Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қамқорлық – ортақ қажеттілік - АРҚА АЖАРЫ

Қамқорлық – ортақ қажеттілік

«Жасыл орман» шипажайы әлеуметтік бағыт ұстануда

Бүгінгі күні ел арасында, әсіресе, ардагер қариялардың аузынан «курортқа бару қайда-а-а» деген сөздерді естіп қаламыз. Бұл жергілікті атқамінерлердің немқұрайлылығынан, жұмысты жүйелі ұйымдастыра алмағандығынан туындаған білместік.

 

Қоғам өз азаматтарын, бірінші кезекте жасы еңкейген жампоздарын ешқашан назардан қалыс қалдырмайды. Жуырда Бурабайдың темір жол бекетінен жасы сексенді жағалатқан шырайлы бір шалды көрдім. Жүріс-тұрысы ширақ, ғимараттың ішінде жалғыз өзі жүргендей гүрілдеп сөй-лейді. Сәлемімді оқырайып қабылдады да:   
– Оу, осы сен журналист емеспісің? – деді.
Мені әдейі іздеп жүргендей қуанып қалды.
– Әп-бәрекелді. Сен, шырақ, «Жасыл орман» дейтін шипажайға бар. Сонда мынау қоғамымызды қолдарымен құрысқан қариялар жүр. Барлық облыстан келеді екен. Көңілдері көтеріңкі. Бастығы Дүйсенбек Аманжолов жүзі жылы жігіт көрінді. Былтыр да болғанмын. Ісі мығым.
Ойда-жоқта танысқан қызылордалық Әлішер Мәмбетниязов ағам маған қоғамның атынан тапсырма беріп тұр. Сөз арасында Бурабай көлдерінің кешіргісіз тартылып жатқанына, дүңгіршік-дүкендердің біреуінде де «Егемен Қазақстаннан» бастап, қазақ газеттерінің атымен жоқтығына қынжылыс білдіруде. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты үндеуін теледидардан көріп, тыңдаған. Ертеңінде ардагерлеріміз бір-біріне: «Бұрын айтылмаған аталы сөз. Бірақ, ана жерін естіңкіремедім, мына жерін түсініңкіремедім. Қолымызда газет болса ғой» дегенді айтыпты.
Қария «Көкшетау-Қызылорда» по-йызына мінгеннен соң да терезеден қол бұлғап жатты. Мұндай өтінішті жолда қалдыруға болмайтын еді. Қолымда газетім болмағанына өкіндім. Әлішер ағамыз бірінші беттегі Елбасының ақылман жүзіне қарап отырып «Менің назарымдағы басты мәселе – әр қазақстандыққа қамқорлық көрсету. Және бұл қажеттілік болып табылады, өйткені, әлеуметтік мәселелерді шешуге еліміздің барлық азаматтарының өмірі мен күн сайынғы өзін-өзі сезінулері тәуелді» деген  сөздерді риза көңілмен сан қайтара оқитын еді ғой…
Бурабайдың адам қиялындай ирелеңдеген жолдарымен «Жасыл орманға» тез жеттік. Қарағай, қайыңды орманның қақ ортасында 280 орындық екі көп қабатты ғимарат, үлкен хауызы бар емдеу корпусы, екі залдық асхана орналасқан. Шипажай халыққа 36 жыл бойы тынымсыз қызмет көрсетіп келе жатқанымен, әлгі ғимараттардың ине-жіптен жаңа шыққандай әсер қалдыратыны ғанибет. Жанында Шортан көлі мөлдірейді. «Ұйқыдағы батырымен» танымал Көкшетау да таяқ тастам жерде. Осынау табиғи тұтастық пен жарастық адам көңілін жадыратып, мың шипасын молынан шашып тұрғандай.
Айтқандай-ақ, шипажай директоры Дүйсенбек Аманжолов кеңқолтық  азамат болып шықты. Ол ауыл мектебінің мұғалімдігінен бастап, Қазақстан
Республикасы Президентінің аппаратында, Министрлер кабинетінде қызмет істеп, кеденші полковник дәрежесіне дейін жеткен. Осыдан екі жыл бұрынғы Тәуелсіздік күнінде «Көкшетау» мәдениет сарайында омырауына «Құрмет» орденін таққанының куәсі болғанбыз. «Жасыл орманның» тізгінін ұстағанына да он жылдан асқан. Жаңа жұмысына да жаңалық ала келіпті. Шипажайдың өзіне тән ерекшелігі мен мүмкіндігін пайдалана отырып, оның көпсалалы қызметіне әлеуметтік басымдық беру жолында көп еңбектенген. Бұл қозғалыс 2006 жылдан басталған екен. Сол жылы Ақмола облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар департаментімен келісімшарт жасалып, асқазан-ішек жолдары кеселіне шалдыққан 44 адам тегін жолдамамен емделіпті. Ал, 2009 жылы Астана қаласы 151 кісінің қолын ұзартса, Көкшетау қаласы 37 қарияның батасын алды. Тізім осылай ұзара береді. Қариялар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қамқорлық шарапатын тигізгендер қатарында, жоғарыда Әлішер ағамыз айтқандай, барлық облыс-тар бар. Оларға «Қазақстан темір жолы» Ұлттық Компаниясының «Әлеуметтік жобалар қоры», «Қамқор Локомотив» ЖШС, Степногордағы «Подшипник зауыты», Атбасар электровоз жөндеу зауыты, салалық кәсіподақ ұйымдары мен ірі бизнес құрылымдары қосылып отыр.  
Талапқа сай талғамдық сұраныстар да өсе түскен. Мұнда емделушілер мен тынығушыларға қызметтің отыздан астам түрі көрсетіледі. Кіреберістердің барлығына бұдырсыз баспалдақтар (пандус), тіпті лифттер орнатылыпты.
Бурабайдың көшірмесіндей шағын субұрқақ маңында көлеңкелеп отырған апамызға сәлем бердік. Алматының Нарынқолынан келген «Батыр Ана» Ұлбике Мамырханова екен. Кезінде тракторшы, комбайншы болып жұмыс істепті. «Өкіметке ризамын, еңбегімді ескеріп жолдама берді, – дейді ол. Маған шипажай директорының бір тынбайтын орынбасары Намаз Тахмазұлының, өз ісіне тиянақты қарайтын бас дәрігер Шаймерден Кубесовтің, медбике Роза Ахметованың, балшық, тұз және сумен емдейтін Жанар Шекербаеваның, Баян Мәткенованың, массажшы Дмитрий Осиповтың тындырымдылығы, дәрігер Айжан Исинаның қолы жеңілдігі ұнады. Көп жасасын қарақтарым».
Баталы сөзді Ұлы Отан соғысының 2 топтағы мүгедегі, тараздық Нәдір Асатовтың аузынан да естідік. Бурабайға бірінші рет келген ағамыз Көкшенің керемет қойнауын аралатқан, тіпті, әсем Астанаға арнайы саяхат ұйымдастырған шипажай әкімшілігіне алғысын жаудыруда. «Осыларды ұмытпай жаз», – деп жатыр.
Халқымыз «Жас күнімде бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» – дейді. Бүгінгі қарияларымыз уақыттың ағымында, тағдырдың тауқыметінде жүріп ерен еңбектің өнегесін танытты. Елбасының сөзімен айтқанда: «Әлемнің әміршісі – еңбек» екендігін ұғындырды. Қоғамның қуаттылығы мен баяндылығы да осында.
– Ел үшін атқарған жұмысымыз елеусіз емес, – дейді Дүйсенбек Мәшһүрбекұлы. Көп марапаттың ішінен әлемге танымал 8 халықаралық ұйым құрылтайшысы болып табылатын Халықаралық ұлттық бизнес-рейтинг одағының «Сала көшбасшысы – 2013», «Сала маманы – 2013» ұлттық сертификаттарына, «Қазақстан даңқы» орденіне ие болғанымызды бөлектеп айтар едік. Біз алдағы кезде де Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың Бурабай курортты аймағын дамыту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыруда еселенген күш-қайрат жұмсайтын боламыз.

 

Бақберген АМАЛБЕК,
журналист

Бурабай ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар