Балалардың бүйрек аурулары алаңдаушылық туғызуда

Балалардың бүйрек функциясының бұзылуы ерекшеліктеріне тоқталсақ, бұл зәрді шоғырландырудың шектеулі мүмкіндіктері, осыған байланысты натрий хлоры баяу шығарылады, бұл ісінудің тез дамуына, сондай-ақ диуретиктерге жоғары сезімталдыққа әкеледі. Егер балалардағы зәр шығару жүйесі ауруларының номенклатурасын қарастыратын болсақ, олар тұқым қуалайтын және туа біткен нефропатияға, бүйрек пен зәр шығару жолдарының ауруларына бөлінеді.

Жедел гломерулонефрит кезінде балалардың денсаулықтарына болжам жасалғанда 90 пайызына ем жүргізу қолайлы деп белгіленеді, тек 4-10 пайызы созылмалы гломерулонефритке өтеді. Жедел қатерлі нефритпен ауырған адамдардың денсаулығына болжам қолайсыздау болуы мүмкін, мұндайда көбінесе бүйрек жеткіліксіздігі мен анемия дамиды. Нефротикалық синдром ақуызға өтетін гломерулалардың базальды мембранасындағы өзгерістерге байланысты болады. Бүйрек түтікшелерінің дегенеративті өзгерістері қайталама болып табылады. Зәрдегі ақуыздың көптеп жоғалуы гипопротеинемияға, гиповолемияға, қанның қоюлануына әкеледі, бұл альдостерон мен антидиуретикалық гормонның шығарылуының жоғарылауына әкеп соғады, ал, мұның өзі өз кезегінде натрий суының реабсорбциясының жоғарылауына әкеледі, онкотикалық қысым төмендейді, сұйықтық тіндерге енеді, үлкен тұрақты ісіну пайда болады. Балалар тез шаршайды, ағзаның инфекцияларға төзімділігі төмендейді. Нефротикалық синдром кезінде гипертония мен бүйрек жеткіліксіздігінің болуы да онша қолайлы емес.
Созылмалы гломерулонефрит келесі формаларға бөлінеді: гематуриялық, нефротикалық және аралас. Гломерулонефриттің аралас түрі қатерлі болып табылады, ол жүрек-қан тамыры жүйесі ауруларына әкеп соқтырады, созылмалы бүйрек ауруына шалдықтырады. Созылмалы гломерулонефриттің барлық аталған түрлері созылмалы бүйрек ауруы-на әкелуі мүмкін, ондайда адамдарда жалпы әлсіздік, ұйқышылдық, қайталана беретін бас ауруы, терінің шырышты қабығының құрғауы, жүрек айну, құсу, аузынан аммиактың иісі шығып тұру секілді белгілері байқалады.
Ауырған адамның беті ісініп, түрі бозарып, сарғыш тартады. Қан құрамында анемия анық көрсетіліп, жоғарылайды, қанның резервтік сілтілігі төмендейді, несепнәрдің деңгейі қан фосфоры жоғарылайды, қалдық азот, натрий, калий, хлор төмендейді. Басында диурез үлкейіп, содан кейін төмендейді. Денсаулығына жасалатын болжам қолайсыз болады. Созылмалы бүйрек жеткіліксіздігі кезіндегі гипертензиялық синдром көбінесе ренин-ангиотензин жүйесінің белсенділенуімен байланысты. Бүйректің диффузды зақымдануы кезінде гипертензияның дамуы бүйрек жеткіліксіздігінің дамуын көрсететін симп-томдардан бұрын болады. Созылмалы бүйрек жеткіліксіздігінің терминалды фазасында тұрақты гипертензия бүйрек тамырларындағы филтрациялық қысымды ұстап, бейімдеп тұруы мүмкін.
Балалардағы созылмалы пиелонефрит сирек жағдайда ғана мүгедектікке әкеледі, бірақ, бүйрек жеткіліксіздігі орташа дәрежеде болса, балаларды мүгедек деп атайды. Пиелонефриттің алғашқы белгілері – бұл түтікшелік функциялардың бұзылуы, азотемия, әдетте, бүйрек функциясының декомпенсациясы соңғы сатыларда қосылады. Бүйрек жеткіліксіздігінің бастапқы кезеңінде бүйрек функциясының өзгеруі анықталмайды. Бірінші сатысында фильтрацияның циркадиялық ырғағы және жеке түтікшелік функция-лары бұзылады (осморегуляция және аммониогенез). Бүйрек жеткіліксіздігінің 2А сатысында – фильтрацияның, концентрацияның және жеке түтікшелік функциялардың компенсацияланған және субкомпенсацияланған қызметтері бұзылады. Ал, 2Б сатыда – сүзілудің декомпенсацияланған бұзылуы және түтіктік функциялардың төмендеуі байқалады. Бүйрек қызметінің бұзылуының 3 сатысында немесе созылмалы бүйрек жеткіліксіздігі туындағанда бүйрек функциясы жаппай бұзылады, мұндайда 16 жасқа дейінгі балалар мүгедек деп танылады. Емдеу тактикасы мен өлшемдері – уақтылы диагноз қойып, аурудың ағымы мен асқынуларына байланысты. Аурудың алдын-алудың бірден-бір жолы – бұл ерте диагноз қою, тиісті емдеу жүргізіп, диспансерлік бақылауда болу. Консервативті емдеудің негізгі міндеті – этиологиялық факторларды жою немесе оларды түзету. Қашанда асқынулардың алдын алу қажет. Балалардағы бүйрек ауруына байланысты мүгедектік белгілерін анықтауда аурудың ауырлығы мен денсаулығындағы қосарласа дамыған басқа да аурулардың болуы үлкен рөл атқарады.

Айсұлу ҚҰРМАНҒОЖИНА,
Ақмола облысы бойынша еңбек,
әлеуметтік қамту және көші-қон
департаментінің бас маманы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар