Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Дамудың бір кепілі – білім - АРҚА АЖАРЫ

Дамудың бір кепілі – білім

Алаштың асқақ рухы, қайсар келбеті  азаттық үшін  күрестердің аласапыранында болаттай шыңдалып, алдаспандай қайралды. Ғасырлар бойы тұмшаланған  қазақтың  өр бейнесі   бір сәтте көмескі тартқан емес. Бодандықтың қамытын киіп,  басқаның қабағына қарайлаған күндерді де бастан өткерді.

Енді біз қыран құстай алысқа қанатымызды қомдап, арайлы күннің шуағына шомылып,  азат елге айналдық.  Аттың жалында, түйенің қомында жүріп, сары ала даласын қорғаған асыл бабаларымыздың  аманат еткен  арманымыз еді, бұл.
Елбасымыздың көреген де, сындарлы саясатының арқасында жаңа замандағы жаңа қазақ елі қалыптасты. Біреуден кейін, біреуден алда болсақ та,  экономикасы өрлеген елдердің санатына қосылуды  мақсат еткен жайымыз бар.  Әрине, қиын-қыстау күндер де, қым-қуыт замандар да алды орайтыны анық. Әсіресе, жаһандағы алпауыттардың арпалысы мен теке тіресі бізге де «көрпемізге қарай көсілуге» қам-қаракет жасауды талап етеді. Бойымызды да, ойымызды да заманның ағымына қарап түзегелі отырмыз.
Мемлекет басшысы, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жақындағы ел халқына арнаған Жолдауы тарихи құжатқа айналды. Елі де, жері де гүлденген мемлекетке айналу үшін жаһанды шарпыған қаржы дағдарысынан жаңа  серпін алуға болатынын атап көрсетті  Елбасы аталған
Жолдауында. Иә, біз тәуелсіздік алғалы  талай теперіштерді бастан өткердік.  Бірақ, ешқашан  шегіншектеп қалғанымыз жоқ. Білек сыбанып алға ұмтылдық. Ол қаракетіміз зая да кеткен емес.  Бүгінде елу елдің санатына кіріп, енді отыздыққа қосылуды мақсат еткен жайымыз бар.
Шикізаттық өндірістен инновациялық экономикаға  өту жөніндегі барлық бастамалардың да көш басында Елбасы тұрғанын білеміз.  Қазіргі дағдарыс қысталаған шақта мұның мәні де, маңызы да зор.  Жолдаудағы жаһандық дағдарыс қауіп қана емес, жаңа белестерді бағындыратын жаңа мүмкіндіктер екенін айтқан сөздері де мұны қуаттайды.
Жолдауда «Ұлы қазақстандық жол» және «Мәңгілік ел» идеялары да ауызға алынды. Ғасырлар бойы өзгенің боданы болып, азаттық алғанына көп бола қоймаса да,  жылдам дамыған елдердің арасынан өзінің орнын айшықтап алу әсте оңай емесін білеміз. Шынында, бұл қазақ елінің өзгеге ұқсамайтын өз дербес жолы екенін паш етеді. Ал, «Мәңгілік ел» идеясының астарында топтасу арқылы біз өркениет биігіне қол созатынымыз анық. Осы биік мақсаттарға ұмтылдыратын белестерді бағындыру үшін дәл қазіргі қаржы дағдарысы кезінде қандай қам жасауымыз керек? – деген сауал да ешкімді бейжай қалдырмаса керек.
Ғылыми-инновациялық жүйе құру арқылы  еліміздің ғылыми әлеуетін дамыту  жайы да Жолдау-да көрініс тапты. Бұл жаңа уақыттың тезін ескеріп, соған негізделген ғылыми жобалар мен зерттеулерге бағыт ұстануды талап етеді. Жаңа экономикалық даму кезеңі  ғылым мен техниканың қарқынды өрге басуымен ерекшеленіп отыр. Қай саланы алсаң да,  жаңа техника мен технология   өндірісті өркендетудің ұйытқысы болып отырғанын көреміз. Басқаны айтпағанда, дамушы елдердің өзі экономикаларын инновацияға негіздеп, дамытуға ден қойған жайы бар. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанның ұстанып отырған индустриалдық-инновациялық даму мақсаты өзінің өміршең екендігін танытты. Бұл бір жағынан әлемдегі жаһандық дағдарысқа қарсы тұру үшін саяси маңызды стратегиялық бағыт болса, екіншіден,  серпінді дамыған отыз елдің қатарынан көріну межесіне қадам басуға да  мол мүмкіндіктер туғызады.
Елбасының экономиканы әртараптандыру жөнінде ұдайы айтатынының астарында осы жайлар жатыр. Себебі, әртарапты даму үдерісіне көшу – өркендеуіміздің басты арнасы, табысымыздың негізгі кілті болмақ. Экономикалық инновация қай тұрғыда дамуы керектігін де Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев биылғы Жолдауында жан-жақты саралап берді. Жалпы, инновация дегеннің өзі  жаңашыл кәсіпкерліктің  бәсекеге түскен жаңалығы іспеттес қой.  Сондықтан, бұл үрдісті жарысқа түскен нарықтық экономика қатысушыларының  ешкімге ұқсамайтын бірегей бет-бейнесі десек те болады.
Неге десеңіз, біз нарықтық экономиканың алғы шарттарын қалыптастырдық. Шикізаттық мемлекеттен жаңа заманға бейімделген экономиканы құрудың қамымен жүрміз.  Ал, инновация жаңалығын басты бет перде етіп, даму көкжиегі ретінде қарауымыздың да жайдан-жай еместігі осыдан болса керек. Бизнестің ошағында жүргендерге  қаратып айтқан сөзінде Елбасы ең алдымен қоржында жатқан қаражатты ел мүддесіне жұмсауға үн тастады. Жекешелендірудің екінші кезеңінде де мемлекеттік иеліктен алынатын нысандарды сатып алуға бастама көтерді. Ешкім бұл қиын кезде тасада қалмауы керектігін ескертті. Ортақ мүдде бәрін елдік іске жұмылдыру тиіс.
Біз үшін бүгін экономикалық қауіпсіздік басты мәселеге айналып отыр. Ұзақ мерзімді басымдықтар арқылы экономиканы инновациялық бағытта дамыту аясында арқаулық ғылыми-техникалық салаларды өркендету маңызды болып табылады. Бізде кемшін дамыған микроэлектроника және нанотехнология, гендік инженерия салалары бойынша зерттеу жұмыстарын жандандыру уақыт талабынан туындайды. Бұған бізде алғы шарттар жоқ дей алмаймыз. Ынта мен ықылас болса, алынбайтын қамал жоқ. Осыдан ширек ғасыр бұрын біз елу елдің қатарына қосыламыз десек, ертегі сиқты көрінетін. Қазір бұл расқа айналды.
Жоғарыда айтқан ғылыми-зерттеу салалары да біздің алар асуымыз болуға тиіс. Жаңа бастамалар экономикаға дендеп енгенде ғана  қаржы дағдарысына да, басқа да қиындықтарға төтеп бере аламыз. Мысалы, қарапайым нарықтың  сұранысындағы  жаңа өнім түрлерін өндіру немесе өндірісті автоматтандыру мен роботтандыру елдің даму көрсеткішін жақсарта түсетіні бар.
Жолдауда білім саласында жаңа заманның талабына сай мамандық түрлерін оқытудың маңыздылығы да аталып көрсетіледі. Әсіресе, әрбір жас техникалық  мамандық алып шығуына мүмкіндік жасалатыны білім жүйесіндегі бетбұрыс десек те болады. Жалпы, білім берудің жаңа үрдістерін енгізуде  біздің Абай Мырзахметов атындағы  оқу орны да көптеген жаңашыл бастамаларға ден қойып отыр.  Қазір 24 – бакалавриат, 7 – магистратура, 3 – әскери кафедра мамандықтары бойынша  білім беріледі. 2010 жылы біз Болондық декларация негізінде 20 жоғары оқу орны енетін университеттер хартиясына қол қойдық.
Университеттің  бакалавриат курстары толықтай «Platonus», «Tamoc» бірыңғай автоматтандырылған  инновациялық-ақпараттық бағдарламалары  арқылы жүргізіледі. Сонымен бірге,  әлемнің  тоғыз елінің, оның ішінде Ресейдің 18 жоғары оқу орнымен байланыс орнаттық. Атап айтсақ,  6 халықаралық грант жобаларына қатысамыз. Олардың қатарында «USAID»,  «CARANA»,  «Global Resources Management» және тағы басқа бизнес-экономикалық білім беру жобалары да  бар.  Біздің студенттеріміз  Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатында, Сыртқы істер министрлігінде, Ұлттық ғарыш агенттігінде және еліміздің ең үздік банктерінде іс-тәжірибеден өтеді.  
Елбасы Жолдауындағы әртарапты экономиканы қалыптастыру, ғылыми әлеуетті дамыту үшін біз де өз үлесімізді қосатын боламыз. Біздіңше, білім беру саласын жаңа заманға лайықтап реформалаудың аса маңызды екендігі және бұл талпыныстар бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет құруға негіз қалайды. Іргелі ел болу үшін барша жұртымыз да жан-жақты сауатты болуы керек. Ол жай ғана сауаттылық емес, озық ғылыми технологияларды меңгеруге қабілетімізді жеткізетін білім деңгейі.
Әлемнің  көші ұзақ, қиырына да көз жетпейді. Ал, қазақ елі сол көште өзінің болмысымен айшықты орнын алып, алдыңғы лектен көрінсе, бұл  бабалар аманат еткен асыл арманымыздың орындалғаны болар еді. Лайым сол шуағы да мол, қуанышы да жетерлік күнге жеткізсін.

Сағынтай Елубаев,
Абай Мырзахметов атындағы
Көкшетау университетінің президенті,  
облыстық мәслихаттың депутаты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар