Кеше облыс әкімі Сергей Кулагиннің төрағалығымен өткізілген кезекті әкімдік мәжілісінде өңірдің 11 айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары шығарылып, алдын ала 2015 жылдың нәтижелері сарапталды.,Мәжіліске облыстық мәслихаттың хатшысы Дулат Нұрмолдин, облыс әкімінің орынбасарлары, аудан және қала әкімдері, облыстық департаменттер, басқармалар мен ведомстволардың, мекемелердің, ұлттық компаниялардың басшылары, облыс әкімі аппаратының жауапты қызметкерлері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Алдымен, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Бауыржан Мәлғаждаров «Облыстың 2015 жылдың 11 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелері және 2016 жылға міндеттер туралы» баяндама жасады. Баяндамашы өз сөзінде ағымдағы жылдың 11 айы ішінде өндірілген өнім көлемін тарқатып айтып берді. Толымды табыс та, алдын ала межеленген жоспар үдесінен шыға алмау да бар.
Өнеркәсіпте өндіріс көлемі 281,9 миллиард теңгені құрады. Тауар өнімінің нақты көлем индексі 106,8 пайыз. Бұл – республика бойынша екінші көрсеткіш. Экономиканың серпінді саласы тау-кен өндірісі өнеркәсібінің нақты көлем индексі 99,4 пайызды құрап отыр. Металлургия саласында өңделмеген және жартылай өңделген алтын өндіру көлемі көбейгендігі байқалады. Бұл арада «Алтынтау-Көкшетау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ісі өнімді. Нақты көлем индексінің төмендеуі облыстың сегіз ауданында орын алып отыр. Олар Аршалы, Ақкөл, Шортанды, Жақсы, Сандықтау, Жарқайың аудандары мен Степногорск және Көкшетау қалалары.
Табыс тақырыбын тілге тиек еткенде, 2010-2015 жылдың 11 айында 159,1 миллиард теңгенің 56 жобасы іске асырылғандығын айта кеткен жөн. Осы уақыт ішінде 5,8 мың тұрақты жұмыс орны ашылды. 2015 жылы 37,6 миллиард теңгенің 7 жобасы жүзеге асырылды. Жаңа жобалардың арқасында 617 тұрақты жұмыс орындары пайда болды. Өнеркәсіпте 2015 жылдың қорытындылары бойынша нақты көлем индексі 105 пайызды құрап отыр.
Өткен жылдың табыстарын саралай келе, 2016 жылы атқаратын міндеттер мен жос-парларды да пысықтап алған жөн. Жаңа жылда Индустрияландыру картасының жобаларының іске қосылуын, жоспарлық қуатының игерілуін қамтамасыз ету, экономиканың басым секторы аясында жаңа жобаларды іздестіруді қамтамасыз ету межеленіп отыр. Сондай-ақ, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының жүзеге асырылуын қамтамасыз ету де маңызды. Ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін ұлғайта отырып, азық-түлік өнеркәсібін серпінді дамыту қажет. Ал, металлургия саласында «Райгородок» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі алтын өндірісін, «Қызылту» кен орнының мыс-молибден кендерін өңдеу көлемдерін ұлғайту, химия саласында күкірт қышқылы өндірісін молайту межеленуде.
Ағымдағы жыл ауыл шаруашылығы үшін де біршама жемісті болды. Егіс алқаптарынан айтарлықтай өнім жиналып, Астана қаласы маңындағы азық-түлік белдеуін жақсарту аясында 38,8 миллиард теңгенің 14 жобасы жүзеге асырылды. Қазіргі уақытта 7,6 миллиард теңгенің 8 жобасы іске асырылуда. Жаңа жылда «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» бағдарламаларын жүзеге асыру, мал азығының берік қорын қалыптастыру мен одан әрі жақсарту көзделіп отыр. 2015 жылы инвестиция тарту қарқынды дамыды. Облыс экономикасын дамытуға 170,8 миллиард теңге инвестиция тартылды. Бұл –2014 жылғы деңгеймен салыстырғанда 108,1 пайыз. Дегенмен, Еңбекшілдер, Есіл, Зеренді, Сандықтау аудандары мен Көкшетау қаласында инвестиция көлемі төмендеді. Мемлекеттік бюджетке 77,7 миллиард теңге төленді. Алдын ала жасалған болжам 108,3 пайызға артық орындалды.
2015 жылы экономика салаларында 11467 жаңа жұмыс орындары ашылды. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасын жүзеге асыруға 4,5 миллиард теңге қарастырылды. Қоғамдық жұмыстарға 3614 адам жіберілді. Тұрмысы кедейлік шегінен төмен азаматтардың саны 208 адамға төмендеп, барлығы 502 адамды құрап отыр. Барлық қаржыландыру көздері бойынша әлеуметтік жағынан аз қамтылған 3014 адамға 68 миллион теңге көлемінде көмек көрсетілді.
Бұдан кейін күн тәртібіндегі мәселе бойынша облыстық қаржы басқармасының басшысы Серік Бөлтенов қосымша баяндама жасап, облыс бюджетінің орындалуына, алдағы уақытта ескерілер мәселелерге қатысты жайларға қосымша тоқталып өтті.
Осы орайда, облыс әкімі Сергей Кулагин өңірде қол жеткен жетістіктерден гөрі әлі іске қосылмай жатқан мүмкіндіктерге баса назар аударды. Соның ішінде өзі жуырда ғана тоғыз ауданды аралап келгенін, жергілікті жерлерде экономика мәселелеріне бойлау сын көтермейтінін, жаңа жобалар жеткіліксіз екендігін атап өтіп, жұмысты қайта құру қажеттігіне тоқталды. Аудандардағы өзі көрген жағдайлардан мысалдар келтіріп, жобалардың эстетикалық тұрғыдан нашар орындалатынын сынға алды. Аудан басшыларына іске деген көзқарасты жақсарту жөнінде талап қойып, бүгінгі азық-түлік өнімдері бағасының негізсіз көтерілу мысалдарына ойысты. Мәселен, облыс орталығынан таяқ тастам жердегі Садовыйдан картоптың келісі 45 теңгеге босатылса, қалада ол 70 теңгеге өсіп шыға келеді. Мұндай сорақылыққа ешбір жол берілмеуі керек. Жақын жерден тасымалданған өнім неғұрлым арзан болғаны жөн.
«Есіл» әлеуметтік-кәсіпкерлік» корпорациясынан көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін алынған қарыздар да уақытында қайтарылмауда. Экспортқа ет жөнелтуде де артта қалушылық орын алып отыр. Индустрияландыру картасының іске асырылуы барлық жерде бірдей ойлағандай емес. Егер жергілікті әкімдер шындап кіріссе, алынбайтын қамал жоқ. Бірақ, көп басшылар жұмысты ескіше істейді. Осы жағына тоқтала келе, облыс әкімі жыл қорытындысы бойынша әрбір қала, аудан әкімінен қатаң сұралатынын еске салды.
Бұдан әрі Ақмола облысында қысқы маусымда автомобиль жолдарын күтіп ұстау бойынша қолданылып жатқан шаралар туралы облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бекзат Бекішев, «Қазавтожол» акционерлік қоғамы Ақмола облыстық филиалының директоры Берік Желдікбаев хабарламалар жасады. Олардың сөздерінен облыс жолдарындағы нақты жағдайға көз жеткізіліп, атқарылған шаруа да, шешімін күткен мәселелер де өз көрінісін тапты. Ең бастысы, бұл екі мекеме де жолдардың жөнделуіне, қыста таза ұсталуына айтарлықтай күш салуда. Сондықтан, осы мәжілісте облыс әкімінің көңілінен шыққан жұмыстар да аз аталмады. Дегенмен, келесі жылы Астана-Қорғалжын жолына, Ақкөлден Степногорскіге баратын жолға ерекше назар аударылып, жөндеу жұмыстары одан әрі жалғастырыла түсуі тиіс. Тағы бір баса назар аударатын мәселе биылғы қыстың боран-бұрқасынында жолдардың жабылып қалуына жол бермей, жағдайды тұрақты бақылауда ұстаған жөн.
Әкімдік мәжілісінде Ақмола облысындағы қоғамдық-саяси ахуалдың мониторингі туралы облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Айна Мысырәлімованың хабарламасы да зейін қоя тыңдалды. Онда қоғамдық-саяси өмірдің көптеген тұстарына назар аударылып, жан-жақты баға берілді. Соның ішінде идеология саласындағы Елбасы Жолдауынан туындайтын бірінші кезектегі міндеттер де сараланып, ел ішінде жүргізілген түрлі сауалнамалардың қорытындыларынан мысалдар келтірілді. Бұл сауалнамалар облыста ұлтаралық келісім, қоғамдық-саяси ахуалдың ойдағыдай шешім тауып отырғандығын көрсетті.
Хабарламада 2016 жылға мерзімдік баспасөзге жазылу мәселесі де сырт қалмай, бүгінге дейінгі жағдай нақты пысықталып өтті. Осы мәселені өзінің қорытынды сөзінде облыс әкімі де қолдап, барлық аудан, қала әкімдеріне газет-журналдарға жазылу науқанын ойдағыдай аяқтау жөнінде нақты тапсырма берді. Сөзінің соңында өңір басшысы жиналғандар назарын қалған күндерде бюджеттің кіріс бөлігінің орындалуына және бюджет қаржысының толық игерілуіне тағы бір жете көңіл бөліп, жылды неғұрлым табысты қорытындылауға, сөйтіп, келер жылы атқарылатын істерге берік негіз қалауға бар күшті жұмылдыру қажеттігіне аударды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.