жауға қылыш сермеген,
Қазақстаным, Қазақстаным!..–
деген жолдары бар «Жаса, Қазақстаным!» әні екен. Әнді орындап жатқан қаракөз қазақ баласы шығар деп ойлаған едік, сөйтсек, жанды дауыспен, ешбір тіл ерекшеліктерін бұзбай шырқап жатқан Сергей Пшеничный есімді орыстың жігіті екен. Кейбір өзге ұлт өкілдері қандай да бір қазақ әнін шырқағанда, төл дыбыстарымызды бұрмалап айтушы еді, мына жігіттің тіл тазалығын сақтап ән шырқағанына риза болдық.
Осылайша қазақтың патриоттық әндерін орындайтын Сергей Пшеничный Сандықтау ауданының орталығындағы Балкашин №1 орта мектебін бітірген екен. Мектепті тәмамдаған соң, Ақан сері атындағы Көкшетау жоғары мәдениет колледжінде білім алыпты. Оқуын ойдағыдай тәмамдап, Бурабай ауданы Қатаркөл ауылындағы балалар лагерінде бір жылдан астам уақыт жұмыс істейді. Содан кейін «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының мүмкіндіктерін ескеріп, әрі туған жерінің мәдени саласына өз үлесін қосу мақсатында туып-өскен ауылына табан тірейді. Осымен алтыншы жыл қатарынан мәдениет үйінің ұжымымен біте қайнасып, бір адамдай еңбек етіп жүрген ол мемлекеттік тілді мектептегі қазақ достарынан үйреніп, меңгергендігін айтты. Облыс орталығында білім алып жүргенінде де дос-құрбылары негізінен, жергілікті ұлт өкілдерінен болған. Қатаркөлде еңбек еткенде лагерьге келетін ауылдың қара домалақтары оның қазақ тілін одан әрі жете меңгере түсуіне көп септігін тигізіпті. Қазіргі уақытта мәдениет үйінде бірге қызметтес болып жүрген достары Бейбіт Асқарбеков пен Әділхан Жақсыбаев та кейбір әндердегі түсінбеген сөздерінің мағынасын түсіндіріп, көмектесіп жүреді. Бейбіт екеуі «Жас сұңқар» дуэтінде патриоттық тақырыптағы әндерді бірге шырқайды. Олардың репертуарында «Алға», «Үш қоңыр», «Ұлы далам», «Әттең тонның келтесі-ай», «Жаса, қазағым!», «Қазақстан» секілді елуден астам әндер бар.
Былтыр кейіпкеріміз «Бурабай толқындары» атты облыстық телевизиялық және халықаралық деңгейде өткен «Жайна, әсем қала – Астана» атты байқауларға қатысып, жақсы жетістіктерге жеткен. Соңғысынан жүлделі бірінші орынды жеңіп алыпты.
– Ата-анам да қазақша сөйлей алады. Менің қазақтың жігіттерімен дос болып, қазақша ән айтып жүргеніме қуанады. Болашақта қазақ қызына үйленсем де, қарсы болмайтын сияқты, – деп күліп қояды бізбен әңгімесінде Сергей. – Төл дыбыстарды дыбыстауда азырақ қиналғаным болмаса, қазақ тілі үйренемін деген адамға қиын емес. Әннің сөздерін жаттағанда да, жолдастарыммен кеңесіп, жаңа сөздердің мағыналарын сұрап, айтылуын, яғни, орфоэпиясын үйренемін. Қазіргі уақытта «Ақмола жұлдыздары» облыстық көркемөнерпаздар байқауына дайындық үстіндемін.
Жанына мемлекеттік тілдегі өрлі де рухты әндерді серік еткен Сергейге алдағы уақытта да шығармашылық биіктерден көріне бер дейміз.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар