Кеше облыс əкімі Сергей Кулагин облыс орталығындағы қасиетті Антония приходында болып, рим-католик дінін ұстанушыларды Христостың туған күні Рождество мерекесімен құттықтады.
Рождество – бұл адамзаттың игі істер жасайтын, Жаратқаннан жақсы тілек тілейтін қасиетті мереке саналады. Біздің елімізде бұл күнді барша христиан дінін ұстанушылар атап өтеді. Мерекені православиеліктер жыл сайын қаңтар айында тойласа, ал, католик дінін ұстанушылар үшін аталмыш мейрам желтоқсан айының 25-інен басталады.
Осы орайда, облыс орталығындағы католик шіркеуі де қоғамдағы тұрақтылық пен өзара келісімнің нығаюына зор үлесін қосуда. Өңір басшысы Сергей Кулагин мереке күні шіркеуге жиналған көпшілік қауым алдында құттықтау сөз алып, əр шаңыраққа ынтымақ-бірлік, көтеріңкі көңіл-күй тіледі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында Қазақстанда діндердің өркен жаюына, түрлі ұлттар мен ұлыстардың бейбітшілікте өмір сүруіне тиісті жағдай жасалып отырғанын атап өтті.
Рождество жəне келе жатқан Жаңа жыл мерекесі қарсаңында шіркеуге келіп, жұртшылықты ақ тілегімен бір серпілтіп тастағаны үшін қасиетті Антония приходының священнигі Эрнест Войчех облыс əкіміне шексіз алғысын жеткізіп, естелік сыйлыққа күнтізбе тарту етті. Сондай-ақ, мерекенің нышаны ретінде діни салт-жоралғылар орындалып, дін ұстанушылар Құдайға құлшылық рəсімін жасады.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.