Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жаңарған өлкенің жасампаз тіршілігі - АРҚА АЖАРЫ

Жаңарған өлкенің жасампаз тіршілігі

Өңірдің Сандықтау, Атбасар, Жақсы және Жарқайың аудандарына барған адам қайнаған шаруаның ортасына күмп ете түсер еді. Қай тарапқа қарасаң да, алға ұмтылған ауыл тұрғындарының берекелі ісін көресіз. Көресіз де үлкен үмітпен қолға алынып жатқан бар шаруаға әбден разы боласыз.

Өткен жылдың соңында «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде Балкашин селосында бірі 36, енді бірі 45 пәтерлік екі көп қабатты үйдің іргетасы қаланған болатын. Шағын аудан үшін бұл көп-көрім жаңалық. Көптен бері тұрғын үйге қолы жетпей жүрген адамдардың көкірегінде үміт отын алаулататын іс қолға алынғаны сандықтаулық әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көп балалы отбасылар мен пәтер кезегінде тұрғандар елеңдеулі. Айтпақшы, сөз арасында ауданда бүгінгі күні пәтер кезегінде 250 адамның тұрғандығын сыналап айта кетелік. Пәлендей көп те емес, құрылыс қарқыны дәл осы жылдамдығынан танбаса, бірер жылдың ішінде түгел дерлік жаңа пәтерге ие болатындығы анық. Аудандық құрылыс, архитектура және қала құрылысы бөлімінің басшысы Николай Деобальданың айтуына қарағанда, құрылыс алаңында жұмыс күні бұрын түзілген кестеге сәйкес іркіліссіз жүргізілуде. Инженерлік жүйе мен абаттандыру – жеке жоба. Осылайша өткен жылы салынып, пайдалануға берілген үйлерді қоса есептегенде, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша бес бірдей көп қабатты үй бой көтеріп отыр. Оған қоса, тағы да 36 пәтерлік жалға берілетін екі көп қабатты үйлердің құрылысы әне-міне басталмақшы. Бөлім басшысының айтуына қарағанда, жоба жүзеге асқан кезде, кезекте тұрғандар түгел тұрғын үйге қол жеткізіп, бұл мәселе біржола шешімін табады.
Ауыл ішіндегі ажарлы шаруаның қыбы осылай түзілсе, жыл сайын ақық дәнді аялап өсіретін егістік алқаптарында еңбек жыры үдей түскен. Диқандар қазір егістік алқаптарды өңдеуді біржола аяқтаған. Бұл өңірдегі толымды табысымен аты шыққан іргелі шаруашылықтың бірі – «Каменка и Д» серіктестігі. Серіктестік 14 мың гектар жерге бидай, арпа, майлы дақылдар екпек. Техникасы сақадай сай әзір. Сапалы тұқымдарын дәрілеу үстінде. Тыңайтқыштары егіс алқаптарына сіңіріліп жатыр. Шаруашылықта екі егістік бригадасы бар. Серіктестік 9 жоғары өнімді кешенмен жабдықталған. Жыл сайын машина-трактор паркін жаңалап отыратын серіктестіктің қуаты күшті. Жоғары өнімді 31 комбайн, 56 тракторы бар. Барлығы соңғы жылдары алынған техника. Осындай күштің арқасында көктемгі дала жұмыстарын уақытылы аяқтайды. Серіктестік директоры Алексей Джейрановтың айтуына қарағанда, биылғы жылы жұмысшылардың еңбекақысын 50 пайызға өсірмек. Ал, жыл басынан бері 25 пайыз өсіріп, төлеп жатыр екен. Бұл қадам ең алдымен ауыл тұрғындарының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға септігін тигізері сөзсіз. Мықты механизаторлар қауырт науқандық жұмыс кезінде еткен еңбектеріне сай толымды жалақы алады.
Атбасар қаласында тұрғын үй салу соңғы жылдары қауырт қарқын алуда. Жаңа шағын аудан пайда болды. Ол жерде 14 бес қабатты тұрғын үй салынды. Жаңа 45 пәтерлік екі тұрғын үй бой көтеруде. Аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Серікбай Қаранағаевтың айтуына қарағанда, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 2025 жылдың соңына дейін 24 көп қабатты тұрғын үй салынбақ. Оның алтауы несиелік пәтерлер, 18-і жалға берілетін тұрғын үйлер. Өткен жылы екі бірдей 45 пәтерлік көп қабатты үйлер пайдалануға берілді. Бұл үйлерден әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көп балалы 90 отбасы жайлы пәтерлер алды. №15 үйдің іргетасы өткен жылы қаланған болатын. Үстіміздегі жылдың қазан айында пайдалануға берілмек, қазіргі күні құрылыс алаңында жұмыс қауырт жүргізіліп жатыр.
Ауданда шағын және орта кәсіпкерлік айта қаларлықтай деңгейде даму үстінде. 2021 жылы жаңа бизнес идеяларды қолдау үшін қайтарымсыз 17 миллион теңге қаражат бөлініпті. Бүгінгі күні атбасарлықтар осы қаржының 10 миллионын игеріп отыр. Бұл дегеніңіз бақандай 10 грант. Грантқа ие болғандардың арасында денсаулық студия-сын ашып, халыққа қызмет етіп отырған кәсіпкер Мадина Ивлоева да бар.
–Мен осындай бір істі бастауды көптен бері армандаушы едім, – дейді кәсіпкер, – енді міне мемлекет тарапынан қолдауға ие болып, ойымда жүрген істі жүзеге асыруға мүмкіндік алдым. Атбасарлық қыз-келіншектер де әдемі, сүйкімді болып жүргенді жақсы көреді. Олар аз уақыттың ішінде менің қызметім туралы құлақтанып, көп-көрім танылып қалдым.
Мемлекеттік қолдауға ие болып отырғандардың бірі – Сәуле Жаңабергенова гүл сатуды қолға алған. Арнайы кәсіптік білімді игеріп, бизнес жоспарын түзіп, 550 мың теңге төңірегіндегі грантқа ие болған. Қазір гүл тұқымдарын сатып алып, өсіріп жатыр. Ақадал еңбегімен гүл жайнаған өлкеде адамдардың бір-біріне гүл сыйлауы да әдемі емес пе?!
Державинск қаласында бүгінгі күні пәтер кезегінде тұрған көп балалы отбасылар жоқ. Олардың барлығы қолайлы пәтерлермен тегіс қамтамасыз етілген. Өткен жылы пәтерге қол жеткізген Әбдірахмановтардың отбасына кіріп шықтық. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша «Молодежный» шағын ауданында 60 пәтерлік көп қабатты тұрғын қайта жаңғыртылған екен. Осы үйден үш көп балалы отбасы, 17 жетім бала, 40 әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген адамдар пәтер алыпты. Әбдірахмановтарға тигені үш бөлмелі, кең пәтер. Тіршілікке өте қолайлы. Көп балалы отбасы қамқорлығына алып, жағдайларын жасаған мемлекетке ақ алғыстарын жаудырып отыр.
Өткен жылы мемлекеттік бағдарлама бо-йынша осындағы Ақпан Үкібаев атындағы орта мектепке 194 миллион теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Білім ошағының іші кірсе шыққысыз болып жайнап тұр. Оқушылардың білім алуларына барлық қолайлы жағдай туғызылған. Бұл аудандағы алғашқы қазақ мектебі. Жергілікті ұлт тілінде тәлім-тәрбие беретін білім ошағының талапқа сай болғаны қандай тамаша?!
Жарқайың ауданындағы Тасөткел ауылы бүгінде бақыт құшағында деп айтсақ, артықтығы болмас еді. Қазір шоқ жұлдыздай шағын ауылдағы әлеуметтік-тұрмыстық жаңарулар көп көңілін өзіне аударып отыр. Мұндай жағдайды осындағы «Темірлан» серіктестігі жасаған. Серіктестік басшысы Ерлан Алин туған жердің топырағын түлетуге аянбай ат салысып жүрген атымтай жомарттың бірі. Ауылдан қоныс тепкен мұғалім, мәдениет қызметкері, малшылар мен диқандар жаңа пәтерлерге ие болуда. Бұрынғы жатақхананы құрылысшылар қалағынан жаңа шыққандай етіп жөндеген. Ол жерде жас отбасылар мен науқандық жұмыс кезінде шаруашылыққа көмекке келетін механизаторлар тұрады. Шалғайдағы шағын ауылдың екі көшесі орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етілген. Барлық әлеуметтік нысандар жұмыс істеп тұр. 1974 жылы салынған мектеп үйін жаңаға бергісіз етіп, күрделі жөндеуден өткізіп беріпті. 2019 жылы серіктестік директоры 100 миллион теңге қаражат бөліп, ескі клубты жөндеген. Қазір тасөткелдіктер бос уақыттарын осы жерде өткізеді.
Кітапхананың іші оқырмандарға толы. Таяуда серіктестік 10 миллион теңгеге балалар алаңын салып бермекші. Алдағы жоспар бойынша «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша келетін жас мамандарға арнап бес тұрғын үй салмақ.
Жан сүйсінтер жақсы іс Жақсы ауданында да аз емес. «Агрофирма ТNК» компаниясының құрамына енетін «Урожайный» серіктестігі бұл өңірдегі ең ірі шаруашылықтың бірі. Төрт бірдей элеватор, екі диірмені, мал азығын дайындайтын зауыты бар компания 2019 жылы астық жармаларын дайындайтын, қуаты тәулігіне 60 тоннаға жететін зауыт салып алған. Бұл жердегі ең бастысы, зауыт өнімдерінің табиғи тазалығы. Бүгінде «Жақсы» бренді өз облысымызды былай қойғанда алыс-жақын шет елдерге де танымал.
Серіктестікте еңбекақы уақытылы төленеді. Жұмысшылардың жұмыс істеуіне барынша қолайлы жағдай туғызылған. Кәсіпорынның мамандары үшін тұрғын үй салынып жатыр. Бір жетіспейтіні – кадр тапшылығы. Әсіресе, технологтар, лаборанттар сұранысқа ие. «Агрофирма ТNК» өзінің сүт өнімдерімен де танымал. Неміс құрылғыларымен әлденеше түрлі ет өнімдерін де дайындайды. Осы арада компанияның қыруар жұмысын айғақтайтын статистиканы да келтіре кетуге болар еді. Мәселен, 2020 жылы олар 2802 тонна сүт, 12 тонна қапталған сүт, 25 тонна ірімшік, 46 тонна консервіленген өнімдер дайындапты.
Жақсы ауылының тұрғындарын таза ауыз сумен қамту мәселесі аудан басшыларының үнемі назарында. 2020 жылы жерасты суларын пайдалануға бет бұрған. Зертханадан өткізген кезде жерасты суларының пайдалануға әбден жарамды екендігі белгілі болған. Таза сумен қамту жобасының құны – 200 миллион теңгеден астам.
Биыл Жақсыда құрылыс қарқыны айрықша сипатқа ие болатын түрі бар. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 18 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы бас-талып кеткен. Мамыр айының соңына дейін 27 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы қолға алынбақшы. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынбақ. Сондай-ақ, аудандық мәдениет үйі мен бірнеше ауыл мектебі күрделі жөндеуден өткізілмекші.
Төрт ауданды көктей өтіп, тыныс-тіршілігімен танысқан шағымызда қайнаған тіршіліктің куәсі болдық. Бұл тәуелсіздік жылдары жаңарған, жасанған өлкедегі жан сүйсінтер игі іс!
Байқал БАЙӘДІЛОВ.
Суреттерді түсірген
Советбек Мағзұмов.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар