Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Альдиевтер отбасы - АРҚА АЖАРЫ

Альдиевтер отбасы

Әлемде ұлты да, діни сенімі де әртүрлі адамдар бары белгілі. Ал, біздің Қазақстан 130-дан астам ұлт пен ұлыстың құтты қонысына айналды. Солардың бірі – ауданымыздың Күншалған өңірінде тұратын  Альдиевтер отбасы.

Осы отбасының бір мүшесі Башир Альдиевпен әңгімелескенімізде ол ингуш халқының қасіретті тағдыры жайлы айтып берді. Отбасының аға буын өкілінен естіген-білгенін негізге ала отырып, кезінде атақонысынан күштеп көшірілген ұлыстар тағдырына тоқталды. Соғыс басталғанда кеңес немістерінің Еділ жағалауынан, шешендердің, ингуштардың, қарашайлардың, қырым татарларының, қалмақтардың күштеп жер аударылғаны тарихтан белгілі. Олардың әрқайсысы қасірет шекті, көпе-көрінеу жаумен сыбайлас ретінде жазықты болды. Бізбен әңгімесінде Башир Альдиев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Өз тарихын білмейтін, қастерлемейтін халықтың болашағы тым бұлыңғыр» деген пікірін қолдайтындығын жеткізді.
–Ордалы отбасымыздың шежіресі 1944 жылдың ақпанынан басталды. Қуғын-сүргін лебімен жарты миллиондай адам Қазақстанға жер аударылды. Олардың ішінде әкемнің ата-анасы – Хизир мен Лиза Альдиевтер, шешемнің ата-анасы – Японц пен Вахидат Оздоевтар болды. Атамның айтуынша, оларды кісі толы вагонмен тасыған. Оның ішінде жайлы жағдай былай тұрсын, ішіп-жейтін тамақ та болмаған, – деп әңгімесін одан әрі жалғастырды.
Оның ата-әжесі Есіл ауданына қарасты Жақсы стансасында тұрған екен. Сол жерде Баширдің әкесі Магомед дүниеге келіпті. Одан кейінгі ұрпақтары да киелі қазақ жерінде өрбіген.
Тек, 1959 жылы аталары ақталғаннан кейін отбасымен туған жеріне, яғни Кавказға оралыпты. Әкесі мектепті бітіргенде әскерге шақырылған. Екі жылдан астам уақыт танк әскерінде қызметте болған. Кейін Кабаерь есімді бойжеткенмен отау құрады. Алдымен тұңғыштары Башир, сонан соң қыздары Заира дүние есігін ашқаннан кейін өздерінің жүрек қалауымен Қазақстанға Ақмола облысының Ленинский ауылына көшіп келеді.
Жергілікті халық олардың жұмыс тауып, баспаналы болуына ықыласпен  жәрдемдескенін Башир зор сүйіспеншілікпен еске алды.  Осы өңірде оның тағы төрт қарындасы дүниеге келген екен. Әкесі  Магомед Хазирович кеңшарға қоныстанған алғашқы жылдары құрылыста, кейін жүргізуші болып жұмыс істеген. Өз міндетін адал ниетпен атқарғаны үшін ол кісіні бәрі құрметтегенін ұлының әңгімесінен естіп-білдік. Қазір де бойы сергек, жүрісі ширақ көрінеді. Ал, отанасы бүгінде 13 немеренің әжесі атанып отыр.
–Қарындасым Заира өз отбасымен Ресей Федерациясында, ал, қалған бауырларым Қазақстанда тұрады. Бізге қонаққа келгенде өңірдің сұлу табиғатына, мөлдір бұлағына, ну орманына тамсанады. Мен Ингушетияда тусам да, жастық шағым, саналы ғұмырым Күншалғанда өтті. Осы жерден Қазақстан Республикасы шекара әскеріне шақырылдым. Мемлекеттік шекара күзетіне сіңірген айрықша еңбегім үшін сержант шенін иелендім, 1 және 2 дәрежелі  «Шекара қызметінің үздігі» арнаулы белгісімен марапатталдым. Әлі күнге дейін Қызыл тулы Шығыс шекара округінде қызметте болған жылдарымды, сарбаз достарымды мақтанышпен еске аламын, – деді Башир.
Бүгінгі күні осы отбасының тағы бір мүшесі Золотхан ауылдық  клубты басқарып келеді. Ал, Зүлфия осындағы көркемөнерпаздар үйірмесінің белсенді мүшесі саналады.
Альдиевтер отбасының барлық балалары есейіп, басқа өңірлерден өз бақыттарын тапса да, қолдары қалт еткенде Күншалғанға баруға асығады. Себебі, олардың ата-аналары Магомед пен Кабаерь әлі күнге дейін осы ауылда тұрып жатыр. «Бәрімізге бала жастан үлкенді сыйлауды үйретті. Біз де әке-шешеміздің ізін үлгі тұтамыз. Отанымыз Қазақстанда тату-тәтті ғұмыр кешуді жөн көреміз», – деп ой қорытты кейіпкеріміз.
Бірде Ақсуат ауылдық округіне іссапарға барғанымызда бидай алқабының ортасындағы қоршауға көзіміз түсті. Сұрастыра келгенде оның қырқыншы жылдардың екінші жартысында жер аударылған, сырқат пен аштықтан көз жұмған Кавказ тұрғындарының қорымы екенін естідік. Осылайша ешқашан жер бетінде хабарсыз көмілген орын болмаса екен деген түйінге келдік. Әрбір халық өкіліне әрдайым  өзге ұлыстармен бақытты да тату өмір сүруді жазсын.

Раушан НҰРҒАЗИНОВА.

Ерейментау ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар