Саяси кеңестің жаңа құрамына зор сенім жүктеледі

Өткен бейсенбі күні «Nur Оtan» партиясы Ақмола облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен партияның облыстық филиалының кезекті ХХХІV есеп беру-сайлау конференциясы болып өтті. Конференцияда филиалдың есепті кезеңде атқарған жұмысы қорытындыланып, алдағы кезеңге тың міндеттер белгіленді және саяси кеңес бюросының жаңа құрамы сайланды.

Партияның облыстық филиалының есеп беру-сайлау конференциясының жұмысына «Zoom» жүйесі арқылы қашықтықтан аудандық филиалдардың төрағалары мен мүшелерінен құралған 230 делегат, сондай-ақ, облыстық департаменттер мен басқармалардың басшылары, облыстық мәслихаттың депутаттары қатысты. Облыстық конференциядан бұрын бас-
тауыш партия ұйымдарының және аумақтық партия филиалдарының есеп беру-сайлау жиналыстары мен конференциялары болып өтті.
Облыстық конференцияда партияның облыстық филиалының 2019-2020 жылдары атқарған жұмыстары туралы филиал төрағасы, облыс әкімі Ермек Маржықпаев баяндама жасады. Баяндамада Ақмола облысының өзінің әлеуметтік-экономикалық дамуы жағынан биылғы жылдың бірінші тоқсанында рес-публикада үздік үштіктен көрінгені, 2021 жылдың 10 қаңтарында болып өткен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің және мәслихаттардың депутаттарын сайлау науқаны мен оның алдындағы праймериздің партияның облыстық филиалы үшін жауапты кезең болғандығы атап көрсетілді және Жол картасының орындалу барысына ерекше назар аударылды.
–Жалпы, облыс бойынша партияішілік праймеризге партияның 827 мүшесі қатысты. Депутаттыққа кандидаттар резервіне 495 адам өтіп, олардың 211-і кейін депутат атанып, барлық депутаттар санының 83,7 пайызын құрады. Өңірімізден екі партия мүшесі Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланды, – деп атап өтті өз баяндамасында облыс басшысы.
Конференцияда қоғамдық қабылдаудың маңыздылығы да айтылды. Есепті кезеңде азаматтардан 22 мың өтініш түсіп, оның 62 пайызы тиісті шешімін тапқан. Бұл респуб-лика бойынша үздік көрсеткіш. Сонымен бірге, филиал төрағасы пандемия кезінде қиыншылыққа тап болған жандардың елеусіз қалмағандығын, осы ретте, «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарған» волонтерлердің ерекше еңбек сіңіргенін атап өтті. Аумақтағы партия филиалдарының қолдауымен еріктілер әлеуметтік аз қамтылған отбасыларына 16173 азық-түлік себетін үлестірді. Сондай-ақ, «Біргеміз» республикалық акциясы шеңберінде партия 7 санат бойынша мұқтаж жандарға 50 мың теңгеден көмек көрсеткені белгілі. Осы мақсатта 25 мыңнан астам тұрғынға 1 миллиард 281 миллион теңге қаржы бөлінген. Сол сияқты, жыл басынан бері «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 1200 адам жұмысқа орналастырылды.
Есепті баяндамадан кейін жарыссөзге қатысушылар сөз сөйлеп, партияның облыстық филиалының жұмысын қанағаттанарлық деп бағалады.
–Міндеттерді бөлу кезінде маған жұмыссыздық деңгейін 4,6 пайызға дейін төмендету сеніп тапсырылған еді. Оң өзгерістерді әркім өзінен бастауы керек. Біздің кәсіпорын қыркүйек айында қосымша жұмыс орындарын ашып, жұмыс көлемін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Бұл ретте, «Көкше-Сити 2» жаңа блогын іске асыратын боламыз. Онда 250 тұрақты жұмыс орны ашылады. Яғни, «Новопэк» компаниясында ендігі арада 1600-ден астам тұрақты жұмыс орны болады. Қазіргі уақытта жұмысшыларға арналған жатақхана біртіндеп пайдалануға беріліп жатыр. Жұмысшылардың балаларына арналған балабақша да жуырда іске қосылады, –
деді өз кезегінде «Асыл Арман» серіктестігі директорының орынбасары, облыстық мәслихаттың депутаты Умар Шоназаров.
«Nur Otan» партиясының өңірлік филиалының бақылау-тексеру комиссиясының төрайымы Галина Марченкованың есебі тыңдалып, партия мүшелері атқарылған жұмысқа оң бағасын берді. Бұдан әрі дауыс беру қорытындысы бойынша өңірлік саяси кеңес құрамына 39 адам, ал, саяси кеңес бюросының жаңа құрамына 11 адам сайланды. Конференция соңында облыстың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін орындау барысында жоғары нәтижелерге қол жеткізген бірқатар басқарма басшылары облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар