Бүгінде ата-аналар мен оқушылар қауымын алаңдатып отырған басты мәселе – коронавирус салдарынан оқу жылы бесінші тоқсанға, яғни, 19 маусымға дейін созылады деген ақпарат. Алайда, жақында Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов бұл мәселені нақты түсіндіріп берді.
Мектеп оқушылары үшін 2020-2021 оқу жылы 25 мамырда аяқталады. Мұғалімдердің демалыс ұзақтығы да еш өзгеріссіз қалды.
–Білім және ғылым министрлігінің аппараттық кеңесінде 2020-2021 оқу жылында жазғы мектепті ұйымдастыру мәселелері бойынша түсініктемелер берілді. Тиісті бұйрыққа қол қойылып, педагогтарға арналған әдістемелік ұсынымдар білім беру ұйымдарына жіберілді. Барлық мектепте оқу жылы 25 мамырда аяқталады. Сонымен бірге, жазғы мектептер жұмыс істейді. Балалар онда өз қалауы бойынша немесе ата-аналарының өтінішімен 19 маусымға дейін сабақтарға қатыса алады. Мұғалімдердің еңбек демалысына қатысты еш өзгеріс болмайды. Педагогтер әдеттегідей жазда 56 күн дем алады. Барлық жұмыс заң аясында, құқықтық нормаларды сақтай отырып ұйымдастырылады. Біз келесі жылы да пандемияның салдарын ескеруіміз керек. Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы тиісті жұмыс атқаруы қажет, – деп атап өтті Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.