Облыс әкімі Сергей Кулагин Бурабайдағы «Rixos Borovoe» қонақ үй кешенінде Қазақстан Республикасы Президентінің жыл сайынғы дәстүрлі Жаңа жылдық шыршасына қатысып, бүлдіршіндерді осы бір қызық-қуанышы мол мерекемен құттықтады. Одан әрі Бұланды ауданының орталығында іске қосылған жаңа мектеп-лицейдің ашылу салтанатында құттықтау сөз сөйледі.
Осы күні әртүрлі жан-жануарлардың пішініндегі киім киген екі жүз бала аталмыш қонақ үй кешенінің ішін ғажайып ертегілер әлеміне айналдырды. Шараға облыстың әр аудандарынан жиналған дарынды, жетім, ата-ана қамқорлығынсыз қалған, көп балалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың балалары қатысты. Біз Ерейментау аудандық білім бөлімінің әдіскері Гүлнар Серғазинованы сөзге тарттық. Ол жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған Жандос Тілеубердинов, Тимур Симонов, Бақытжан Әділбек, Жансая
Сейсенбаева сияқты балаларды әкеліпті. Аудан орталығындағы №1,2, Еркіншілік ауылының, Олжабай мен Бөгенбай батырлар атындағы мектептердегі 4-5 сыныптың оқушылары қазақтың ұлттық киімін киіп, қаражорға биін биледі.
«Жібек жолының жаңа жылдық ертегісі» атты жаңа жылдық шара дәстүр бойынша Нұрсұлтан Назарбаевтың балаларды бейнеқұттықтауымен басталды. «Қымбатты балалар! Жаңа жыл жақсылық пен жаңалықтың жаршысы. Сол себепті бәріміз оны асыға күтеміз. Бүгін шырша тойы еліміздің барлық өңірінде өтіп жатыр. Бұл мерекеде бірде-бір бала сыйлықсыз қалмайды. Біз сендердің спортпен шыныққан, сапалы білім алған, рухани толысқан азамат болғандарыңды қалаймыз. Бұл әрбір ата-ананың ғана емес, сүйікті Отанымыз Қазақ елінің қалауы. Қазақстан бұл күнде әлемде бейбіт әрі жасампаз ел ретінде танылып отыр. Оның әлемдік беделін арттыруға өздерің есейгенде үлес қосасыңдер деп сенемін. Өйткені, сендер рухы биік тәуелсіз мемлекеттің зерек те зерделі ұрпағысыздар. Жаңа жыл мерекесі қуаныш әкелсін. Барлығыңа мықты денсаулық, жарқын болашақ тілеймін. Жаңа жылдарың құтты болсын айналайындар» деп атап өтті Елбасы құттықтау сөзінде.
Балдырғандарды Жаңа жыл мерекесімен құттықтаған өңір басшысы өз сөзінде Елбасының тарапынан балалардың сапалы білім, саналы тәрбие алуларына барлық жағдай жасалып жатқанын атап өтті. «Біздің болашағымыз сіздер! Балалардың бақытты болуы үшін қолдан келгеннің барлығын жасаймыз. Аспанымыз ашық болып, еліміздегі ұлт пен ұлыстардың ынтымақтастығы арта берсін. Оқуда озат, еңбекте алда
болуларыңды тілеймін»,– деді облыс басшысы құттықтау сөзінде. Жаңа жылдық ертегі барысында балалардың сүйікті әртістері мен мультфильм кейіпкерлері сомдаған қызықты мерекелік бағдарлама ұсынылды. Шара соңында облыс басшысы балдырғандардың бәріне Елбасының атынан қысқы киімдер сыйлады. Балалар да өз алғыстарын білдіріп жатты. Жаңа жылдық шара балалардың ертегілер әлемі «Лапландия» саяхатына ұласты.
Бұдан кейін облыс әкімі Сергей
Кулагин Макинск мектеп-лицейінің ашылу салтанатында оқушылармен бірге көк лентаны қиып, құттықтау сөз сөйледі. Білім шаңырағының асханасын, технология кабинеті мен мектепке дейінгі шағын орталықтың бөлмелерін аралап көріп, жылумен қамтамасыз ету мәселесіне назар аударды. Мердігерге шағын орталықтың бөлмелеріне қосымша радиатор қою жөнінде тапсырма берді. Мәжіліс залында педагогтар ұжымымен және Макинск қаласының келесі жылғы мектеп бітірушілерімен кездесті. Елбасының Қазақстан халқына арнаған Жолдауынан туындайтын міндеттер жөнінде атап өтті. Бұрынғы мектеп апатты жағдайда болғандықтан, 420 орындық жаңа мектептің құрылысы өткен жылы басталған еді.
1 миллиард 51 миллион теңгеге бағаланған құрылыс жұмыстарын Қанат Темірбеков басқаратын «Темір – 2011» серіктестігі уақытында атқарып шықты. Серіктестік мектепке сыйлық ретінде жылыжай салып берді. Екі телевизор мен шөп шабатын техниканы сыйға тартты. Қазір қазақ тілінде оқытылатын білім шаңырағында 252 оқушы алпысқа жуық мұғалімнен сапалы білім, саналы тәрбие алуда. Мектепке таяу арада 100 оқушы қабылдау көзделген. Келесі жылдан бастап мектепке дейінгі 50 орындық шағын орталық жұмысын бастамақшы. Өңір басшысы мектеп-лицейге «ПАЗ» автобусының кілтін тапсырды. Бұдан соң екінші қабаттағы спорт залында болып, жас спортшылармен әңгімелесті.
Рамазан ТІЛЕУОВ
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.