Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ауылдың иті - АРҚА АЖАРЫ

Ауылдың иті

 Оң жақ сауырында жас баланың алақанындай қалы бар қара төбет қарға адым жерді мұң қылған алай-дүлей алапат ақ боранда адасып кетті.  Адасатындай жөні жоқ еді. Әкесі де, тіпті, жеті атасы да осы маң далада ерсілі-қарсылы жортып, қотан қорып, мал бағып нешеме жыл мекен еткен.

 Қара төбеттің арғы атасы жолбарыстың жолын кескен, қасқырды шопақ құрлы көрмейтін апайтөстің өзі еді. Бергі аталары да бірінен-бірі өткен сой-тұғын. Өз әкесі де қасқырдың терісімен қапталған итаяқтан ас ішкен сырттан болатын. Тек соңғы жылдары ғана іргедегі Александровка селосының бұралқы иттерімен шатасып, қаны бұзылды.
Қара төбет қотанын қоритын Шалқар көлінің жел жақ етегін баса қоныстанған Қазақбай ауылы соңғы қазығын осыдан жарты жыл бұрын суырды. Түп-түгел бір мезетте емес, әрине. Әуелі көшіп-қонуға күш-қуаты келетін ауқаттылар ауған. Кейінгі кемпір-шал жылап-сықтап, ата қонысты қимай, бір-бірін қимай біраз уақыт отырды. Болмады ғой. Болмағасын қаншама жыл қоныс қылған ауылдан үдере көшкен. Тек көшкен елдің жұртында қотан қору парызы қанына сіңген қара төбет қана қалды. Ел көшкен соң жұртта қалған сүйек-саяқты талғажау еткен. Тышқаншылап күн көрген. Кеше әуелі алақаншықтанып жаяу борасын басталған бетте құлқыны құрғыр ескі қораның іргесіндегі үйшігінен жетектеп шығарған. Тұңғыш рет адасып кетті.
Қас қылғанда Шалқар көлінің ық жағындағы етек-жеңі жинақы, бақуатты Александровка селосының самаладай жарқыраған жарығын да көре алмай қалды. Көл жағалауындағы ит тұмсығы өтпейтін орманды алқапты тың игеру кезінде иемденіп алған бұл селоға дүниені дүрліктірген дағдарыс келмеген тәрізді. Орманның іші жаз бойы жеміс-жидекке, саңырауқұлаққа сыңсып тұрады. Қу тақырға қоныстанған, күндіз-түні азынаған желдің өтіндегі Қазақбай ауылы тәрізді емес. Қол басындай қанден иттеріне дейін майдан жарылайын деп жүр.    
Қара төбет ақ боранға араласып, бір қап ұнның ішіне салып жіберген жалғыз түйір көмірдей қараңдаған жалғыз ноқат болып қала шетіне іліккен. Мұнда алай-дүлей ақ боран жоқ екен. Ысқырып, ысылдап жел ескені болмаса, ық-панасы мол. Әлден уақытта қара төбет үш қабатты, зәулім үйдің ығында тұрғанын аңғарды. Құлақтары түбінен кесілген қазандай басын сәл көтеріп қараса, екінші қабаттың жап-жарық терезесінен қоянның көжегіндей аппақ бірдеңе даладағы аш төбетке біртүрлі аянышпен мүсіркеп қарайтын тәрізді. Анықтап қараса, ит екен. Кәдуілгі ит. Аппақ жүні үлпілдеп тұр. Мойнына шетіне алтын жіп жүгірткен қарғыбау тағыпты. Қара төбет аузын ашып, аңтарылып қалған. Дәл осы сәтте әлдебіреу темір тегеуірінмен аш бүйірінен соғып өтті. Жанталаса ауыз салмаққа ұмтылып еді, дәрмені жетпеді. Бажайлап қараса, жүндері кереқарыс кавказ иттері екен. Біреу емес, екеу. Екеу болмақ түгілі он болса да күш-қуаты бойында тұрғанда қара төбет қаңғыған кавказдың итіне азу салдырмас еді. Сіңіріне ілініп әзер тұрған соң басынғаны да. Қанша дегенмен арғы атасынан қалған, қан арқылы дарыған қасиеті бар қара төбет қос иттің қақпанынан әупірімдеп құтылып еді, орыстың жуан мойын иттері қуды. Одан әріде ағылшын догы ма, бұл ел көрмеген үндінің жүнсіз, сыптығыр пәлелері ме. Бірінен соң бірі жабылды.
Ақыр-соңында қара төбет қаланың қоныс болмайтындығын ұққан. Қайтадан адыра қалған ауылға кетпек. Ата қоныс. Кім білсін, күндердің күнінде қасқыр терісімен қапталған итаяқпен ас беретін иелері қайтып оралар. Ит болса да қара төбет те ата қонысын аңсап бара жатыр емес пе?
Қара төбет қаладан шыққанда ышқына ішін тартып тағы да ақпанның ақырған бораны басталған. Таң алдында қалың шымылдықтай ауыр, іріген сүттей бозамық тұман түсіп еді. Оң-терісі, бағытының бағдары белгісіз. Қара төбет айдалада адыра қалған ауылын іздеп ақ боранның арасында жортып келеді. Алды бұлыңғыр, тастүнек, қараңғы!..   
Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар