Ақмола облысы бойынша тексеру комиссиясы білім басқармасы мен оның ведомстволық бағыныстағы 65 ұйымында мемлекеттік аудиттің қорытындысын шығарды.
Аудит нәтижелері бойынша бюджет және өзге де заңнама талаптарының жүйелі түрде бұзылуы, бюджет қаражатын пайдалану тиімділігінің төмендігі, бухгалтерлік есепті жүргізудегі, қаржылық есептілікті жасаудағы, мемлекеттік сатып алуды өткізу ережелеріндегі көптеген бұзушылықтар анықталды.
Мәселен, «Серпін» жобасы бойынша «Еңбек» бағдарламасы тиімді іске асырылмаған, сөйтіп, Қызылорда, Түркістан, Алматы, Жамбыл облыстарынан және Шымкент қаласынан келген 158 студенттің 9-ы ғана жұмысқа орналастырылған.
Күрделі жұмыстары бар 31 жоба ағымдағы жоба ретінде іске асырылған. Оның ішінде 21 жоба Жұмыспен қамту жол картасын қамтиды. Осылайша жоғарыдағы кемшіліктің салдарынан активтердің құнын 607 миллион теңге сомасына ұлғайту қамтамасыз етілмеген.
Зеренді ауданындағы «Шағалалы жоғары агротехникалық колледжі» МКҚК бойынша жалпы сомасы 2,7 миллион теңгеге шәкіртақы мөлшерін ұлғайтуға бөлінген жоғарыда тұрған бюджеттен пайдаланылмаған ағымдағы нысаналы трансферттердің қалдықтарын қайтару бойынша шаралар қабылданбаған. Жалпы сомасы 20 миллион теңгеге жалақының, қосымша ақының және сыйлықақылардың артық төленуіне жол берілген.
«Шағалалы жоғары агротехникалық колледжі» МКҚК және Целиноград ауданындағы Жаңаесіл агротехникалық колледжі» МКҚК-да тиісті лауазымдарға орналастыру кезінде 2 қызметкер ұсынған жоғары білім туралы дипломдардың түпнұсқалығын растамау фактілері анықталды. 2019 жылға 119 миллион теңге сомасында шоғырландырылған қаржылық есептілікті бұрмалау орын алған.
Бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану фактілеріне жол берілді, атап айтқанда «Ерейментау агротехникалық колледжі» МКҚК ғимаратына күрделі жөндеу жүргізуге қаражат бөлместен, 2014 жылы 3,5 миллион теңге сомасына (іске асыру мерзімі өткен), 2019 жылы 5,3 миллион теңге сомасына мемлекеттік сараптамадан өтумен жобалау-сметалық құжаттама екі рет әзірленді.
Ауыл шаруашылығы бағыттары бар колледж-
дерде бидай мен арпаның шығымдылығын төмендету фактілеріне жол берілген. Аудиторлық іс-шараның қорытындысы бойынша білім басқармасына және аудит объектілеріне анықталған бұзушылықтарды жою және бұзушылықтарға жол берген тұлғаларға Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жауапкершілік шараларын қабылдау туралы ұсынымдары мен тапсырмалары бар нұсқамалар мен аудиторлық қорытындылар жіберілді.
Ақмола облысы бойынша
тексеру комиссиясы.